Еліміз өзінің тәуелсіздік та­рихында жаңа кезеңге қадам басты. Бұл экономикалық та, қоғамдық та, энер­гетикалық та, тіпті ғы­лыми-технологиялық тұр­ғыда да ел дамуына серпін берген бастама бол­ды.
Референдум-2024: Қазақстан халқы өз таңдауын жасады
1,326
оқылды

6 қазан күні АЭС салу мәселесі жөніндегі жал­пыұлттық референдумда Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Дауыс берген ел азаматтарының 71,12%-ы атом электр стансасын салу­ды жақтайтындарын білдірді.

АЭС-ті консорциум салады

Бұған дейін де айтқанымыздай, АЭС салу мәселесі елімізде ең алғаш рет сонау 1997 жылы көтерілген бола­тын. Ол Ақтаудағы БН-350 реакторы әлі жұмыс істеп тұрған кез еді. Содан бе­рі түрлі нұсқа ұсынылып, түрлі жоба қа­растырылды. 2006 жылы ол Ақ­тау­дағы МАЭК-тің базасында орна­лас­ты­рылатын болды. 2010 жылы Кур­ча­тов­та салу жоспарланды. 2015 жы­лы Курчатов пен Үлкен елді мекендерінде са­лынатыны айтылды. 2017 жылы МАГАТЭ-нің қабырғасында «Қазақ­стан­да АЭС салу туралы шешім 2018 жыл­дың аяғына дейін нақты қабыл­да­натын болады» деп мәлім етілді. Осы­лайша, соңғы нүктесі 2024 жылы 6 қа­занда қойылды. Бұл АЭС салу тура­лы қоғамдық пікірдің ұзақ жылдар бой­ғы сан мың толғаныс пен пікір­та­лас барысында пісіп-жетілген уақыты еді. Сондықтан да «Қазақстан қоғамы ре­ферендумға дауыс беруге моральды түрде дайын келді» деуге болады. Өз ке­зе­гінде Мемлекет басшысы мұндағы таңдауды қазақстандықтардың өзіне берді. Тек көптің көкейінде тұрған бір сауал: «оны кімнің салатындығында» еді. Бұған референдум кезінде дауыс берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тән парасатпен жауап берді.

«Бұл оңай мәселе емес. Үкімет тал­дау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік ком­­паниялардан құралған халы­қа­ра­лық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді», – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ор­талығында орналасқан №211 ре­фе­рен­дум учаскесіне барып өз таңдауын жа­сады. Одан кейін отандық бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, көпті толған­дыр­ған сұрақтарға жауап берді.

Халықтық штаб халық арасында

2 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әді­летті Қазақстан: заң мен тәртіп, эко­но­микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында елімізде атом электр стан­са­сын салу мәселесіне қатысты жал­пыұлт­тық референдум биылғы жыл­дың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиіс­ті Жарлыққа қол қойған еді. Осы­ған орай 5 саяси партия мен 20-ға жуық респуб­ликалық қоғамдық бір­лес­тіктердің 250-ге жуық өкілінен АЭС салуды қол­дау жөніндегі Халық­тық штаб құрылды. Альянсқа біріккен саяси ұйымдар – «AMANAT», ҚХП, «Ақ жол», «Ауыл» және «Байтақ» партия­лары.

Анығын айтқанда, референдумға дайындық барысында басты салмақ АЭС салуды қолдау жөніндегі осы Халықтық штабқа түскені рас. Қоғам ара­сында қозғау салып, түрлі фор­мат­тағы пікірталастар ұйымдас­тыр­ған олар еліміздің барлық 17 өңі­рін­де, 3 ме­гаполисінде жұмыс істеді. Құры­­лы­мы бойынша Республикалық және өңір­лік штабтар болып бөлін­ген ын­та­лы топтың үгіт-насихат жұ­мыс­тары­на барлық деңгейдегі де­путаттар, ми­нистрліктердің ма­ман­дары, тәуел­сіз сарапшылар, ел аға­лары, партия­лар­дың әйелдер қа­наты, жастар қана­ты, қоғам бел­сен­ділері кәсіпкерлер, жалпы бар­лық әлеуметтік топ өкілдері атса­лысты. Олар бір ай бойы барлық өңір­ді, алыс аудан, ауыл­дарды ара­лап, еңбек ұжымдарымен, жас­тар­мен, зия­лы қауым өкілдерімен, бұ­қара жұрт­шылықпен көптеген пі­кір­таластар, кез­десулер, қабылдаулар өткізді.

Осы кең ауқымды жұмыстардың бар­лығы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» пар­тия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов өт­кіз­ген АЭС салуды қолдау жөніндегі Ха­лықтық штабтың 4 қыркүйек күнгі алғаш­қы отырысынан басталды. Мәжіліс Спи­кері бүгінде энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алдыңғы орынға шыққанын атап өтті.Қазіргі уақытта Қазақ­стан электр энергиясының тапшы­лығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халық­тық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылық­тарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейді сейілту, мақсаты – халықты атом электр стансасын салу жөніндегі прогрес­сивті идеяның айналасында топтастыру. Оған қоса, ол партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Әр халықтың өзінің бір асқақ арма­ны болады. Біздің арманымыз – өз тәуел­сіздігімізді нығайту. Бірақ тәуелсіз­дік де­ген сөздің ауқымы кең екенін біз ұмыт­пауымыз керек. Оның артында саяси тәуелсіздік бар, экономикалық тәуелсіздік бар. Сонымен қатар энер­гетикалық тәуел­сіз­дік те бар. Бүгінде энергетикалық тәуел­сіздік мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Өйткені қа­зір­дің өзінде елімізде энергия тапшы­лығы айтарлықтай сезілуде. Бізге осы түйіткілдердің бәрін шешуге таза, тұрақ­ты, қауіпсіз, сарқылмас қуат-тың көзі керек. Оны АЭС қана бере ала-ды», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» пар­тия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов.

9 қыркүйекте Республикалық Ха­лық­тық штаб пен оның өңірлердегі филиал­дарына мүше депутаттар мен жастар, кәсіпкерлер мен қоғам белсен­ділері және тағы да басқалар бір кісідей жұмылып, ақпараттық насихат жұмыс­тарын бастап кетті. Сол күннен бергі уақытта штаб мүшелері бірнеше топқа бөлініп, барлық өңірлерде болды. Өңірлерге сапар дәл осы күні Түркістан облысынан бастау алған еді. Тарихи маңызды кезеңдерде халқымыз қасиетті Түркістан жерін ерекше құрмет тұт­қанын еске алсақ, қандай да бір маңызды істі Түркістаннан бастау игі дәстүрге айналды деуге болады. Бұл – киелі жерге деген құрмет қана емес, тарихи сабақ­тастық. Осылайша, күллі қазақ топы­рағына сауын айтқан референдумға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде өтті.

Халықтық штабтың жұмысы барысын­да Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де жұрт­шылықпен түрлі форматтағы кездесу­лер өткізді. Осы бір айдың ішінде Сенат Тө­ра­ғасы Алматы, Жетісу облыстары, Алма­ты қаласы және басқа да өңірлерге барса, Мемлекеттік кеңесші Қостанай, Шығыс Қазақстан және тағы да бірнеше облыста болып, кәсіпорын ұжымдарымен, кә­сіп­керлермен және жергілікті жұртшы­лықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мә­селелерін талқылады.

Альянсқа мүше өзге де саяси ұйым­дардың Халықтық штаб жұмысына ерекше үлес қосқанын атай кеткен жөн. Соның бір мысалы, 12 қыркүйек күні «Ақ жол» партиясы Қарағанды облысы­ның Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданында Пре­зидент Жолдауының негізгі бағыт­тарын, алдағы референдум­ның мән-маңызын түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді.

«Осы күні мемлекетіміз электр қуаты тапшылығын сезініп, оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Себебі жарияланған жобалар бо­йынша тапшылық көлемі 8ГВт құрайды. Яғни, бұл проблема ертерек шешілуі керек еді. Әлі де кеш емес. Бұл дер кезінде қабылданған шешім», – деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партия­сының төрағасы Азат Перуашев.

