АЭС тарихындағы апаттар жағымсыз пікір қалдыруы мүмкін. Алайда...
АЭС саламыз ба, салмаймыз ба, мұны халық шешеді – Халықтық штаб
559
оқылды

Абай облысы Бородулиха ауданында республикалық және облыстық Халықтық штабының мүшелері шаруа қожалығы жұмысшыларымен, кітапхана және аудандық мәдениет үйі қызметкерлерімен, білім беру саласының мамандарымен өткен кездесуде Атом электр станциясы тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ететінін шегелеп тұрып айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

- АЭС тарихындағы апаттар жағымсыз пікір қалдыруы мүмкін. Әрі осы көзқарас атом электр станцияларының дамуы мен кеңеюіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ атом электр станцияларындағы апаттардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына зияны да болды. Мұндай апаттарға мысал ретінде Чернобыль АЭС апатын және Фукусимадағы апатты жиі айтамыз. Жаңа технологияларды әзірлеу көлемді шығындар әкелетіні де рас. Алайда АЭС жаңа технологияларды одан әрі дамытып, жетілдіреді деп сеніп отырмыз. Сондықтан біз болашақ үшін дұрыс шешім қабылдай алуымыз керек», – деп айтты Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев.

Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезініп, оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңызы мен ерекшелігін жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту.

Статистикалық деректер көрсеткендей, көп жылдар бойы атом электр энергиясын өндіру бойынша көшбасшы Америка Құрама Штаттары болды. Ол жақтағы атом электр станциялары жалпы энергияның үштен бір бөлігін өндіреді. Бұл жерде АЭС-ке ең тәуелді мемлекет – Франция. Онда елдің барлық энергиясын өндірудің жалпы үлесіндегі Атом энергиясының үлес салмағы шамамен 70 пайызды құрайды.

Бүгінде атом электр станциялары әлемнің 30-дан астам елінде жұмыс істейді. АҚШ, Франция, Қытай және Ресей – ең ірі ядролық энергия өндірушілердің бірі. Олар өз еліндегі электр қуатының айтарлықтай үлесін қамтамасыз етеді.

Шаруа қожалығындағы жұмысшылар, кітапхана және аудандық мәдениет үйі қызметкерлері және білім беру саласының мамандары АЭС құрылысына қолдау білдіріп, референдумға белсенді түрде қатысатынын айтты.

Халықтық штабтың мүшелері Айнабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті

Халықтық штабтың мүшелері Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылының тұрғындармен кездесіп, атом электр станциясының  маңызын түсіндіріп, азаматтардың сұрағына жауап берді.

«Бұл жағдайды Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Əділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы деп қабылдаған абзал. Өйткені Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дəйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба, мұны халық шешеді»,-деді аудандық халықтық штабтың төрағасы Болатбек Балғабаев.

Атом энергиясын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің бар екенін ескерген жөн.

Тұрғындармен кездесуге аудандық «Достық» газетінің редакторы Нургул Калыкова,  аудандық мәслихат депутаты Ризабек Шәкенұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Молдаханов қатысты.

Атырауда Халықтық штаб дәрігерлермен кездесті

Бүгін облыстық ауруханасында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың  өкілдері  Эльмира Сапарова, Кариполла  Наурзалиев, Фатима Тулеева, Түрікбенбай Нұржігітов дәрігерлермен кездесу өткізді.

 

Штаб мүшелері атом энергетикасының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін түсіндіріп, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында АЭС салудың экономикалық тиімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі және экологиялық қауіпсіздігі жайлы кеңінен талқылады.      

«Атом электр станциялары – бұл елдің болашағы үшін маңызды қадам. Бұл станциялар Қазақстанды тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Еліміздегі уран қоры мол болғандықтан, біз өз ресурстарымызды тиімді пайдаланып, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайта аламыз»,-деді Халықтық штаб мүшесі Наурзалиев Кариполла. 

Одан бөлек штаб мүшелері әлемдік тәжірибе жайында да сөз етті.

- Әлемдік экономиканы атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Жер бетінде өндірілетін барлық электр энергиясының оннан бірі атом электр станцияларында шығарылады. Бүгінде әлемнің 31 елінде 192 атом электр станциялары жұмыс істесе, солардың бәріндегі энергоблоктар саны 451 дананы құрайды. Ядролық энергия көлемі жағынан шығарындылары төмен электр энергиясы өндірісінің көзіне жатады. Ол әсіресе төмен көмір сутекті болып саналады. Атом энергетикасының артықшылықтары өте көп. Соның негізгісі – жоғары тиімділігі және жылу электр станцияларына қарағанда ауаға тасталатын зиянды қалдықтарының жоқтығы. Алайда басты үлкен кемшіліктері де жоқ емес. Егер атом электр станциясында апат бола қалса ядролық отыннан бөлініп шығатын заттар сол маңдағы жер аумағының біраз бөлігін жарамсыз етіп тастауы мүмкін. Тағы бір кемшілігі – өңделген ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу проблемасы,-деді Түрікбенбай Нұржігітов.

 

Еңбек ұжымының өкілдері атом электр станцияларының заманауи технологияларының қауіпсіздік деңгейі туралы ақпарат алып, АЭС-тің ел экономикасына тигізетін пайдасын бағалады. Штаб өкілдері атом электр станцияларының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі мен олардың энергетикалық тиімділігін ерекше атап өтті.