Қонаев қаласынының орталық көшелерінде таңертеңнен бері «AMANAT» партиясының жас белсенділері қаланың әр бұрышында үгіт-насихат парақшалары мен жарнамалық материалдарды жинап жүр.
Алматы облысында «AMANAT» партиясы үгіт-насихат материалдарын жинау акциясын бастады
942
оқылды

Референдум аяқталғаннан кейін «AMANAT» партиясы науқан кезінде таратылған үгіт-насихат парақшалары мен жарнамалық материалдарды жинау шарасын қолға алды. Партия мүшелері бұл қадамды саяси жауапкершілікті арттырудың және қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың бір бөлігі ретінде қарастырып отыр.

Аймақтағы жастар ұйымының мүшелері үгіт парақшаларын жинап, қоғамдық орындарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бастама қоғамда назар аударып, экология мен тазалық мәселелеріне байланысты пікірталас тудырды. Алғашқы акцияның өзінде Алматы облысының бірнеше ауданындағы көшелер тазаланып, үгіттік материалдар толығымен жиналды. Әлеуметтік желілерде де бұл бастама қолдауға ие болып, көпшілік тарапынан оң пікірлер айтылып жатыр.

«Бұл акция біздің партияның науқаннан кейін де қоғамға қызмет ететінін көрсететін маңызды қадам. Референдум сияқты үлкен саяси оқиғадан кейін тазалықты сақтау – біздің халық алдындағы жауапкершілігіміздің бір көрінісі. Науқан кезінде көшелер мен қоғамдық орындарға ілінген үгіт-насихат материалдары халыққа маңызды ақпарат жеткізді. Бірақ науқан біткен соң оларды алып тастап, тазалықты қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Бұл тек тазалық емес, біздің мәдениетімізді және жауапкершілігімізді білдіреді», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының өкілі Әсем Елиманова .

Қонаев қаласынының орталық көшелерінде таңертеңнен бері «AMANAT» партиясының жас белсенділері қаланың әр бұрышында үгіт-насихат парақшалары мен жарнамалық материалдарды жинап жүр. «Жастар рухы» ұйымының мүшелері ұйымдастырған бұл акция қоғамның назарын аудартпай қоймады.

«Біз тек үгіт-насихат кезеңінде ғана белсенді болғымыз келмейді. Халыққа қызмет ету – біздің басты миссиямыз. Науқан аяқталған соң, артына қоқыс қалдырып кету бізге жат қылық. Сондықтан біз осы акция арқылы елдің жауапкершілікті сезінуіне үлгі болғымыз келеді. Бұл біздің елге, қоғамға және өз таңдауымызға деген құрметіміз. Артымыздан із қалдырмай, тазалықты қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Бұл қарапайым қадам болса да, оның маңызы зор», – дейді «Жастар рухы» ЖҚ-ның белсендісі Медет Бекбергенов.

Айта кету керек, бұл тазалық акциясы Алматы облысымен шектелмей, еліміздің басқа да аймақтарында жалғасып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram   арнасынан таба аласыз.