Америкалық профессор Майкл Браун­ Қа­зақстанға алғаш рет 2012 жылы Вайоминг универси­теті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында өзара ынтымақтастық келісімшарт жасау үшін келген.
Майкл Браун, профессор: Тамырымды Шұбарағаштан таптым
3,577
оқылды

Ол уақытта ғалым бұл сапарының қазақ жерінен өз туыстарын табуға жасалған алғашқы қадамы екенін білмеген еді. Профессор Майкл Браун Вайоминг университетінің Журналистика және коммуникация мектебінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазір Ресейден қоныс аударған немістердің Америкалық тарихи қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі және олардың ғылыми журналының редакторы. Профессор Браун ресейлік немістердің Қазақстанға да қоныс аударғанын алғаш білген сәттен бастап олардың өмірін зерттей бастайды, соның барысында ата-бабасының Қазақстанда да өмір сүргенін  анықтаған. Биыл қыркүйек айында ғалым Астананың солтүстік-батысындағы Карамышевкаға арнайы барып, ата-бабасына зиярат етіп қайтты. Профессорға сапарлас болып, оның бұл зерттеуі мен ізденісі жайлы сұхбаттасқан едік.

– Профессор Браун, әңгіме­міз­­дің әлқиссасын мұхиттың ар­ғы жағындағы америкалық от­басың­ыздың Қазақстандағы неміс хал­қы­мен қандай байла­нысы бар деген сауалдан баста­сақ? Қазақ­станда туыстарым бол­уы мүмкін деген ой сізге қай­дан келді?

– Менің туыстарым 1764 жылы Саратовтың оңтүстігіндегі Еділ (Волга өзені) аймағына қон­ыс­танады. Алғашында олар­ды Екатерина ІІ шақырып, неміс мә­де­ниетін, дінін және тілін сақ­тауға рұқсат берген. Көп жыл бо­йы оларды салық төлеуден бос­ат­қан және балаларын патша әскері қатарында қызмет етуге мін­деттемеген. Ресейде қоныс тепсе де, олар неміс екенін ұмыт­пады. Арғы атам балаларын ал­ып, 1912 жылы АҚШ-қа қоныс ауда­ра­ды, әйтсе де, туысының көбі Ресейде қалып қойған. 1920 жылдардың соңына қарай бұрын­ғы Кеңес Одағы туыстарымызбен байланыс құруға рұқсат бермеді де, байланысымыз үзілді. Туыс­тары­мыздың жартысы ашаршы­лық кезінде қайтыс болған, кей­бірі атылды, аман қалғаны Сібір мен Қазақстанға жер аударған. 

Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстанда шамамен 1 милли­он­ға жуық неміс ұлты болған. Кей­ін­деу олардың көпшілігі Гер­мания мен басқа да шетелдерге көшіп кетті. Осы елде тұрақтап қалғаны аз ғана бөлігі туралы, ол­ар­дың тарихын зерттегім келді. 2016 жылы Вайоминг универ­сите­тінен бөлінген гранттық қар­жыландырумен Қазақстанға немістердің тарихын зерттеуге келдім. Немістер алдымен Ресей­де тұрып, кейін Сталиннің бұй­ры­ғымен Қазақстанға жер аудар­ыл­ған. Олардың бірі 1920 жыл­­дар­дың соңында «кулак» (бай шар­уа) деп қудаланса, 1941 жылы Гитлер Ресейге басып кіргенде жүз мыңдағаны жер аударған. Қара­ғанды қаласы немістер көп қоныстанған өңірдің бірі болған­ын білгеннен кейін алғашқы зерттеуімді сол қаладан бастадым. Қара­ғандыға келгенімде Еділ өңірінен қоныс аударған неміс­тер­мен сөйлестім, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген неміс осында шоғырланғанын білдім. Содан 1920 жылдары немесе 1940 жылдары жер аудар­ған туыстарымды осы өңірден табармын деген үміт пайда болды.

– Қазақстандағы туыстарың­ызды анықтауға кімдер көмектес­ті? Іздеу жұмысы қалай басталған еді?

– Қазақстанға келгенде алғаш тапқан деректерім таң қалдырды. Қасымда еріп жүрген қазақстан­дық әріптесім Асқат Еркімбай Еділ аймағындағы отбасымның ауылының атын сұрағанда Кара­мыш өзенінің жағалауындағы Карамышевка ауылы екенін айт­тым. Асхат Астананың сол­түстік-батысында да Карамышев­ка де­ген ауыл бар екенін айтты. Зерт-теу нәтижесінде Кеңес Одағы құрылғанға дейін бұл ауылды осында қоныстанған немістер құрғаны анықталды. Бұл маған үлкен тосынсый  болды, себебі туыстарым осы ауылда тұр­уы әбден мүмкін еді, тарихи мәлім­еттер іздей бастадым.

