Дерекке сәйкес, еліміз бойынша бұл күні 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Референдум: ХҚКО азаматтарды уақытша мекенжайға тіркеп жатыр
457
оқылды

Елімізде болып жатқан саяси науқанға сәйкес тұрғылықты тіркеуі жоқ Қазақстан азаматтары сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша қайта тіркеуден өтіп жатыр. Аталған қызметті ХҚКО мамандары көрсетіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дерекке сәйкес, еліміз бойынша бұл күні 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 196 дауыс беру учаскесіне халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жұмылдырылған. Олар тіркеуі жоқ азаматтарды сайлау учаскесінің орналасқан жері бойынша уақытша тіркеуге тұрғызады. Мұндай шешім қазақстандықтардың өзінің дауыс беру құқығын пайдалана алу үшін қабылданып отыр.

“Айта кету керек, референдум күні ХҚКО қызметкерлері сайлау учаскесінде сағат 7:00-ден бастап 20:00-ге дейін азаматтарды бір күнге уақытша мекенжай бойынша тіркейтін болады. Егер тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азамат дауыс беру үшін мектеп, колледж немесе ауруханаға жүгінсе, оны сол мекемеде тіркейді. Сәйкесінше бұл күні дауыс беруге ниет білдірген азамат автоматты түрде тіркелген жерінен шығарылып, тұрғылықты мекенжайы бойынша қайта тіркеледі. Тиісті жұмыстар Қызылорда облысында өз деңгейінде жүріп жатыр”, – дейді бұл жайында Қызылорда облысы бойынша ХҚКО баспасөз хатшысы Аслан Сағындық.

Соңғы мәліметке сәйкес, облыс бойынша 5 учаскеден 14 азамат дәл осы қызметке жүгініп, дауыс беру құқығына ие болып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы