Партия мүшелері түрлі аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді.
«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясына 50 мыңға жуық адам қатысты
799
оқылды

Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасып жатыр. Бұл акция жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Акция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өтіп жатыр.

Партия мүшелері түрлі аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар, жол бойындағы аумақтар, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын аудандары. Сондай-ақ белсенділер жағалау аймақтарын, көлдер, жайылмалар мен өзен арналарын қоса алғанда жаппы саны 80-нен астам су объектісін тазартты. Ел бойынша акцияға 50 мыңға жуық адам қатысып, 7 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Түркістан облысындағы партияластар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосуда. Игі іске партия қызметкерлерімен қатар, мәслихат депутаттары, саяси ұйым жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Акция бұл жолы «Гауһар ана» тарихи-архитектуралық кешені аумағында өтті.

«Гауhар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызына арналып салынған кесене. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Қасиетті орындағы бірнеше бұлақ көзінен бүгінгі күнге дейін мөлдір, салқын су ағып тұр. Әйтсе де бізді демалуға келушілердің киелі, тарихи орындарға өз қоқыстарын тастап кетуі алаңдатады. Тарихымызда өзіндік орны бар осы аумақтың тазалығын сақтау – перзенттік борышымыз. Сондықтан осындай тазалық шараларын жиі ұйымдастырып, туристер арасында киелі орындарға жанашырлықпен қарау көзқарасын қалыптастыру қажет», - деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.

Сонымен қатар акция аясында Қостанай облысының бірнеше аумағы қоқыстан тазартылып, Жітіқара ауданында 80 түп алма ағашы отырғызылды. 

«Бау-бақша өсірушілер үшін, күздің алғашқы айлары ең бір жауапты, нағыз белсенді жұмыс уақыты. Кейбір ағаштар мен бұталарды көктем мезгіліне қарағанда, күзде қондыру тиімді. Бүгін партияластармен бірге алма ағаштарын отырғыздық. Туған өлкемізді жасыл желекке бөлеп, тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Ауданымызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс», - деді Жітіқара аудандық мәслихатының депутаты Хаират Дилдә.

Сондай-ақ Алматы қаласында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері 28 панфиловшы гвардиашылар атындағы саябағын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Акцияға 50-ден астам жас қатысты.

«Қоршаған ортаның жай-күйіне немқұрайлы қарайтын демалушылар өздерінен кейін қоқыс қалдырып кетеді. Тазалық – жинаған жерде емес, қоқыс тастамайтын жерде. Акцияға жастардың белсенді қатысып жатқаны қуантады. Біз азаматтарымызды қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға шақырамыз», - деді Алматы қалалық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Кеңесов Әкежан.

Қарағанды облысының Теміртау қаласында QARMET АҚ-на қарасты «Еңбек даңқы» саябағының аумағы тазаланды. Іс-шараға партия филиалының белсенділері, металлургиялық комбинат жұмысшылары мен «Мартен» цехының ардагерлері, Қарағанды индустриалдық университетінің студенттері қатысты. Саябақтың аумағы қоқыстан тазаланып, 25 жас көшет отырғызылды.

Алматы облысындағы партия мүшелері де игі істен шет қалмады. Белсенділер Қонаев қаласының орталық саябағы мен көпқабатты тұрғын үй ауласынан шамамен 8 тонна қоқыс жинады. Солтүстік Қазақстан облысында партиялықтар Новоишим ауылдық округіндегі белгіленген елді-мекендерді тазалады. Акцияға ауыл тұрғындары да белсенді түрде атсалысып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ұқсас іс-шаралар елдің басқа өңірлерінде де өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер мен бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфрақұрылымды жақсарту мен дамыту мәселелерін шешеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.