Біз өмір сүріп отырған орта қауіпсіз бе? Кез келген саналы адамды осы сұрақ мазалары сөзсіз. Өзіміз өмір сүретін қала, аудан қаншалықты қауіпсіз? Көшеде түнгі уақытта алаңсыз жүруге бола ма? Жалғыз жүретін қыз-келіншекке қауіп жоқ па? Біз осы сұрақтарды БҚО Полиция департаментінің мамандарына қойдық. Сонымен, Орал қаласы қауіпсіз қалалар қатарына жата ма?
Орал – қауіпсіз қала
426
оқылды

Күні кеше ғана Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қыз­меткерлері Орал қаласында қылмыспен айналысып келген бір топты ұстаған. Олар жұрттан қорқытып, үркітіп ақша жинаумен айналысқан. 

– 29 қыркүйек күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары Орал қаласында жастардан құралған қылмыстық топты құрықтады. Олар қалада бір студенттен 500 мың теңге бопсалап жатқан жерінен ұсталды, – деп хабарлады БҚО ПД баспасөз қызметі. 

Міне, осындай оқиғалар туралы ақпаратты жиі естуге болады. Әсіресе, өрімдей жастардың нашақорлыққа салынғаны, олардың есірткі саудасына араласқаны туралы ақпараттар төбе шашыңызды тік тұрғызады. Бірақ тәртіп сақшылары қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты деп отыр. 

Орал қаласындағы адамдардың қауіп­сіздігі мен тыныштығын бақылау жұмысы БҚО ПД жедел басқару тобына тапсырылған. Бұл жерде мамандар арнайы видеокамералардың көмегімен қаланы алақандағыдай көріп отырады. Жалпы, Орал қаласы бойынша 300 видеокамера орнатылған. Біз жедел басқару тобының мамандары отыратын арнайы бөлмеге келдік. Расымен де, бұл камералар арқылы қаладағы әр тіршілік иесінінің немен айналысып жатқанын анық көруге болады. Біз мамандардан бұл камералар арқылы қанша қылмыс ашылғанын сұрадық. 

БҚО ПД жедел басқару тобының бастығы Берік Аксиевтің айтуынша, жыл басынан бері осы камералардың көмегімен 100-ге жуық қылмыстық іс ашылған. Камералардың көмегімен қылмыстық істерден бөлек 16 024 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оларды тарқатып айтсақ, 5 444 қоғамдық қауіпсіздікті бұзу фактісі болса, 10 580 факті жол жүру ережесін бұзуға қатысты тіркеліп отырған көрінеді. 

Қазір цифрландыру кезеңінде қаланы камералар арқылы басқару ісі жолға қойылып келеді. Көшедегі жылдамдық өлшегіш камералар да біз өмір сүретін қаланың қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Басты сұрақ осы камералар адамның бет-бейнесін анық көрсете ме? 

– Бұл камералар соңғы үлгідегі камералар. Адамның бет-бейнесін, көліктің нөмірін, түсін, тіпті көліктің ішіндегі адамдарды да өте анық көрсетеді, – деп атап өтті БҚО ПД жедел басқару тобының бастығы Берік Аксиев.

«Қалада қылмыс көбіне түнгі клубтар мен бір тәулікке жалға берілетін пәтерлерде тіркеледі», – дейді тәртіп сақшылары. Бір өкініштісі, жалдамалы пәтерлерді кез келген уақытта тексере алмайтыны. Бір ғана Орал қаласында полицияның есебі бойынша 2 010 жалдамалы пәтер бар. Осы пәтерлерден полицияға қоңырау жиі түсетін көрінеді. 

– Қылмыс көп болатын түнгі клубтар бар. Жыл басынан бері түнгі клубтарда 79 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 3 факт денсаулыққа орташа және ауыр зиян тигізу фактісі, бір тонау, 37 ұрлық, 26 бұзақылық фактісі тіркеліп отыр. Біз ол жерлерге жұма, сенбі, жексенбі күндері полиция өкілдерінен кезекшілік қоямыз. Ал жалдамалы пәтерлерді қадағалап отыру мүмкін емес. Тек 102 нөміріне түскен қоңырау арқылы барып, тексере аламыз. Қаладағы жалдамалы пәтерлерді қауіпсіз деп айта алмаймыз. Ол жерлерде жастар мен әйелдер жиналып көбіне ішімдік ішеді. Ішімдік ішілгесін соңы немен аяқталары белгісіз. Жалдамалы пәтерге қарағанда қонақүйлер қауіпсіз дер едім. Себебі қонақүйлерде тіркелген қылмыстар жоқ, ал жалдамалы пәтерлерде қылмыстық оқиғалар болып тұрады. Біз жыл басынан бері түскен арыз-шағымдар арқылы жалдамалы пәтерлерге бардық. Сол кезде сол жалдамалы пәтерлерден жеке төлқұжаты жоқ 8 206 азаматты анықтады, 2 006 хаттама толтырылды, – деп атап өтті БҚО ПД ЖПҚ бастығының орынбасары Арман Дүйсекенов. 