2016 жылы Қарағандыға са­парымнан кейін осы тақырыпта көп іздендім. Осы тақырыптарды зерттеуші ғалымдар туралы де­рек­тер жинадым. Араға бірнеше жыл салып, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің профес­соры Арайлым Мұсағалиева және оның әріптесі Роза Мұсабек­овамен байланыс орнаттым. Бұл қазақстандық ғалымдар Қазақ­стан­дағы немістер туралы зерттейді. Оларға аталарым­ның тегі «Брух» деп жазылғанын айтып, Карамышевкаға бара қал­са, ата-бабам жайлы ақпарат қарастыруын өтіндім. Бір қызы­ғы, сол уақытта Арайлым мен Зәуре Карамышевка туралы мұрағат деректерімен зерттеу жасап жатқан екен, маған 1920 жылғы халық санағы мәліметтерін жіберді. Бұл құжаттан жиырмаға жуық туысымның есімін таптым. Сонымен қоса, бұл ауылда 1920 жылдары тек неміс ұлты тұрғаны белгілі болды. Таң қалдым. Себебі мұндай құнды деректерді таба­мын, тіпті сол ауылға баруға бо­ла­ды деп үміттенбеген едім.

– Ал Карамышевка ауылына қалай бардыңыз? Отбасы тарихын тануға тың деректер таба алдыңыз ба?

– 2024 жылдың қыркүйек ай­ын­да Қазақстанға келуді жос­пар­ладым. Сапардың негізгі мақсаты – Вайоминг университе­ті мен ҚазҰУ арасындағы байла­ныс­ты дамыту болды. Біз алғаш ҚазҰУ-мен келісімшарт жасаған 2012 жылдан бастап тығыз жұмыс істеп келеміз. Карамышевкаға сапарым отбасымның тарихы үшін маңызды боларын күтпеген едім. Бұл сапарды жоспарлап жат­қанда әріптес ғалымдар Арайл­ым Мұсағалиева мен Роза Мұса­бекова бізге қосылуға ниет біл­дірді, Қазақстанда тұрған неміс ұлтының тарихына қатысты құн­ды ақпараттар берді. Арғы ата-бабама дәм-тұз бұйыртқан қазақ еліне келгеніме, отбасылық тар­их­ымыздағы аңызды ақиқатқа ай­нал­дыруға себепші болған Ка­рам­ышевка ауылына жол түс­кеніне және мен үшін маңызы зор болған сапарда жанымнан жақсы адамдардың табылғанына шексіз ризамын.

Қазір Қарамышевка ауылы­ның атауы Шұбарағаш деп өзгер­тілген және мұнда немістер қал­ма­ған. Көпшілігі Кеңес Одағы ыды­ра­ғаннан кейін Германияға көшіп кеткен. Бұл сапарда зират­қа барып, көп туысымның бейітін таптым. Зираттағы белгі­лерде олардың суреті, аты-жөні, олар­дың туған және өлген жылы көр­сет­ілген. Туыстарымның зират басында тұрып, қазіргі отбасым олардан хабарсыз екенін ойладым және арғы ата-бабамның жатқан жеріне келгеніме шексіз қуан­дым. Жиырмадан астам туысым­ның бейітін таптым, ең көнесі 1940 жылдардан басталады. Өкінішке қарай, ескі зираттағы бейіттердің көпшілігінде белгідегі жазулар өшіп қалған. Көп туы­сым сол жерде жерленгеніне сен­ім­дімін. Бір қызығы, зират басы­нан сыртқа шыққанда біздің кім екенімізді білмекке ауыл тұрғыны жақындады. Ол кісі ұзақ жылдар бойы осы ауылда қызмет еткен зейнеткер екен. Оның айтуынша, бұл ауылда Брухтар отбасы ерек­ше танымал болған.

– Профессор Браун, бұл са­пары­ңыз ғылыми зерттеуіңізге көмек­тесе ала ма? Болашақ жос­пары­ңыз қандай? 

– Бұл сапар – менің ғылыми зерттеуімнің басы да, соңы да емес. Отбасылық тарихымды тер­ең­ірек зерттеуге арналған жаңа мүмкіндік деп ойлаймын. Қазір Ресейлік немістердің Амери­ка­лық тарихи қоғамының мүшесі­мін және болашақта осы қоғам­дас­тық өкілдерімен кездесіп, Қазақстанға сапарым туралы тәжірибеммен бөлісемін. Бір айта кетер­лігі, осы қоғамдастыққа мүше неміс ұлтының кейбір өкіл­дерінің өз ата-бабалары Қазақ­стан­да тұруы мүмкін деген бол­жамы болғанымен, нақты де­ректері жоқ. Олар үшін менің Кара­мы­шев­каға сапарым туралы ақ­парат пайдалы боларына сенімді­мін және олар менімен кездесуді асыға күтуде. Бұл сапарым өзім­нің тек отбасылық тарихымды ан­ық­тау қажет деген жеке мүдде­лік қызығушылымнан да асып түскен сияқты. Себебі Америка­дағы ғалымдар Қазақстандағы немістер туралы білетін болады және Қазақстан  АҚШ-пен өзара тығыз қарым-қатынас орнатыл­ған ел ретінде таныла түсері сөзсіз. 

Осы сапар барысында түй­гені­м, отбасымның тарихын бұрынғыдан да тереңірек түсіне­тін болдым және Қазақстанмен байланысымның салмағы бұрын­ғыдан да артқанын сезіндім. Қа­зақ­­станға келген алғашқы сап­арымнан 12 жыл өткенде мұн­дай нәтижеге қол жеткіземін деп күтпеген едім. Өзім және отбасым атынан осы сапарымның сәтті болуына атсалысқан барлық қа­зақ­­стандық достарыма, ғалым­дарға, «Хабар» арнасының түсір­ілім тобына айтар алғысым шек­сіз. Менің Қазақстанға сапарым әлі де жалғасады деп сенемін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Қарлыға МЫСАЕВА