Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау науқаны бойынша жедел штабта жиын-терімді үздіксіз жүргізу үшін фермерлерді барлық қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Дәнді дақылдың дені жиналды
368
оқылды

Ауа райының қолайлы болуының арқасында 27 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлерінде 13 млн гектарға жуық алқап немесе 75%-ы жиналды. Егін жинау науқанын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазір майлы дақылдарды жинау жүргізілуде.

Өнімді кептіру агрегаттары үшін арзан­датыл­ған дизель отыны мен сұйытылған газды тиеп, жөнелту және 4-сыныпты арпа мен бидайдың бағасы – жедел штаб отырысында қаралған негізгі мәселелер болды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұл­танов хабарлағандай, 27 қыркүйекте элеваторларға 3,376 млн тонна астық түсті, оның 2,476 млн тоннасы – бидай. Бидайдың жалпы көлемінде 1,4 млн тоннасы 3-сыныпты бидай (56,2%), 701,4 мың тонна – 4-сыныпты (28,3%), 263,1 мың тонна – 5-сыныпты (10,6%) астық. Қамбаға түскен арпаның 95%-ға жуығы – 2-сыныпты арпа. 

4-5-сыныпты бидай жинауды ұлғайту перспек­тивасын ескере отырып, шаруалар осы астықтың форвардтық сатып алу бағасын мүмкіндігінше ерте жариялауды сұрап отыр. Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына келесі аптада фор­вардтық сатып алу бағасын жариялауды тапсырды.

Негізгі астық егетін өңірлерге астық кептіру агрегаттарының жұмысы үшін арзан бағада сұйы­тылған газ жеткізу басталды. Өнімді жинап, кеп­тіруге қажетті дизель отынын тиеп жөнелту жос­парға сәйкес жүргізілуде.

Күзде топыраққа енгізу үшін қажетті минерал­ды тыңайтқыштарды жөнелту барысы жеке қарастырылды. Жалпы жоспардың 84%-ында жөнелту төмен қарқынмен жүріп жатқан өңірлер бар. Вице-премьер шаруалар тыңайтқыштарды уақытында қолдану үшін жұмыс үдерісін жедел­детуді тапсырды.