Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Санат Құлбаев атап өтті. Оның төртеуі бас бостандығынан айыру, 9-ы бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Ойын бизнесіне айналдырғандар көп
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері құмар ойынның құрығына түскендердің саны бірнеше еселеп артып барады. Психологтар лудомания қазіргі қоғамның дертіне айналды деп дабыл қағып отыр. Соңғы жылдары елімізде жасырын казино ашып, құмар ойынды бизнеске айналдырғандар да көптеп кездеседі. Департамент басшысының орынбасары Санат Жұмабайұлы заңсыз ойын бизнесі – бұл мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатын нашарлатып, жастардың болашағына балта шабатын, әлеуметтік қақтығыстарға апаратын көлеңкелі экономиканың бір бөлігі екенін атап өтті.
Осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қаржылық мониторинг агенттігі болып құрылған мекеме қазір экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарды ашу, алдын алу, анықтау және тергеумен айналысып келеді. Заңсыз ойын бизнесімен күресу департаменттің негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Былтырғы дәл осы уақытта ойын бизнесі бойынша 13 қылмыс анықталса, биыл жыл басынан бері 7 қылмыс белгілі болған. Бүгінде 7 қылмыстың бесеуі сот қарауына жолданып, айыптау үкімдері өз күшіне енген. Ал өткен жылғы 13 істің 10-ы сотқа жолданған болатын. Қылмыстық істер аясында 18 ойын аппараты, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары, фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сот үкімдеріне сәйкес, компьютерлік техникалар мемлекет есебіне өткізіліп, ойын аппараттары жойылған.
Департамент қызметкерлерінің іздестіру шаралары аясында Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі анықталған. Департамент басшылығының айтуынша, Шымкент қаласының тұрғыны «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясыз, заңсыз пайда табу мақсатында тікелей эфирде 2 аккаунттан «ЛОТО» ойнатқан. Лотерея ұтысы ретінде Toyota Land Cruiser Prado маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылған. Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды.
Сонымен қатар ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырып, сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің карт-шотына және туыстарының шоттарына жинағаны белгілі болды. 2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асқан. Бүгінде сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі бойынша алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне тәркіленіп отыр.
Уеб-сайттар мен парақшалар бұғатталады
Экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Санат Құлбаев агенттік пен Цифрлық даму, инновациялар министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде заңсыз уеб-сайттарды және парақшаларды, яғни заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық пирамида саласын бұғаттау мүмкіндігі берілгендігін айтады.
«Парақшаларды бұғаттау мүмкіндігі «Кибернадзор» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері 600-ден астам заңсыз ойын бизнесі уеб-сайттары және әлеуметтік желілердегі парақшалар бұғатталды», – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.
Брифинг барысында казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тек Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде ғана орналастыруға болатыны айтылды. Сонымен бірге «Ойын бизнесі туралы» заңда белгіленген тәртіптер, ерекшеліктер хабарланды.
Айта кетейік, Президент Ұлттық құрылтайда лудоманиямен күрестің кешенді жоспарын құруды тапсырған болатын. Осы тұрғыда Үкіметтің 2024 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 26 ойын бизнесі субъектілері, оның ішінде 6 казино, 9 ойын автоматтары залы, 11 букмекерлік кеңсе жұмыс істейді. 2020 жылы букмекерлік кеңселер, тотализаторлар кассалары Алматы облысы Қапшағай су қоймасы жағалауында және Ақмола облысы Бурабай ауданында орналасқан ойын аймақтарына шығарылды.
Мемлекеттік бақылауды күшейту нәтижесінде 2021 жылдан бастап 36 ойын мекемесі, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор және 2 ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды. Үкіметтің 2 жылға арнап түзген кешенді жоспары шеңберінде бірқатар көрсеткішке қол жеткізу жоспары бар. Олар бойынша:
- құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санын 350 000-нан 201 600 адамға дейін азайту: 2024 жылы – 35 000 (10%), 2025 жылы – 63 000 (20%), 2026 жылы – 50 400 (20%);
- құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды мемлекет есебінен тегін емдеумен және медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы – 300 адам;
- бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4 500-ден 7 722-ге дейін: 2024 жылы – 450-ге (10%), 2025 жылы – 990-ға (20%), 2026 жылы – 1 782-ге (30%) арттыру.
Барлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың қолданыстағы бюджеттік лимиті шеңберінде және бюджеттен тыс қаражат есебінен іске асырылмақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны немесе құмар ойындарға тәуелділікті ресми түрде патологиялық тәуелділік деп таныды. Құмар ойындарға тәуелділік біздің республикамызда да таралған. Статистикаға сүйенсек, лудомания және құмар ойындарға тәуелді адамдар саны 350 000 жуық болса, олардың көпшілігі жасөспірімдер екен.
2024 жылғы наурыздан бастап еліміздің азаматтарымен ел аумағында тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бүгінде бұл көрсетілетін қызметті 110 мыңнан астам адам пайдаланды.
«Қазір жоғары мектеп оқушылары арасында да онлайн казино ойнау деректері бар. Лудоманияға шалдыққан оқушылардың емделіп жүру деректерінде бар екенін айтып өткен жөн. Сондықтан балаларымызды, оқушы және студент жастарымызға аталған қызметті пайдаланып, өздеріне шектеу қойғаны дұрыс деп санаймын», – деп атап өтті Санат Жұмабайұлы.
Бүгінде осынау зиянды шараның алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы 86 мектеп, 7 жоғары оқу орны және 4 колледжі қамтыған жалпы саны 15 000 оқушы, 3 000-ға тарта студентке осы бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сонымен бірге қазір қала аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылған. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынған. Одан бөлек, лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылған.
Тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынды.
Департамент басшылығы сонымен бірге заңсыз ойын бизнесімен күресуде департаментке заңсыз тұрған ойын автоматтары туралы ақпарат жолдайтын белсенді азаматтардың да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Әрбір азаматты әлеуметтік жауапкершілік танытып, осындай фактілер жайлы хабарлауға шақырамын. Әрқайсысымыз балаларымызды құмар ойындарға тәуелділіктің зиянды әсерінен қорғай аламыз. Департаменттің сенім телефонына хабарласу арқылы сіздер де бұл ойынға тосқауыл қоюға үлес қоса аласыздар», – деп атап өтті брифинг барысында Санат Құлбаев.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы