Президент Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгенін айтты.
Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды – Тоқаев
538
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөзі сөйледі, – деп хабарлады Ақорда. 

Президент Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгенін айтты.

«Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз.

Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды.

Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр», – деді ол.