Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, ойындар балаларды тікелей өз-өзіне қол жұмсауға итермелемейді.
"Баланың телефонындағы ойын қауіпті ме?": ІІМ мәлімдеме жасады
Фото: Midjourney
553
оқылды

Әлеуметтік желіде баланың әкесіне танымал Schoolboy Runaway балалар ойыны туралы айтып жатқан видеосы тарады. Астана тұрғыны қазақстандық ата-аналарға мұндай ойынның зияны туралы ескерткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Біз ол жерде тапсырмаларды орындаймыз: үйден достарымызға қашып барамыз, шатырдан шөпке секіреміз, сымның үстінде жүреміз, көлге түсеміз",  дейді бала.

Оның айтуынша, тапсырмаларды орындағаны үшін ойыншыларға ұпай беріледі, содан кейін достар бір-біріне ұпайын айтып мақтанады.

Баланың әкесі басқа ата-аналарға ескерту үшін дауыстық хабарлама жазып, оны тұрғын үйдің ортақ чатына жіберген.

ІІМ қауіпті балалар ойынына қатысты пікір білдірді. Министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, ойындар балаларды тікелей өз-өзіне қол жұмсауға итермелемейді.

"Соңғы уақытта қазақстандықтардың мессенджерлерінде қауіпті ойындар туралы ақпарат тарап жатыр. Мұндай ойындар суицидке бейімделмегеніне қарамастан, олар үйден қашу, үлкендерді тыңдамауды романтизациялау қаупін тудыруы мүмкін. Бұл балалардың психикасына және олардың әлеуметтік нормалар мен ережелерді қабылдауына кері әсерін тигізеді",  деді Әлекешев ІІМ брифингінде.

Осыған байланысты ведомство кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу мен қадағалаудың маңыздылығын еске салады. Жалпы, әрбір суицид оқиғасы бойынша полиция балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген себептерді, сондай-ақ оған қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында соталды тергеу жұмыстарын жүргізеді.

"Құрметті ата-аналар, сіздерді баланың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын мұқият бақылауға шақырамыз. Олармен ашық сөйлесеңіз, олардың хоббиіне қызығушылық танытыңыз. Оларға сіздің қолдауыңызды сезінуге уақыт бөліңіз. Олардың көңіл күйіндегі, мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік шеңберіндегі өзгерістерге назар аударыңыз. Егер сіз қандай да бір белгілерді байқасаңыз, әңгімені кейінге қалдырмаңыз",  деді Шыңғыс Әлекешев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.