Кейінгі жылдары өңірде денсаулық сақтау саласының халыққа қолжетімді және барынша сапалы болы жолында үлкен істер атқарылуда. Осы бағытта қолға алынған шарапатты шаралардың арқасында соңғы 2 жылда денсаулық сақтау нысандарын жаңарту деңгейі 50%-дан асқан.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстағы ең шалғай орналасқан аймақтардың бірі болып саналатын Алакөл ауданының өзінде ғана жоғарыда айтылған Ұлттық жоба аясында 9 заманауи денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталыпты. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарындағы 3 дәрігерлік амбулатория және Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Қайнар және Ақжар ауылдарындағы 6 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Қазіргі кезде Ақжар ауылындағы ФАП құрлысының 40%-ы аяқталып та қойыпты.
– Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау нысанын белгіленген уақытта салу, іргелес аумақты абаттандыру және қоршау орнату. Сонымен бірге 35 млн теңгеге жуық сомаға заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға өтінім бердік. Соған сай іргетасын құюдан бастап, барлық жұмысты толық атқарып, нысанды толық дайын күйге жеткізіп барып, пайдалануға тапсырамыз. Құрылысқа шеттен келген мамандардан басқа 10 жергілікті тұрғын тартылған, барлық қажетті техникалар бар. Жұмысты белгіленген мерзімде орындауға барлық мүмкіндік бар, – деген медицина мекемесінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілі Құрбанәлі Омаровтың айтуынша, құрылыс жұмыстары тамыз айының басында басталған.
Аудандағы ірі елді мекендердің бірі болып саналатын Ақжар ауылында 1 500 адам тұрады. Салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт 60 жылдары салынған бейімделген ғимаратта орналасқан ескірген медициналық пункттің орнына тұрғызылды.
– Ауылдағы медпункт ескірген және нормалар мен талаптарға сәйкес келмейді, қыста мекеме іші салқын болады. Сондықтан да ауыл тұрғындары өздерінде заманауи денсаулық сақтау мекемесінің тұрғызыла бастағанына, алдағы кезде медициналық қызмет көрсету сапасының артатынына барынша қуанышты. Шілде айында біздің ауылдық округтің Қоңыр ауылында блокты-модульді медициналық пункт іске қосылған болатын. Былтыр мұнда мектеп жөнделіп, 150 орындық жаңа мәдениет үйі салынды. Осындай ел үшін жүзеге асырылып отырған игі істер бәрімізді қуантады. Өйткені мұндай шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді, – деп жерлесін қостаған Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров атап өткендей, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен өңірде блокты-модульді медициналық пункттер салыну жалғаса бермек. Оның айтуынша, Алакөл ауданында ғана былтыр Қарлығаш, Байзерек, Ынталы ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер іске қосылыпты. Биыл осындай нысандар Бибақан, Арқарлы және Қоңыр ауылдарында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Достық, Қабанбай және Ақтүбек ауылдарына 3 санитарлық автокөлік сатып алынған. Жыл соңына дейін аудандық аурухана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 200 төсектік стационары бар орталық емхана құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жалпы, соңғы екі жылда Алакөл ауданына инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысына, сондай-ақ жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 32,2 млрд теңге бөлінді.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы