Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты.
Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның  өлшемі
369
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Рес­публикасы Судьяларының ІХ съе­зін­де сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің бар­лық аймағынан келген судьялар, ор­талық және жергілікті мемлекеттік ор­гандардың өкілдері, сондай-ақ шет­елдік сарапшылар қатысты.

Президенттің айтуынша, әділ сот мем­лекеттің тірегі, сондықтан сот би­лі­гі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс.

– Заң мен Тәртіп – әділетті қоғам­ның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті сот органдары азаматтардың бас­ты қорғаны болуы керек. Елде заң үс­тем­дігі орнаса, халықтың билікке де­ген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот са­ласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқ­талды.

– Елімізде Конституциялық Сот құ­рылды. Сот жүйесінің институцио­нал­дық дербестігі нығайды. Сала бюд­же­тін басқару құзыреті  қазылар қауы­мы­ның өзіне берілді.

Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сай­ланатын болды, яғни оларды Сенат бала­малы негізде таңдайды. Алқа билер тә­жірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйе­ге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіп­керлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және елі­міздегі инвестициялық ахуалды жақ­сартуға жол ашады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы соттардың қызме­тін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіп­пен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды.

– Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарас­тыратын заңға қол қойдым. Олар өз қыз­метіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұ­мыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кас­сация­лық соттардың дербестігі азаматтары­мыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жо­ғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді Жоғарғы Сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады, – деді Мем­лекет басшысы.

Президенттің пікірінше, келесі ба­сымдық – саланы цифрландыруды жал­ғастыру.

– Цифрлық технологиялар азаматтар­дың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арыз­данып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сот ісін қашықтан жүргізу азаматтық істер бойынша аумақ­аралық соттылық жүйесін енгізуге мүмкін­дік бергенін айтты. Сондай-ақ осы тә­жірибені әкімшілік істерде қолдануды көз­дейтін заң жобасы депутаттардың қа­рауында жатыр.

– Биыл сот отырыстары алғаш рет он­лайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүр­гізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл – әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашыл­дық. Сондықтан судьялар мен айыптау­шыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл – елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Жоғарғы Сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптас­тырудың кепілі болуға тиіс.

– Жалпы, судьялар адалдықтың, дер­бес­тіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этика­лық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қа­телікті қазылар қауымы тексереді. Бұл – соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы судья­лардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.

Жиында Жоғарғы Сот төрағасы Аслам­бек Мерғалиев, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEРEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдас­тығының (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі.