Сарапшылардың сөзінше, елдегі энергия тапшылығы соңғы кезде жиі байқалады екен.
АЭС елдегі энергия тапшылығы мәселесін шешеді – Қазыбек Әлішев
868
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауданына барды. Олар ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен, өндіріс орны ұжымымен кездесіп, АЭС құрылысы  туралы жан-жақты ақпарат  берді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев  Саржансай ауылы тұрғындарымен кездесуде Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды.

-Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы бастамасын ел-жұртпен талқылау үстіндеміз. Осы уақытқа дейін рефрендум бізде тек саяси мәселе бойынша ғана өткізілген болатын. Енді әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша халықтың пікірін тыңдау маңызды. Референдум өткізу арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырамыз,-деді ол.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл тұрғындарына АЭС салудың стратегиялық маңызын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, АЭС энергия тапшылығын шешеді.

 -Соңғы уақытта электр тапшылығы анық сезіле бастады. Біз қазір 100 млрд теңге қаржы жұмсап, өзге елдерден энергия сатып алып отырмыз. Ал оны тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Бұл қарқынмен 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан да  энергия тапшылығын шешуді кейінге қалдыруға болмайды,-деді ол.

Бұдан әрі Штаб мүшелері «АЙС» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесіп, өңірді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орнының болашағын атом энергетикасын дамыту перспективаларымен байланыстырды.

Халықтық штаб мүшелері Мәртөк ауылындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдерімен жүздесті. Кездесуде ауыл ақсақалы Жәдігер Рсалдинов сөз сөйлеп, АЭС құрылысын қолдайтындығын және елдің келешегі үшін өте қажет екенін айтты.

-Тәуелсіз мемлекетіміз қай жағынан да тәуелсіз болу керек. Жалпы еліміздің энергетика саласын дамыту үшін атом электр станциясының құрылысын қолға алынуын құптаймын. Мемлекетіміз мұны әбден зерттеп-зерделеп барып қолға алып отыр. Бұл келешегіміз үшін өте қажет дүние,-деді ақсақал.

Өндіріс үздіксіз электрмен жабдықтауды қажет етеді                                                

 

Ақтөбедегі «Зерде Керамика-Ақтөбе» ЖШС зауытының жұмысы толықтай автоматтандырылған. Өндіріс үнемі электр қуатын тұтынады. Зауыт ұжымымен кездескен  Халықтық штаб мүшелері кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мәселелеріне баса мән берді.

Кездесуде «Ядролық физика институты» РМК жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансеитов атом энергетикасы саласындағы заманауи технологиялардың қауіпсіздігіне назар аударды. Ол қазіргі заманғы үшінші буын реакторларының ерекшелігін және олардың дамыған елдерде табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

-Атом электр стансасы біздің еліміз үшін стратегиялық маңызды жоба. Қазіргі кезде көптеген дамыған елдер атом энергетикасын дамытып отыр. Өйткені ол тұрақты және экологиялық таза энергия көзі. Біз заманауи III буын реакторларын пайдаланатын боламыз. Олар екінші буындағы реакторлармен салыстырғанда екі есе ұзақ қызмет етеді. Олар барлық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Сондай-ақ шығындарды азайтады, жүз жылға дейін толық жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етпейді,-деді ол.

Аймақтағы өндіріс кәсіпорындарының көбеюі және жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап етіп отыр. Мәселен, қыш тастар мен керамикалық плиткалар шығаратын зауыттағы бүкіл технологиялық желі толығымен автоматтандырылған. Өндіріс тәулік бойы жұмыс істейді және үнемі электр қуатын тұтынады.

Кездесуде зауыттың техникалық бөлімінің басшысы Мұхамбет Кенетаев электр энергиясына қажеттілік артып келе жатқанын айтты.

- Біз керамикалық плиткаларды 7 кезеңмен дайындаймыз. Технологиялардың барлығы автоматтандырылған, яғни электр энергиясы арқылы жұмыс жасайды. Өндірісті үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін компания газ поршенді генератор орнатты. Бірақ ол қажетті электр қуатының 80 пайызын ғана береді. Өзге де өндіріс орындары осындай мәселеге тап болуда. Сондықтан да өндіріс орындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін АЭС құрылысы маңызды деп ойлаймын,-деді ол.