Қауіп дегенде алдымен жолдан келетін қауіпті айтсақ дұрыс болар. Қазір адамдарға ең қауіпті болып тұрғаны – жол қозғалысы. Бейбіт күнде тасжолдарда қырылып жатқан халықтың саны кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Полиция департаментінің жеке құрамы да адамдардың жолдағы қауіпсіздігін күшейту мақсатында заманауи техникаларды қолданып отыр. Себебі барлығын бірдей адам күші­мен қадағалау мүмкін емес екенін айтады тәртіп сақшылары. 

2024 жыл басталғалы БҚО бойынша 698 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 64 адам көз жұмған. Ал 981 адам дене жарақатын алған. Жаяу жүргіншілердің қатысымен 227 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 13 адам қайтыс болған. 

Жолдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында полиция қызметкерлеріне 20 дана кибер-шериф автоматты құрылғысын алып берді. Бұдан бөлек, облыста 120-дан астам жылдамдық өлшегіш құрылғылар бар. Олардың 68-і Орал қаласының көшелеріне қойылған. 

– Көлік жүргізушілері қалада камера бар жерлерден өткен кезде жылдамдықты түсіреді. Тәртіп сақтап жүреді. Осыны анық байқадық. Демек, қалаға әлі де көп ка­мера қойылуы керек деп есептейміз. Қалада камера қойылған жерлерде соң­ғы жылдары жол апаты тіркелмейтін бол­­­­ды. Қазір тек камера жоқ жерлерде жол апаттары тіркеліп жатыр. Мұның өзі көлік жүргізшілерінің тек камера үшін тәртіп сақтайтынын көрсетеді. БҚО-да 20 кибер-шериф автоматты жүйесі бар. Оның ішінде 3-еуі Орал қаласының өзінде, біреуі Ақсай қаласында. Қалған кибер-шерифтер трассаларда қыз­мет атқарады. Осы кибер-шерифтің арқа­сында біз трассалардағы жағдайды реттедік. Қазір трассаларда бұрынғыдай жоға­ры жылдамдықпен жүрмейді, –деп атап өтті БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Александр Плешаков.

Қаладағы жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында қойылған жылдамдық өлшегіш құралдарды халық дұрыс қабылдамай отыр деп қынжылады тәртіп сақшылары. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары БҚО жол-көлік апаттары санынан республика бойынша алдыңғы қатарға шыққанымыз бар. Жоғарыда аталған 20 дана кибер-шериф автоматты құрылғысы сол оқиғалардан кейін алынған еді. Алайда бұл азаматтарға ұанамай отырғаны бар. Себебі көшеде ойнақты салып, тасырандап жүргілері келеді. Оның арты адам өліміне әкеліп соғып жатқаны ешкімді қынжылтпайтыны өкінішті. 

–  Халық арасында осындай құрыл­ғыларды көптеп қою арқылы бюджетті толықтыруды көздейді деген ақпарат көп. Бұл – қате түсінік. Біз азаматтардан тек жылдамдықты асырмаңыздар деген талап қойып отырмыз. Егер жол ережесін сақтап, жылдамдық асырмай жүрсеңіз, сіз айыппұл төлемейсіз. Айыппұлды кімдер төлейді? Сол көшеде жол жүру ережесін бұзғандар мен жылдамдық асырғандар. Біз қала көшелерін тәртіпке келтірудің басқа жолын көрмей отырмыз. Амал жоқ, осылай әр қиылысқа камера орнатып, жүргізушілерді бағып отырмыз. Қазір орташа жол жүру жылдамдығы туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл заң жобасы да трассалар мен қалада жүргізушілерді тәртіпке шақыруға жұмыс істейді деп үміттенеміз. Орташа жол жүру жылдамдығы деген іміз – А нүктесінен Б нүктесіне шамамен 1 сағатта жету керек дейік. Ал егер жүргізуші сол аралықты 30-40 минутта кесіп өтсе, ол жылдамдықты бұзған болып саналады. Егер осы заң қабылданса, бізге жолдағы қауіпсіздікті сақтауға үлкен көмек болар еді. Полиция көшеде көлікті тоқтатып, оған хаттама толтырып жүрмеуі керек. Цифрландыру заманында мұның бәрі автоматтандырылғаны дұрыс. Сонда полиция ұры-қарыны ұстаумен, көшедегі жалпы тәртіпті сақтаумен айналысар еді. Қалада қажетті камералар әлі де аз болғандықтан, біздің жеке құрам көшедегі көліктерді тоқтатып, тексеріп жүруге мәжбүр, – деп қын­­­жы­лады БҚО ПД Әкімшілік полиция бас­қармасының бастығы А. Плешаков.

Қазір Орал қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін күзетіп отырған 300 видеокамера болса, соның 120-сы жол қауіпсіздігі мен жылдамдықты өлшейді. Мамандар камералардың бәрі де тәулік бойына қосылып тұрады деп отыр. Бұдан бөлек, Орал қаласының өзінде 3 дана кибер-шериф автоматты көлігі жылдамдықты қадағалайды. Бұл заманауи видеокамераның бәрі де қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін орнатылып отыр. Қалада мереке күндері барлық жеке құрам күшейтілген жұмыс режимінде қызмет атқарады. Бізбен тілдескен тәртіп сақшыларының бәрі де Орал қаласындағы қылмыстық ахуал тұрақты деп жауап қатты. Біздегі тілек те сол, ел іші тыныш болсын, тыныштықтан асқан бақыт жоқ.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы