Әмір қалалық білім басқар­масының білдей бас маманы. Оның бас маман атынан гөрі Әмір деген есімі елге таныс. Өйткені оның аты затына сай, әмір бермесе тұра алмайды.
Мектептегілер мөңкіп жатыр
1,159
оқылды

Енді ол әмір берді дегенше, мектептегі директордан бастап еден жуушыға дейін зыр жүгіреді. Дүниеде адамдарды кі­ріп­тар етіп, алдыңда ойнатып қой­­ғаннан артық бақыт бар ма? Әмірдің ең жақсы көретіні – тексе­ру­лерге барып, мұғалімдерді жын­ды қылу, яғни өзіне мұқтаж етіп қою.

Ол өзі  Белес деген ауданда жүр­ген­де тексерушілік «қабілетімен» көзге түскен ерекше жан. Бір балалар бақшасын тексеріп, тәрбиешілерді тентіретіп жіберген «ерлігі» бар. Артынша тағы бір мектепті тексеріп, теңге дәметкен бе, жеңге дәметкен бе, бір пәлесі бар, сотталып кетейін деп тұрған жерінен әупірімдеп  орнында зорға қалған деседі. Бұл күндері еркек­терден қулық артылмайтын болды ғой. Кімнің барып құлағынан сыбырлағанын кім білсін, ойламаған жерден  декретке шығып кетіпті. Мұны естіген мұғалімдер жағасын ұс­тады. О заман да, бұ заман, еркек те декретке шыға ма екен? Сөйтсек, біздің солқылдақ заң ұры-қарыға, жемқорлар мен парақорларға жағдай жасап қойған екен ғой.  Тап осы кезде Әмірдің келіншегі босанады да, бала күтіміне деп білдей бөлім басшысы декретке шыға қояды.  Негізінде, білетіндер оны жоқ адамдарға ай­лық жазып, мемлекеттің қыруар қар­жысын талан-таражға салды деседі. Сол қаржыдан өзі де асаған ба, бас­қа да қитұрқылықтар жасаған ба, соңына шам алып түскендерді сазға отырғызып кетті дейді білетіндер. Мұндай тапқырлық түлкінің өзінде де кездесе бермесе керек. 

Белес ауданы білім бөлімінен бұ­дан да басқа былықтар шықты. Мил­лиондаған қаржы суға сіңгендей ұшты-күйлі жоқ. Оның үстіне, мек­­тептерге парта, тақта, басқа да бұйымдар әкеліп беріп қарық қыламын деген бір серіктестікпен келісімшарт жасасып, пәленбай теңге тағы да желге ұшыпты. Осының барлығын індете іздеп, қылмыстың басын ашқан қаржы полициясы түлкіні қуып келе жатып кәпелімде айырылып қалған тазылардай алақ­тады да қалды. Өйткені аудандық білім бөлімінің басшысы ойламаған жерден «екіқабат» болып, бала күтіміне байланысты екі-үш жылдық декретке шығып кетіпті. Ал декретте әйел отыр ма, еркек отыр ма, оны жазаға тарта алмайсыз енді.

Әмір деген әріден ойлайтын сабаз болып шықты. Білім бөліміне қаралған қаржыны білгенінше сапырылыстырып, суша шашқан мықты тексерушілердің көмекейін теңгемен тығындады ма, әлде басқа дүниелерін шығындады ма, итім білсін, судан таза, сүттен ақ болып шыға келді.  Жұрт жағасын ұстады. «Шаруасы бітті. Ендігі оған білім сала­сында орын жоқ» деп топшылап жүргендердің аузын аңқитып, қала­лық білім басқармасынан бір-ақ шықты. Мұнда келісімен-ақ ол тағы да тындырымдылығымен көзге түсті. Бірнеше мектепті тексеріп, талқанын шығарды. Талқан жеп дәнігіп қалған неме ғой, тексеріс десе жанын беріп, қос жеңін түрініп шыға келеді.

