Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары аясында Президент алдымен түгел түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Біз – бірлігі мығым,  ұстамды әрі еңбекқор халықпыз
614
оқылды

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандары мен бірқатар кәсіпорындарға атбасын бұрып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды талқылады.

Жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көріп, жергілікті зиялы қауым­­мен және Қазақстан халқы ас­самблеясының мүшелерімен жүздесті. Мұнда «Қоғамдық келісім» мекемесі, об­лыстық Қазақстан халқы ассамблея­сы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Ана­лар кеңесі, Медиа­ция кеңесі және ай­мақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкіл­діктері орналасқан.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңі­рі­нің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жас­тарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүр­ген ардагерлерге алғыс айтқым ке­ле­ді. Ең алдымен, жастарға қолдау біл­діруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырт­тан ке­летін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақ­сы біле­сіздер. Түркістан облысын­да 50 ұлт өкілі тұрады. Ауыз­бір­шілікті сақ­тау және елімізді дамыту жолын­да­ғы ерен ең­бек­теріңізге ризашылық біл­діремін. Қазақстанда ешқашан еш­­­­қандай фобия болған емес, болмай­ды да. Біз – бірлігі мы­ғым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бас­тысы – осы. Сондықтан ынты­ма­ғы жарасқан қоғамның ір­гесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі күні Түркістан ескі мен жаңаны үйлестіре аз күнде адам танымастай түрленіп, көрікті, таза қалаға айналып үлгерді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері болған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мем­лекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

Президент қаладағы Мұз сара­йын да аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Герма­ния, Финляндия елдерінде шы­ғарылған қондырғылар орнатыл­ған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айды­нында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спорт­шы­лармен кездесті. Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі. Кездесу барысында жергілікті Turan Tigers хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына коман­даның жейдесін сыйға тартты. Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталы­ғын­да «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атын­дағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 тен­нис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.

Соңғы жылдары қалада халық саны да жылдам өсіп келеді. Сондықтан да әлеуметтік бағыт­тың әлеуетін арттыру маңызды саналатыны әу бастан белгілі. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңашылдық­қа ұмтылу – басты міндет. Қазір облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 29 мектеп салынып жатыр. Жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Осылайша, апатты және үш ауы­сымды мектеп мәселесі толығы­мен шешіледі. Ғимараты жаңадан бой көтерген мектептің бірі – Білім инновация лицейі. Лицей жаратылыстану-математика ба­ғы­тын ағылшын тілінде оқытады. ҰБТ-да оқушылары орташа 112 балл жинапты. Биыл респуб­ликалық олимпиаданың қоры­тын­дысы бойынша он бірінші орынға тұрақтаған. Мемлекет басшысы Білім инновация лицейінде білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларына назар аударды. Мұнда ұстаздар оқушылардың академия­лық жетістіктеріне ден қояды. Нәти­жесінде, олар республика­лық, халықаралық пән олим­пиада­ларында және спорт сайыс­тарын­да үздік атанып жүр. Лицей­­де бүгінгі күні  500-ден астам оқушы білім алуда.

Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірді.

Түрленген Түркістанда инвес­тиция­лық жобалар қарқыны да ауыз толтырып айтарлық болып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған SPK TURKISTAN өндірістік паркін аралап көрді. 100 гектар жерге жоспарланған өндірістік парктің құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырыла­ды. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфра­құрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 ин­вес­тициялық жоба жүзеге асы­рылып жатыр. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге бола­тын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Ал көкөніс сақтау қоймасында 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз ету көзделген. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шар­дара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспар­ланған. Осы орайда Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арт­тыруға, су үнемдеу технология­ларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технология­лары енгізіліп, аумағы 602 гек­тарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Соны­мен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкер­лер­мен әңгімелесіп, ауыл шаруа­шылығының өнімділігін арттыру мәселесі жөнінде пікір алмасты.

– Жұмыс өте сәтті жүзеге асы­рылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облы­сының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолы­нан іс келеді. Сондықтан облыс­тың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шы­сы су үнемдеу технологиясын енгізудің маңызды екеніне назар аударды. Пре­зидент жаңбырлатып және там­шылатып суару жүйе­лерін шыға­ратын BNK Group серіктестігінің өндіріс цехтары­ның жұмысымен танысты. Кәсіп­орын америкалық Nelson Irrigation компаниясымен бірлесіп, BNK IRRIGATION сауда бел­гісімен айналмалы және фрон­таль­ды жаңбырлатқыш машина­лар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қон­дыр­ғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр.

Президент білім беру мекеме­леріне арналған жиһаз шығаратын Аqniet Holding өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стан­дартына сай жиһаздар, KAZMEDPRIBOR компаниясымен бір­лесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады. Бұдан кейін Президент тоңазыт­қыш және мұздатқыш жабдық­тарын өндіретін Jasyl suyq Qazaqstan кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Ор­талық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облы­сын­да екі ірі өндіріс желісін ашу жө­нінде шешім қабылдаған. Ин­вес­тор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. SPK TURKISTAN аума­ғындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвес­тиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Дархан Сатыбал­дының айтуынша, өңір эко­номика­сының дамуына тың сер­пін беру үшін 2024-2027 жылдар ара­лығында жалпы құны 2,5 трил­лион теңге болатын 145 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Нәтижесінде, аймақта 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады деп жоспарланған. Инвестиция тарту мақсатында қазір қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd ком­пания­сымен өңірде мақтаның эли­талық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр стансаларының, Түркістан қаласындағы бес жұл­дызды қонақүйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камера­лары, газ қазандықтары, тұрмыс­тық техника, тау-кен және метал­лургия кешеніне арналған құ­рыл­ғы­лар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастама­лар бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді. 2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіп­орын Солтүстік Қазақстан об­лысы­ның тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде, қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшер­лемесі 2,5 пайыз болатын жеңіл­детілген 2,4 мил­лиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыс­тары толық аяқталды. Ферма DeLaval швед технологиялық кешенімен жаб­дық­талған. Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызыл­орда, Жамбыл облыстарына, сон­дай-ақ Шым­кент, Алматы қала­ларына жет­кізіледі. 

Президент Ордабасы ауда­нында JNRAY Group серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрика­сының жұмысымен де танысты. Аумағы 6 мың шаршы метр бола­тын жеңіл өнеркәсіп ныса­нын ашуға мемлекеттік индустрия­ландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаевқа фаб­рикада киім-кешек, төсек жаб­дықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіп­орында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбей­тіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.

Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгі­лерімен танысты.

Тілек ҚАБЫЛ