Жаңа қаладағы мұғалімдердің митингке шыққан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Олар Президенттен жалақыларын белгісіз себептермен қысқартып тастағанына назар аударуын сұрады.
«Жалақы 25 пайызға азайған»: жаңадан құрылған Алатау қаласының мұғалімдері жанайқайын айтты
Фото: видеодан алынды
1,816
оқылды

Алатау қаласы әкімдігінің өкілдері жалақысы 25 пайызға қысқарып қалғанына келіспейтінін айтқан мұғалімдермен өзара түсіністікке қол жеткізгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген. Жергілікті басқару органы өкілдері Алатау қаласында бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы неліктен азайғанын түсіндірді.

"2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алатау қаласының құрамына бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына қарасты бірқатар елді мекендер енгізілді. Осыған орай қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер болды", – дейді олар.

Туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық Білім және Ішкі саясат басқармаларының өкілдері педагогтермен кездесуге келген.

"Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері – көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша, педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді", – дейді Алатау қаласы білім бөлімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, 1 қазанда бір топ мұғалім қала мәртебесі берілген Жетіген ауылында (қазіргі Алатау қаласы) жалақы 25 пайызға қысқарып қалғанын айтып, көшеге шыққан. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.