ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясын жүзеге асыруға қатысты маңызды мәселелер, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраларды сақтауда туындайтын сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды.
Қазақстанның дүниежүзілік мұра нысандарын қорғау мәселесі талқыланды
1,547
оқылды

Абай атындағы ҚазҰПУ-да ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын қорғау бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өткізілді. Жиын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті.    

Іс-шара аясында министр Аида Балаева Абай университетінің басшылығымен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ университет түлектерінің шығармашылық және қолөнер туындылары қойылған мұражайды аралады. Тарихы тереңде жатқан спорт түрі – «Хан Дойбы» ойынына арналған көрмеге ерекше назар аударылды. Министр Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін насихаттаудың маңыздылығына және олардың еліміздің мәдени мұрасындағы маңызды рөліне тоқталып, оларды жастар арасында кеңінен насихаттау қажет екенін сөз етті.

Кездесу барысында Аида Балаева Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңызына тоқталып, бұл кездесу Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген нысандарды қорғау бойынша кешенді шараларды қамтамасыз ету жолындағы басты қадам екенін атап өтті. Ол жұмыс тобының мүшелерін болашақ ұрпақ үшін ұлттық мұраны қорғау мен сақтауға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге және іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Отырыста ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясын жүзеге асыруға қатысты маңызды мәселелер, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраларды сақтауда туындайтын сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды. Қатысушылар қоғамда жиі қолданылатын «бейзатық» және «материалдық емес құндылықтар» терминдері туралы пікірлерін білдіріп, Қазақстандағы мәдени мұра нысандарын қорғау жүйесін жетілдіру шараларын талқылады. Талқылау барысында тарихи және мәдени мұраны қорғау мен дамытуға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылып, қатысушылар осы саладағы озық тәжірибелер туралы пікір алмасты, сонымен қатар алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды.

Іс-шара барысында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау ұлттық комитетінің мүшесі Жанерке Шайгөзова «Абай жолымен» жобасы аясында материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың сын-қатерлері мен кеңістіктері» тақырыбында баяндама жасады. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын ел ішінде де, одан тыс жерлерде де тиімді қорғауға және ілгерілетуге бағытталған тұрақты әрекеттер мен шараларға негізделген.

Жоба аясында елімізде алғаш рет білім беру, ақпараттық-әдістемелік жұмыс және материалдық емес мәдени мұра саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері көтерілді. Тарихи және мәдени мұра саласындағы мамандарды даярлаудың пәнаралық білім беру бағдарламалары әзірленіп, сынақтан өткізілетін болады. Материалдық емес мәдени мұра саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде Қазақстанның Жоғарғы Жібек жолы бойындағы (Сығанақ, Жетіасар, Қаялық және т.б.) айшықты ескерткіштерін зерттеу, реставрациялау және мұражайландыру жұмыстары қарастырылады. Қазақстанның мәдени мұрасын ел ішінде де, шетелде де танымал етуге арналған Абай орталықтарының халықаралық және ұлттық желісі, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени және материалдық емес мәдени мұрасын көрсететін «Цифрлық форматтағы мұра» веб-порталы құрылды. 

«Арнайы топтың жұмысын күшейтіп, оны өскелең ұрпақ арасында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін ұлттық құндылықтарды тиімді насихаттауға бағыттау қажет. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, ұлттық кодымыздың элементтерін зерделеу және оларды дұрыс пайдалану, сондай-ақ ұсынымдар мен нақты ұсыныстар әзірлеу маңызды», – деді министр.

Отырыс соңында ұсынылған шараларды орындау, барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіру және материалдық емес мәдени мұраны қорғау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуде алдағы қадамдар талқыланды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.