Ол атылғанға дейін үш ай түрмеде отырған...
Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл: жазушы жайлы деректер
2,313
оқылды
Көрнекті жазушы, Алаш қайраткері Бейімбет Майлин туралы деректер:
 
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938)  қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш»  сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930); «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) және Ғабит Мүсіреповпен және А.Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды. Туып-өскен жері  қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айырылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады. Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. 
 
1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазу­шылықпен шұ­ғылдана бас­тай­ды. «Қа­зақ», «Ауыл» газеттері мен «Ай­қап», «Садақ» журнал­дарына жа­зып тұрады. Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қа­заққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалала­рымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңге­рушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
 
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-се­гіз адам жетекшілік ет­кені мәлім. Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетін  шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басы­лымдарының бас редак­торы болып жұмыс істейді. 
 
Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары елуге жуық кітап, жинақ жариялаған. Оның "Бейімбеттің өлеңдері", "Шұғаның белгісі", "Раушан  коммунист", "Он жылда", "Колхоз", "Асулардан асқанда", тағы басқа шығармалары сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік-тынысын суреттеді. Майлиннің кітаптарында көптеген өлең, поэма, әңгімелер мен очерктер, повестер мен романдар, пьесалары бар. Бейімбеттің ақындық шығармашылығы 1912 жылдан басталады. Онда қазақ халқының өміріндегі маңызды оқиғалар, қоғамның зәру мәселелері көтеріледі. "Мұқтаждық", "Мал", "Байлыққа", "Қарынға" деген өлеңдерінде кедейлердің мұң-зарын ашық көрсетіп, әділетсіздікті сынады.

Бейімбет Майлин өте қарапайым адам болған. Дүниеге қызықпаған. Оған бір оқиға дәлел. 1926 жылы жұбайы екеуі ауылға қыдырып бармақшы болады. Алайда Би ағаның қолы тимей, бөгеліп қалады.

Күнжамал өзі барады. Ол кезде Майлиннің қаламақы көбірек алған кезі еді. Күнжамал жарымның көңілін көтерейін деп, ауылға келе сала, пәуескеге арба сатып алады. Бұдан бөлек, құлынды бие, сиыр, қой, тіпті жиһаз алып, шөп шабатын арба да алып қояды. Осыны жеткізейін деп, отағасына хат жазады. Хатты оқыған Бейімбет Майлин қатты ашуланады.

"Бұл не деген масқара! Мені саудагер деп ойлап жүрсің бе? Анау дүниенің бәрін құрт, жұртқа тарат, сат!", деп жауап жазған екен.

Бейімбет Майлин алдымен партия қатарынан шығарылды. Одан кейінгі тергеу 53 күнге созылды. Атылғанға дейін тағы үш ай түрмеде отырды. Сол кездегі отбасының жағдайын Майлиннің қызы – Рәзияның хатынан анық байқауға болады.

"Ардақты әкем Бейімбет сталиндік репрессия кезінде 1937 жылы қазанның 6-сында жазықсыз "халық жауы" деген жаламен қамауға алынып, 1938 жылдың 26 ақпанында НКВД-ның түрмесінде атылды. Ал 1938 жылдың 13 сәуірінде шешем "халық жауының әйелі" ретінде 8 жылға сотталып, лагерьге айдалды. Ал біз, балалары  Мереке, Еділ және мен Семейдегі балалар үйіне жіберілдік. Ал екі жасар кенжеміз – Гүлсімді Алматыдағы сәбилер үйіне орналастырды. Бұл уақытта үлкен ағамыз Әукен Қостанайда болды. Біздің балалық шағымыз өте ауыр, қиын жағдайда өтті. Ол кезде мен 12 жасар баламын. Әке-шешеден тірідей айырылған бес баланың тағдыры не болушы еді. Біздің көргенімізді, көл болған көз жасымызды адамның басына бермесін!", деп жазды Рәзия Бейімбетқызы.