Ол Көкжиек қаласындағы бір мектепті тексеруге шұғыл кірісті. Әуелі директорды шыжғырып, аузын аштырмай тастады. Орынбасары бастығының мына түрін көріп, жаны ашып,  ара түспек болып сөз бастағаны сол еді:

– Ауызыңды жап, шошқа. Саған ешкім сөз берген жоқ, – деп тұқыртып тастады. 

Қолына қылышын алып, сайла­нып-ақ келген екен сабазын, әуелі мектеп ішіндегі әжетханаларды ара­лап көрді. Бала неме бір нәрсені бүлдірмесе жүре алатын ба еді. Бала, баланың ісі шала. Әжетханаларда әжептеуір кемшіліктер бар екен.

– Сіздер қаржы бөлмей жатыр­сыздар, – деп ақтала бастаған директордың орынбасары Досбер­генді бір бұрышқа тыққандай тағы да жазалады.

Енді ол сыныптарға кіріп, оқушы­лардың сабаққа қатысуын тексере бастады. 

– Ей, сен кімсің? – деді тексеруші келгенде орнынан ұшып тұрған оқушылардың біріне қарап.

Әлгі бала «менен сұрап тұрсыз ба?» дегендей тексерушіге қарап бажырайды да қалды.

– Сен мені танымай тұрмысың? Мен басқармадан келген өкілмін. Атыңды неге айтпайсың? – деп Әмір оқушыны жағадан алды.

– Атым Алмас, – деп оқушы міңгір етті.

– Бүгін сабаққа қанша бала келмеді?

– Ағай! Мен староста емеспін. Оны содан сұраңыз, – деді оқушы төмен қарап.

– Міне, көрдіңдер ме? Балаларды бетімен жіберген. Оқушылар тәр­тіпсіз. Тексерушіге қалай-қалай жауап береді, ә. Мен мұнда тәрбие жұмысы осалдап кеткен деп анық­тама толтырамын. Шеттеріңнен жұмыстан қудырамын. Сендер менің кім екенімді білмейсіңдер. Әлі-ақ көздеріңе көк шыбын үймелетпесем, Әмір атым өшсін, – деп екпіндеген тексеруші мұғалімдерді біртіндеп қабылдап, «Директорларыңа қандай сыйлық бердіңдер?», «Ай сайын қанша теңгеден жинап бересіңдер?» деп қыспаққа ала бастады. 

Ойламаған жерден қыспаққа қалған мұғалімдер мектептен қа­шып шықты. Сол күйі олар дәрігер­лерге барып көрініп, еңбекке жарам­сыздығына байланысты үйлерінде жатып алды. Ал оқушыларды орнынан тұрғызып қойып, Әңкүр-Мүңкірдей тексеретін Әмірден шошынып, мектеп бетін көрмей кетті.

Бүгінде Әмір деген әзірейіл мектептегі біраз мұғалімді жүйке ауруына шалдықтырып, осы ісінен ләззат алып жүр. Ол тағы да екі-үш мектепті қырына алған көрінеді. «Әкелеріңді танытамын!» дейді барған жерінде дікеңдеп. Соңынан шұбылып барған комиссия мүшелері де шеттерінен мәтіби. Директорларды жатқызып, тұрғызады. «Осы қар­қыны­нан танбаса, талай адамды жынды қылады» дейді былайғылар.

Тексерме демейміз. Тексерсін. Бұл міндеттері де шығар. Бірақ барған, тексерген жерлерін қыран-топан етуге кім тапсырма берді екен дейміз де. Оларды жұмсап қойып, сырттарынан бақылап отырған басшылардың не ойлағаны бар? «Басшылардың қарны ашқан шығар?» дейді біреулер. «Біреулерге орын керек болған шығар!» дейді екіншілері. Кім білсін? Бірақ халық айтса, қалыс айтпайды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