Ақпараттық жұмыстар Астана қала­сын­да да қайнап жатты. 16 қыркүйек күні Астана қаласындағы «AMANAT» партия­сы­ның Орталық аппаратында орналасқан АЭС салуды қолдау жөнін­дегі Халықтық штабтың фронт-кеңсе­сінде «Ауыл» партия­сы өкілдері мен сарапшылардың экспромт-кездесуі өтті. Оның аясында «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» тақырыбында атом саласының әлеуеті талқыланды. Жиын барысында болашақ энергетика­лық перспективалар, кадр мә­се­лесі талқыланып, экологиялық таза энер­гия көздеріне көшудің тиімді тұстары айтылды.

Ал Халықтық штабтың Ұлытау облы­сы­на сапарын 17 қыркүйек күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бастап барды. Өнеркәсібі дамыған Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болуда екенін ескерсек, атом энерге­тикасына көшу ауаның ластану проб­лема­сын шешудің тиімді тәсілі бола алады, өйткені АЭС – көмір электр станса­ларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза.

19 қыркүйек күні «Қазақстанның «Бай­тақ» жасылдар партиясы» Астана қаласындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта сарапшы мамандар мен партия өкілдерінің басын қосқан жиналыс өткізді. Онлайн және оффлайн форматта өткен іс-шарада баяндама жасаған маман­дар АЭС туралы кеңінен түсіндіріп өткен болса, байтақ­тықтар еліміз үшін ірі жо­баның эко­логиялық аспектілеріне назар аудартты.

Бұл тұста бір атай кетер оқиға, 12 қыркүйек күні АЭС салу жөніндегі Халық­тық штабтың https://aes2024.kz ресми сайты іске қосылды. Бұл плат­формада әлемдегі АЭС-тың саны мен халықаралық құрылыс тәжірибе­сінен бастап, қауіпсіздік стандарттары және жаңа буын реактор­лары­ның ерекше­ліктеріне дейінгі атом энерге­тикасының даму тарихымен танысуға болады. Сайт пайдаланушыға барынша ыңғайлы: интерфейсі қарапайым әрі қажетті ақпаратты оңай тауып алатын­дай етіп жасалған. Құрылымдық жағынан сайт бірнеше бөлімге бөлінген. Екі тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде жасал­ған бұл ақпараттық ресурс халық пен ха­лық­тық штабтың арасын жалғай түс­кен алтын көпір болды.

Біз көп ретте Республикалық штаб­тың жұмысына ғана тоқтала алдық. Ал одан бөлек, өңірлік штабтардың, әрбір партия­ның, депутаттардың, жекелеген белсенді азаматтардың, сарапшылардың, ұйымдар мен ұжымдардың, жастар мен кәсіпкер­лердің одан да өзге көптеген ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтардың ел арасында жүргізіп жатқан жұмыстарын қамти алмадық. Ендеше Халықтық штаб атқарған жұ­мыс­­тардың барлығын осы референ­думға дайындық барысында арнайы ашылған https://aes2024.kz сайты­нан оқып біле аласыздар.

6 қазан – ел болашағы айқындаған күн

Сонымен, былтырдан бері ел ауы­зын­да жүрген АЭС құрылысы бойынша референдум да өтті. Олай дейтініміз, бұл мәселені халық талқысына беретінін Мемлекет басшысы өткен жылғы Жол­дауында айтқан еді. Бұл референдум 2024 жылдың ғана емес, Қазақстан тарихының да ерекше оқи­ғасы болып қалатыны даусыз. 6 қазанда 7,8 миллионнан астам Қазақстан азама­ты ел болашағын айқын­дайтын тарихи таңдауын жасады. Бұл – дауыс беру құқы бар қазақстандықтардың 63,87%-ы.

Ең бірінші кезекте атап өтер жайт, референдум ың-шыңсыз өтті. Өрескел тәртіп бұзушылықтар болған жоқ. Бұл да болса, ел халқының маңызды мәсе­лені жақсы түсінетінін білдірсе керек. Бүкіл ел аумағында сайлау учаскелері сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Тек әскери бөлімдер, вахталық кент­тер, ауысыммен жұмыс істейтін меке­ме­лердегі учаскелер жұмы­сын 06:00-да бастады.

