Бала үшін отбасынан кейін ең сенімді, қаупі аз, білім мен тәрбиенің қайнар бастауы болуға тиіс мектепте оқушылар тамақтан уланды.
Уланған баланы уайымдаған кім бар?
581
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, оқушылар, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақ ішуге тиіс. Алайда Президенттің бұл тапсырмасын жергілікті атқарушы билік органдары дұрыс атқарып отыр ма?

Естеріңізде болса, 7 қыр­күйек­те Маңғыстау облы­сы Мұнайлы ауданындағы Бес­шо­қы ауылының (бұрынғы Маң­­­­ғыстау-5) №8 мектебінде бірінші ауы­сым­ның 1-4-сынып оқушылары мек­теп асханасынан ішкен тамақтан жап­пай уланғанын БАҚ жа­ры­са жазды. 8 қыркүйекте 141 ба­ла ме­ди­циналық көмекке жүгін­ге­ні бел­гілі болды. Оның ішінде, 82 оқу­шы емханада емделіп, 43-і үй­де дәрігерлердің бақылауына алын­­ған, ал 16 бала ауруханаға жат­­­­­­­қызылған. Бұл оқиға бойын­­ша облыста жедел жұмыс то­бы құрылып, Қылмыстық ко­дек­стің 304-бабы (Санитариялық қағида­ларды немесе гигиеналық норма­тивтерді бұзу) 1-бөлімі бойын­ша іс қозғалып, облыстың Ұлттық сараптау орталығының зерт­хана ма­мандары жоспардан тыс эпи­демиологиялық тексеру жүргізді. Дайын тамақ өнім­дерінен, су және асхана қыз­мет­кер­лерінен бактериологиялық тек­серуге сы­на­малар алынған. Вед­­моство мек­теп асханасын са­нитариялық-эпидемио­ло­гия­лық тексеру ба­ры­сында өрескел са­ни­тарлық бұзылушылықтар анық­тал­ғанын хабарлады.

Оқиғаға қатысты Денсаулық сақ­тау, Оқу-ағарту министрлерін және Маңғыстау облысының әкі­мін тыңдаған Премьер-Министр Олжас Бектенов  бір ай ішінде республикадағы барлық мек­теп­тердің асханасында санита­рия­лық-эпидемиологиялық талап­тар­дың сақталуына мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Ас – адамның арқауы» деген тәм­сілге сүйенсек, балалардың дұ­рыс тамақтануын қамтамасыз ету – бұл мектептегі тамақтану жүйе­сін жетілдіруден бастап, бала денсаулығы мен салауатты өмір қа­лыптастыру іс-шараларын өт­кізуге дейінгі кешенді шешімді қа­жет ететін негізгі міндет санала­ды. Сондай-ақ баланың үйде қа­лай тамақтанатыны және мектеп­те­гі ас мәзірін қадағалаудың маңы­зы зор. Салғырттықтан сан со­ғып қалмас үшін еліміздің мек­теп асханаларына санитарлық-эпи­демиологиялық тексеріс жүр­гізу­мен қатар, тамақ өнімдерін жет­кізуші компаниялардың да жұ­­мысына үнемі мониторинг жүр­­гізілуі керек. 

Маңғыстаудағы жағдайдан кейін біз Оқу-ағарту ми­нистрлігі мен Денсаулық сақтау министр­лі­гіне хат жолдап, мектеп асхана­ла­ры­на қатысты СЭС-тің жауап­кер­шілігі қандай, азық-тү­лік өнім­­дерінің сапасы, қауіп­сіз­ді­гі және сақтау мерзіміне бай­ла­нысты талаптарға кім жауап бе­­­­реді, мердігер компанияларға ба­­қылау бар ма деген сұрақтарға жауап іздеген едік.

