Жарақаты ауыр болғандықтан, дәрігерлер балаға Көкшетаудан санитарлық авиацияны шақыртуға мәжбүр болыпты.
«Жансақтау бөліміне түсті»: Ақмола облысында оқушы сыныптасын пышақтады
643
оқылды

Ақмола облысының Бұланды ауданында оқушылар арасында болған даудың арты қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Аудан орталығы Макинск қаласының мектеп-гимназиясында оқитын 9-сынып оқушыларының бірі екіншісіне пышақ сұққан. Ер бала аурухананың жансақтау бөліміне түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Ресми органдардан түскен қолда бар ақпараттар бойынша оқушылар арасындағы жанжал 15 қыркүйек күні кешкі уақытта болған. Бір-бірімен дауласып қалған оқушылардың бірі қалтасынан пышақ шығарып, пышақ салған. Оқушының айтуынша, қарсы тарапта оның достары болғандықтан, осылай алдын ала әрекет етуге шешім қабылдапты. Ал қалған балалар бұл кезде өз бетімен тұрғанын, төбелеске араласу ойларына да келмегенін айтып ақталған.

Зардап шеккен 2010 жылы туған бала кеуде тұсына сұғылған пышақ жарақатымен дереу Бұланды аудандық ауруханасына жатқызылған. Жарақаты ауыр болғандықтан, дәрігерлер балаға Көкшетаудан санитарлық авиацияны шақыртуға мәжбүр болыпты.

"Балалар хирургі мен анестезиолог-реаниматолог келіп, балаға бірден ота жасалды. Келесі күні науқасты облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырды, – дейді аурухананың бас дәрігері Марат Алтыбаев.

Қазір жасөспірім бала ауруханадан шығуға әзірленіп жатыр. Дегенмен полиция Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-тармағы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықты залал келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбады. 

Мектеп-гимназияның директоры бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабында оқу орнында мұндай жағдайдың алғаш рет болғанын әрі мұндайды күтпегенін атап өткен. 

"Бұл сынып өте тату болатын. Тәжірибелік жұмыстарды да бұл сынып 100 пайыз өтетін. Бұл сыныптың ұйымшылдығы мен еңбекқорлығын көрсететін. Не болып қалғанын түсінбедік. Екі оқушының да осыған дейін әумесерлік қылығы байқалмаған. Балалар арасында жағымсыз қарым-қатынас, буллинг те болмаған. Бірақ ұрған бала буллингтің болғанын айтады. Мүмкін осылай өзін ақтағысы келген шығар. Әрине, бәрін талқыға саламыз. Ол өткен жылдың соңында бізге басқа ауданнан келген. Баланы ол жақта да жақсы сипаттаған. Ешқайда есепте тұрмаған, – дейді мектеп директоры.

Өз кезегінде облыстық Білім басқармасы кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі комиссия мен ішкі тексерістің өткізілгенін хабарлады.

Мектеп директоры мен оның тәрбие жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілген. Оқиға қатысушылары мектептің ішкі бақылауына алынған. Сонымен қатар полиция тергеу аяқталғаннан кейін балаларды өз есебіне алмақ.