Әлем төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығында тұр. Заманауи озық технологиялар кезеңінің негізгі көзі – интернет пен энергия. Әсіресе, екіншісінсіз мақсат негізсіз болады.
Энергия – өркениет өрісі
720
оқылды

Сондықтан ақылды қалалар концепциясын ілгерілетуді жоспарлаған мемлекеттер ең бірінші тұрақты электр энергия көздерін шешуді басымдық етуде. Онсыз өнеркәсіптік революция іске аспайды. Міне, электр энергиясының маңызын осыдан-ақ түсінуге болады.

Ал энергия алудың қандай көздері бар? Біз білетін, әрі тұтынып жүрген кө­мір және газ стансалары энергияның көзі болып отыр. Баламалы энергия көздеріне жел, күн, суды қосуға болады. 

Елдегі ірі қалаларда жұмыс істеп тұрған ЖЭС-тердің басым көпшілігі 1970 жылдары салынды. Жылу жүйелерін күрделі жөндеуді немесе жаңартуды талап етеді. Бүгінде ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Соңғы жылдардағы Екібастұз, Рудный, Риддер және Темір­таудағы апатты жағдай ЖЭС-ның қауіп­сіздік деңгейі төмендей бастағанын дәл­ел­деді. Энергетика министрлігінің дерегінше, жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і – сары, 7-і ғана жасыл аймаққа енеді. Эл­ектр энергиясын өндіретін стансалардың 55,5 пайызы 30 жылдан асты. Бұл энергетика саласындағы күрделі мәселе­лерді тездетіп шешуді міндеттеп отыр. Кейінгі жылдары халық саны көбейіп, бизнес субъектілері мен ірі өндіріс орын­дарының қуаттылығы артуда. Сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революциясының негізгі құралдары – IT, 3D, роботтехнология өмірімізге дендеп енуде. Ал ағымдағы жағдаймен энерге­тикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүлде мүмкін емес. 

Электр энергиясының негізгі бөлігі ес­кірді, жаңғыртуға қомақты қаржы қажет. 2015 жылы Париж келісіміне сай Қазақ­стан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітіп, газ шығарындысын азайтуға тиіс. Атом эл­ектр стансалары сынды тұрақты энергия көздерінсіз ел энергия тапшы­лығына, ген­ера­циялаушы қуаттардың теңгерімсіздігіне және халықаралық экологиялық міндеттемені орындау қиын. Бірнеше басқосуда атом энергетикасының перспективалары туралы талқылап, энергетиктермен пікір алмастық. Сонда энергетик инженерлер мен ғалымдар АЭС-тің маңызын жан-жақты түсіндіріп берді. 

Әрине, бәріміздің бойымызда атом радиациясына байланысты үрей бар.  Совет әскерилері мен ғалымдары Семей ядролық полигонында 460 ядролық, термоядролық және сутегі қаруларды жер­де, әуеде, жер астында және суда жары­лыс жасады. Семей өңірімен бірге Павлодар облысының Май ауданы радиациядан біршама зардап шекті. Бірақ қарудың жөні бір бөлек, бейбіт атомның жөні бір бөлек екенін түсінуіміз керек. Эн­ергиясыз қараңғы түнекте қаламыз. ЖЭС жаңартып, жаңғыртып, дамыта берсек, халықаралық міндеттерді орындай алмаймыз. 

Қайбір жылы Екібастұздағы ЖЭС апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалғанда қатты алаңдап, белсенді аза­маттармен бірлесіп, сауда орындарынан электрмен жылытатын құралдарды іздеп, тапқанымызды кеншілер қаласына тасы­дық. Ауыр күндер артта қалды. Егер жарықсыз қалғанда қалай болар еді. Қақаған қыста қала тұрғындарын эва­куация керек болады. Шүкір, Үкіметтің қамқор­лығы мен ел-жұрттың ауыз­бір­шілігінің арқасында қиындықты еңсердік. Енді мұндай жағдай қайтып қайталан­басын.

Бізге келешектегі қиындықтарды болдырмау үшін жаңа энергия көзін іздеп, қазірден іске қосудың қамын жасау керек. «Жасыл» энергияға жататын атом энер­гетикасын сол себепті дамыту керек. Көрші Өзбекстан АЭС салуды бастап кетті. Тіпті, шөл далада Біріккен Араб Әмірлігі атом энергетикасының игілігін көруде. Оңтүстік Африка Республикасы АЭС-тен энергия алып отырса, Египет іске қосуға ниетті. Яғни, әлемдік қауым­дастық атом энергетикасынан жарық алып отырғанда, көштен қалып кетуіміз өзімізге сын болады.

Біздің түсінгеніміз, энергетикалық тәуелсіздік – нағыз тәуелсіздіктің қайнары. Өйткені энергия – өркениет өрісі, энер­гиясыз өркениет көшіне ілесе алмаймыз.

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,

Парламент Мәжілісінің депутаты