Оқу ағарту министрлігінің ұзын-сонар жауабын (4 бет) жолдапты. Онда  «Маң­ғыс­тау об­­лыстық білім басқармасы, ау­дан­дық, қалалық білім бөлімдері мек­теп басшыларымен, әлеу­мет­тік педагогтермен және өңірлік Бала құқықтары жөніндегі өкілдің қатысуымен тамақтандыруды ұйым­дастыру мәселесі бойынша шұғыл жиналыс ұйымдастырылды. Өңірлерге ыстық тамақты ұйым­дастыру сапасын және балалардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында еліміздің барлық мек­тебінде тамақтануды ұйым­дас­тыру мониторингін жүргізу және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау, бракераж комиссияларының қыз­меті, тамақтандыруды ұйым­дас­тыру жөніндегі өнім берушілердің біліктілік талаптарға сәйкестігі жө­ніндегі шарттық міндеттеме­лер­дің орындалуы секілді талап­тар­дың орындалуын ведомс­твоара­лық сараптамалық топтар арқылы бақылауға алу туралы тапсырма берілді. Өнім беруші қыз­меттерді сатып алу туралы жа­сал­ған шарттар бойынша өз мін­дет­темелерін мүлдем не тиі­сінше орындамаған жағдайда тап­сырыс беруші жосықсыз өнім бе­руші­лер­дің тізбесін қалып­тас­тыру қағида­ларына сәйкес, өнім берушінің міндеттемелерді бұзу фактісі тура­лы өзіне белгілі болған күннен бас­­тап күнтізбелік отыз күннен ке­шіктірмей, өнім берушіні ба­ла­ларды тамақ­тан­дыру­ды қамта­ма­сыз етуге бай­ла­нысты қызметтерді жо­­сықсыз жет­кізуші деп тану ту­ра­лы талап арыз­бен сотқа жүгі­неді», – де­лінген. Іліп алар тұжы­рым, нақ­ты жауап жоқ.

Ал Денсаулық сақтау министр­лігі атынан хатымызға жауап бер­ген (4 бет) Санитарлық-эпиде­мио­­­­логиялық бақылау комитеті төра­ғасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, ми­нистр­лік бақылаудағы объекті­лер­ге, оның ішінде білім беру объек­ті­леріне мемлекеттік бақылау мен қа­дағалауды жетілдіру бойынша бел­гілі бір жұмыс жүргізуде.

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бек­теновтың тапсырмасы бойынша ас блог­тары­ның мониторингі 2024 жылғы 9 қыркүйектен басталды, ол Білім бас­қармасымен және Санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлескен бұйрығы бойынша жүргізіледі. Мониторинг жүргізу кезінде барлық мектептiң ас­ханасында санитариялық-эпи­демиологиялық талаптардың сақ­талуы тексеріледі. Бүгінде мо­ни­то­­рингпен 4 663 мектеп ас­­ха­налары қамтылды. Анық­тал­ған бұзу­шы­лықтар бойынша халықтың са­нитариялық-эпи­де­мио­ло­гиялық са­лауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында ас блогы қызмет­кер­лерімен, мектеп әкімшілігімен және тамақтандыру қызметтерін жет­кізушілермен түсіндіру жұ­мыс­тары мен семинарлар өткізі­лу­де. Бұл бағыттағы жұмыс жал­ға­суда», – деді ведомство өкілі.

Егер құзырлы Һәм жауапты органдар бала денсаулығы үшін тамақтанудың, тамақтану мә­дениетін қалыптастырудың қан­шалықты маңызды екеніне алаң­­даған болса, оқушылардың улануына жол бермес пе еді?! «Бо­лары болып, бояуы сіңген соң», оның өзінде Премьер-Министр тап­сырма бергеннен кейінгі бізге берген жауабы: екі министрліктің де, «тексерілуде», «тапсырма бе­рілу­де», «жиналыс өтуде» «жауап­қа тартылуда», «ата-аналар мен қыз­меткерлердің сауатын ашу жұ­мыстары жүргізілуде» дегеннен ас­пады. Мәселенің мән-жайын ашып, себеп пен салдарды ажыра­тып, негізгі міндет пен мақсатты айқындап, нақты шешіліп жауап беруге құлқысыз.

Бала – болашақ, ел ертеңі деп жиі айтамыз. Бірақ елімізде олар­дың қауіпсіздігі мен саулығы то­лық қорғалмағанын дәлелдейтін факт көп. Мінберлерде бала құқы­ғы туралы айтып, заңдар қабыл­дап, өзгерістер мен түзетулер ен­гіз­­генімен нақты атқарылған істің оң нәтижесі көрінбейді. Маң­ғыс­таулық балалардың улануына қа­тысты «AMANAT» партиясы фрак­циясының депутаттары Пре­мьер-Министрдің орынбасары Та­мара Дүйсеноваға сауал жолдап, оқу­шыларды ыстық тамақпен қам­­тамасыз етуге қатысты мәсе­ле­лерді шешу бойынша үш ұсы­ныс берген болатын. Де­пу­тат­тар­дың ұсынысына Тамара Дүй­се­нованың көзқарасы қандай және жалпы жағдайға қатысты Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын білу үшін хабарласқан едік, жауап болмады. 

