Көкшетау дегенде көз алдыңда сұлу Бурабай, зерлі Зеренді, алыстан мұнартқан таулар, айнадай жалтыраған күміс көлдер, биші ақ қайыңдар мен зәулім түп-түзу қарағайлар елестейді. Осындай ғажайып жерде туып-өскен Марфуға Бектемірованың ақын болуы әбден орынды көрінеді. Ол жастайынан қолына қалам алып, өлең жазды.
Ақын рухына тағзым жасалды
579
оқылды

Алғашқы бір топ өлеңдері «Қазақ­стан әйелдері» журналын­да суретімен қоса бір бетте жарық көргенде жұртшылық назар ауда­рып, жылы қабылдаған. Мар­фуға­ның әдебиеттегі алғаш қа­дам­­дары осылай басталды. Ақын қазақ даласын, қазақ халқын сүйді, туған елін жырға қосты. Қайда жүрсе де кербез Көкшесін ұмытпады. Ол «Арқа­ның кербез сұлу Көкшетауы» деп даңқын көкке көтерген Сәкен Сейфуллин бастаған, одан Еркеш Ибраһим, Төлеген Қажыбаев қостаған арқалы ақындар легіне қосылып, туған жерінің көр­кемдігін, әсем табиғат көрініс­терін шебер тілмен суреттеді, оның ерекше әдемі келбетін күллі шығарма­шылығына арқау етті. Көкше өңірі де өзін жыр­лаған аяулы қызын қадірлей білді. Бурабай ауданының орта­лығы Щучинск қаласындағы Емельян Пугачев көшесі заман талабына сай өзгертіліп, оған өмірден ерте кеткен Марфуға Бектемірованың есімі берілді. Енді, міне ақынның туған күні өзі оқып, бітірген 9-шы мектеп-гимназияда Мар­фуға Бек­темір­ова­ға ескерткіш тақта орнатылды. Бұл мектеп Щучинск қаласын­дағы ақын аты берілген көше бойында орна­ласқан. 

Салтанатты жиынды Щу­чинск қаласының әкімі Асхат Мұхамед­жанов ашты. Ол ақын қызға ар­налып ескерткіш тақта­ның орна­тылу маңызына тоқ­талды.

– Марфуға Бектемірованың есімі республика көлемінде көрнекті ақын ретінде жақсы таныс. Оның жауһар жырлары адамдарды, оның ішінде өскелең ұрпақты адамгершілікке, ізгілік­ке, мейірімділікке, патриоттық сезімге тәрбиелейді. Марфуға апайымыз осы мектепте оқыған, іргесіндегі интернатта тұрған. 14 жасында оқып жүргенде «Аққуым менің қайдасың?» атты атақты өлеңін жазып, көзге түсіпті. Бар­лық саналы өмірін халқына қыз­мет етуге арнап, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Марфуға Бектемірованың аты ел жадында мәңгілік сақталады. Өзі оқыған мектеп қабырғасына ескерткіш тақтаның орнатылуы соның жарқын айғағы, – деді қала әкімі Асхат Нұрланұлы.

Ақынның бейнесі түсірілген ескерткіш тақтаны салтанатты жағдайда аудандық «Бурабай» газетінің директоры, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтелбай Төлеуұлы және ақын­ның жары, Ресей Федерациясы психология ғылымдары Халық­аралық академиясының құрметті академигі, ақын Есенгелді Сүйі­нов  ашты.

Ауданның, қаланың бетке ұстар азаматтары, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, аудан­дық және қалалық әкімшілік өкіл­дері қатысқан жиында аудан­дық мәслихаттың депутаты, Көк­шетау-1 стансасының басшысы Ғалымжан Ержанов, Астана қаласынан келген еңбек ардагері Дина Ақмолдина, локомотив депосының бастығы Қуаныш Нұржанов ақын шығарма­шылығы жайлы жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты шарада оқушы­лар Марфуға Бектемірованың өлеңдерін оқып, «Қас-қағым» әнін орындады.

– Халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмей­ді» деп дұрыс айтқан. Марфуға Бектемірованың соңында жа­лын­ды жырлары мен әсем әндері қалды. Бұл қазақ әде­биетіне, ұлттық руханиятымызға қосыл­ған сүбелі үлес екені даусыз. Қол­жазба күйінде қалған өлеңдері мен әңгіме, повестерін жи­настырып, мемлекеттік тапсырыс бойынша шығару, туындыларын ағылшын, француз, испан, араб тілдеріне аударып, әлем жұрт­шылығына таныту, есімін ұлық­тап, Алматы, Астана, Көкшетау, Қостанай көшелері мен мектеп­терінің біріне беру керек. Осы игі іске билік басындағы көзі ашық, көкірегі ояу намысшыл азамат­тар, тілектес кісілер қол ұшын береді деп үміттенемін. Бүгін Марфуға Бектемірованың туған күні. Айтулы күнге орай, өзі түлеп ұшқан мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатуға дәнекер болып, жанашырлық танытқан «АMANAT» партиясының бас­шылығына, Ақмола облысын­дағы Бурабай ауданы мен Щу­чинск қаласының басшыларына, Бибігүл Қуанышқызы басқара­тын 9-шы гимназия ұжымына отбасымыз, туған-туысқандар, достарымыз, Марфуғаның шы­ғар­машылығын құрметтейтін мыңдаған оқырман атынан алғыс айтамыз, – деді Есенгелді Сү­йінов.