Себебі 15 жастағы қыздың құрсағында 4 айлық сәби бар.
Атырауда 15 жастағы қызды өзін зорлаған адамға тұрмысқа берген
743
оқылды

Атырауда оқушы қыз өзін зорлаған жігітке мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан. Қазір 15 жастағы қыздың аяғы ауыр, құрсағында төрт айлық сәбиі бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде оның жанайқайы жазылған хабарлама таратылды. Оның сөзінше, өзін зорлаған жігіттің үстінен арыз жазған. Дегенмен оның туыстары келіп, арызды қайтарып алуын сұрап, ал қызды келін қылып алатынын айтқан. Жәбірленген қыз баланың ата-анасы келісімін беріп, ұзатып шығарып салғанымен, көп ұзамай-ақ жасөспірім барған жерінде талай құқайды бастан кешірген.

Анам қазақылыққа салынып, екі жақ келісіп, мені 15 мамыр күні сол жігітке ұзатты, аяғым ауыр болғандықтан, дәрігерге тіркелуге барғанда, «18 жас жоқ» деп полиция шақырылтылды. Жігіттің үстінен іс қозғаймыз деген, сол кезде енем тергеушілердің артынан жүгіріп, ақша беріп, жалған УЗИ қағазын жасатып, баласын жазадан алып қалды.

Енді мені үйінде ұрып, әбден боқтап, «керек емессің» деп үйіме әкеліп тастады, менің аяғым ауыр, төрт ай. Анам осы жайтты естіп ауруханаға түсті. Олардың туыстары органда жұмыс істейді, сондықтан жігіт жазадан құтылып кете ме деп қорқамын, – деген 15 жастағы қыз.

Атырау Полиция департаменті бұл арыздың назарға алынып, қылмыстық іс қозғалғанын алға тартты. Полиция жәбірленуші қыз баланың өзі бастапқы кезеңде тиісті сараптамадан өтуден бас тартқан, бұл жайт қылмыс құрамын анықтауды қиындатқанын алға тартқан.