Оның пікірінше, бұл көрсеткішке жетуде Халықтық штабтың бір айға созылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өту қажет.
Алмас Айтмұқаш: Референдум – халықтың энергетикалық саясатты дұрыс бағалап, маңызын түсінгенінің көрінісі
910
оқылды
ҚР Орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Бұған қатысты сарапшы Алмас Айтмұқаш та пікір білдірді. Сөзінше, референдум халықтың мемлекет жүргізіп отырған энергетикалық саясатты дұрыс бағалап, алдағы онжылдықтардағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызын түсінгенін көрсетеді.
АЭС құрылысына қолдау білдірген қазақстандықтардың үлесі 71%-дан жоғары. Соның ішінде, Абай облысы бойынша референдумға қатысқан 283 365 адамның 199 413-і АЭС салу бастамасын қолдады.
 
Бұл халықтың мемлекет жүргізіп отырған энергетикалық саясатты дұрыс бағалап, алдағы онжылдықтардағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызын түсінгенін көрсетеді. Атом энергиясын пайдалану Қазақстанның көмірсутекті ресурстарға тәуелділігін азайтып, елдің экономикалық дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жоба халық үшін ұзақмерзімді пайдасы мол қадам ретінде қабылданып отыр.
 
Бұл көрсеткішке жетуде Халықтық штабтың бір айға созылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өту қажет. Штабтың белсенді әрекеттері халықтың атом энергетикасы туралы түсінігін арттырып, жобаның экологиялық және экономикалық артықшылықтарын кеңінен насихаттады. АЭС құрылысының маңызын халыққа ашық әрі қолжетімді тілде түсіндіру, тәуекелдерді азайту жолдарын көрсету осы жоғары қолдау деңгейінің қалыптасуына септігін тигізді.
 
Сонымен бірге бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Халықтың пікірін ескеріп, стратегиялық шешімдерді қоғамның талқысына салу мемлекеттің халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтінін көрсетеді. АЭС сияқты маңызды жобалар бойынша осындай ашық және демократиялық процестер жүргізу халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтады. Бұл қадам елдің дамуына бағытталған шешімдерге азаматтардың тікелей қатысуын қамтамасыз етіп, олардың өз болашағына ықпал етуіне мүмкіндік береді, дейді сарапшы А.Айтмұқаш.