Астана мектеп асханаларындағы жағдай қалай?

Астана қаласы Білім бас­қар­масы республикадағы барлық мек­тептің асханаларында са­ни­тариялық-эпидемиологиялық та­лаптардың сақталуына мони­то­ринг жүргізу туралы Премьер-Ми­нистрдің тапсырмасына сәй­кес бірқатар жұмыс атқарыпты. Бір айға жуық тексеріс нәтижесі ту­ралы Білім басқармасының жа­нынан құрылған ведомствоаралық эксперттік топтың мүшесі, тамақ­тану саласында тәуелсіз сарапшы Бақ­тыхан Шанбаеваның айтуын­ша, мектептердің санитарлық-эпи­демиологиялық қауіпсіздік мә­селелері «Халықтың сани­тар­лық-эпидемиологиялық салауат­тылығы туралы» заңымен рет­те­леді. Осы заңға сәйкес, жергілікті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері (СЭБД) оқушылардың денсаулығы мен олар­дың мектептегі жағдайын ба­қылауды жүргізуге міндетті. Білім бас­қармалары СЭБД функция­ла­рын өз бетінше орындай алмайды, бірақ олармен тығыз ынтымақ­тас­тықта бола алады.

– 2023 жылғы 23 қаңтарда Ас­та­на қаласында тамақтану сапа­сын бақылау бойынша ведомст­воа­ралық сараптама тобы (МЭГ) құ­рылды. МЭГ бракераждық ко­мис­сиялардың жұмысын жүйелі түр­де қадағалап, оқушыларды та­­­­­мақ­тандыруды тиімді ұйым­дас­тыру бойынша шаралар қабыл­дай­ды. 

Тағам сапасын бақылау мек­теп бас­шылары мен бра­кераждық ко­миссияға жүктел­ген. Олар тек бал­ғын өнімдерді пай­далануын жә­не олардың бел­гіленген стан­дарт­тарға сай болуын қа­­да­ғалауы керек. Жарамдылық мер­­зімі өткен немесе сапасыз өнім­­дерді қолдану үшін жауап­кер­шілік жеткізушіге жә­не мектеп әкімшілігіне жүк­те­леді.

Қазақстан Республикасының заң­намасына сәйкес, мектеп ас­ханаларында жұмыс істейтін ас­паздар мен басқа да қызметкерлер ме­дициналық тексеруден өтіп, са­нитарлық кітапшалары болуы қа­жет. Олар кәсіптік біліктілікке ие болуы керек. Тамақтандыру қыз­меттерін жеткізушілерді таң­дау 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрыққа сәйкес жүзеге асы­рылады. Конкурстық рәсім­дер­ді Астана қаласының Активтер жә­не мемлекеттік сатып алулар бас­қар­ма­сы жүргізеді, – деді тәуел­­сіз сарапшы Бақтыхан Ха­сен­қызы.

Оның айтуынша, биылғы оқу жы­лының басында-ақ астаналық МЭГ мектептерде тамақтануды мо­ниторингілеуді бастады. Қазір қа­ланың 50 мектебі тексерілді.

– Астана қаласындағы кейбір мек­тептер дені сау тамақтану бағ­дар­ламасына пилоттық режимде қа­тысты, бүгінде пилоттық жоба аяқ­талды. Мектеп оқушылары са­нитарлық нормаларға сәйкес, «Ме­дициналық университет Ас­та­на» ұлттық акционерлік қоғамы әзірлеген және бекіткен бірегей мәзір бойынша тамақтанады.

Мектептердегі тамақтану Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің № 320 қаулысымен реттеледі. Осы құ­жатқа сәйкес, мектеп асха­на­лары теңгерімді, қауіпсіз және пайдалы тамақпен қамтамасыз етуге міндетті, – деді маман. 

 

ТҮЙІН: 

Мектеп асханаларындағы тамақ сапасының және аспаздардың талапқа сай болмауының салдарынан оқушылар жапа шекті, денсаулығына белгілі бір деңгейде нұқсан келді. Премьер-Министр тапсырма бергеннен кейін ғана мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіліп жатыр. Не қылса да, бала құқы мен денсаулығын қорғауда айтылып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болғанын көретін күн де туар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