Қазірдің өзінде Алатауда 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Үкімет жанынан Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жобалау кеңсесі құрылды
296
оқылды

Үкіметте Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жобалау кеңсесінің бірінші отырысы өтті, оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы Алатау қаласын құру қарқынын жеделдету міндетін қойды. Осы аптада Премьер-Министрдің өкімімен Жобалау кеңсесі құрылды. Ол жетекшілік ететін салалар бойынша дербес жауапкершілікті айқындай отырып, жобалық тәсіл негізінде негізгі шешімдер қабылдауға арналған алаңға айналады. Қаланы құрудың алғашқы нәтижелері дәл 6 айдан кейін ұсынылуы керек. Бастапқы мәре – бүгін», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Жобалау кеңсесі отырысына қатысушылар заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу және инвесторлар тарту рәсімдерін жеңілдету сынды негізгі жұмыс бағыттарын анықтады.

«Шетелдік инвесторлардың негізгі тілектерінің бірі – “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсету, инвестициялық цикл бойы қолдау және сервистік қызмет көрсету. Алматы облысының әкімдігі мен СІМ Инвестиция комитеті Алатауда осыған сай экожүйе құруы қажет», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімдігі резервтегі (өнеркәсіптік) «Арна» аймағында негізгі жобаларды анықтады. Қазірдің өзінде Алатауда 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, Dolce-Group, Hyundai Green Food және TBEA сияқты компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. 

Жақында «Alatau» АЭА-ның алғашқы қатысушыларын тіркеу күтілуде. Алматы облысы делегациясының Қытайға, оның ішінде Шэньчжэньге әлеуетті инвесторлармен кездесу үшін сапары жоспарланған.