Қазіргі уақытта Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда.
Құрылыс компанияларына алдын ала брондау шарттарын жасасуға тыйым салынуы мүмкін
Фото: istockphoto.com
586
оқылды

Құрылыс компанияларына алдын ала брондау шарттарын жасасуға тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы Иран Шарханның жауабында айтылған, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

«Қазіргі уақытта Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда. Осы заң жобасы аясында құрылыс салушылардың заңнаманы айналып өтуге, үлескерлердің қаражатын тартуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік реттеуді күшейту бойынша қосымша шаралар көзделген», – ол.

Оның атап өтуінше, түзетулер мыналарға бағытталған:

- алдын ала брондау (резервтеу) шарттарын жасасуға тыйым салу;

- үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу;

- «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын реттеу саласына «шағын қабатты құрылыс» ұғымын енгізу;

- құрылыс мерзімдерін ұзартуды қысқарту (құрылыс объектісінің ЖСҚ-да көрсетілген мерзімнен 5 айға дейін барынша ұзарту);

- үлестік заңнамаға консультация беру мәселелері бойынша Үлескерлерді қолдау орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз/бірыңғай оператордың кепілдігінсіз ипотека беруге тыйым салу.

«Тұтастай алғанда, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында әзірленген тәсілдер мен қабылданатын шаралар үлестік құрылыс процестерінің заңдылығы мен ашықтығын, құрылыс нарығына барлық қатысушыларының теңдігін қамтамасыз етуге, мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған», – деді Иран Шархан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.