Десе де, дауыс берушілердің құлшы­нысы жоғары болды деп айтуға тағы болмас. Әсіресе, өңірлерге бөліп саралар болсақ, Алматы қаласы мен Маңғыстау обылысының ынтасы бәсең болды. Мұны олардың қатысу үлесінен де аңғаруға болады. Орталық референдум комис­сиясы­ның дерегі бойынша, дауыс беруге алматылықтардың 25,39%-ы, маң­ғыс­тау­лықтардың 54,03%-ы қатысқан. Ал ең бел­сенді өңір – Қызылорда облысы (82,48%). Бұл республика бойынша ре­кордты көр­сеткіш саналады. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары.

Бұл ретте шетелдегі Қазақстан аза­маттарының да белсенді болғанын атай кеткен жөн. Олар елшіліктер жанынан ашылған учаскелерде дауыс берді. 59 елде орналасқан 74 учаскелік референ­дум комиссиясына барып жалпы саны 9 976 Қазақстан азаматы дауыс берген. Бұл жалпы шетелде жүрген және дауыс беруге құқылы азаматтардың 81.06%-ы. Бұл тура­лы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Елімізде дауыс беру рәсімінің өте тыныш жағдайда өткенін байқаушылар да атап өтті. Олар өз кезегінде халықтың ынта білдіріп, тілектестік танытқанына жоғары баға беріп отыр.

«ТМД байқаушылары миссиясының сұрауы бойынша Орталық сайлау ко­миссиясы, Жоғарғы сот, Ішкі істер ми­нистрлігі және Бас прокуратура ре­ферен­дум науқаны кезінде жолданған өтініш­терге қатысты ақпарат берді. Олардың мәліметінше, осы уақыт аралығында заң бұзудың санаулы ғана деректері тіркелген. 24 адам республика­лық референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкер­шілікке тартылды. Қылмыстық істер қоз­ғалған жоқ. Ішкі істер министрлігі рефе­рен­думға қатысты бір ғана құқық бұзу дерегін, яғни ресми деректерсіз үнпарақтар таратылғанын хабарлады», – деді ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов Орталық сайлау комиссия­­сында өткен брифингте. Оның айтуын­ша, ОСК-ға негізінен анықтама­лық-ақпараттық сипаттағы 66 өтініш, сауал және ұсыныс келіп түскен. Олар заң­да белгіленген мерзімде қаралып, өті­ніш берген адамдарға тиісті жауаптар берілді.

Алда ауқымды да маңызды міндет тұр

Сонымен, Қазақстан өзінің тәуел­сіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басты дедік. АЭС салу бойынша өткен референдумда ел азаматтары болашақ үшін маңызды шешім қабылдады. Эко­номикалық, эко­логиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстан­дықтар оң таңдау жасады. Енді алдымызда атом электр стансасының құрылысын салу сынды ауқымды да маңызды міндет тұр.

«Референдум сәтті өтті. Бұл отандас­тарымыздың ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті. Тұрақты әлеу­меттік-экономикалық өрлеуді қамтама­сыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсар­туға, Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығын арттыруға қысқасы, атом электр стансасын салу экономиканың және онымен байла­нысты барлық саланың дамуына муль­ти­пликативті әсер етеді. Ғы­лым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады. Жаңа тұрақты жұмыс орын­дарын құруға ықпал етеді. Дегенмен алда атқа­рар ауқымды міндет тұр. АЭС құры­лысы бір жылдық белес емес. Ол – цикл­дық кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба. Бұл – Тәуелсіз Қазақ­станның бүкіл тарихындағы ең ірі жоба. Ал оның пайдасын қазіргі жас­тарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Біз өз тарапы­мыздан келешек ұрпақтың қамы үшін осы жобаның сәтті іске асуына аянбай үлес қосатын боламыз», – дейді осы істің басы-қасында жүрген «Қазақстандық атом электр станция­лары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин.

Осылайша, Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда атом электр стансасын салуға арналған референ­думның алдын ала қорытындысын жариялады. Халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Өз кезегінде Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов бұл референдум Қазақ­станның саяси мәде­ниетінің жаңа дең­гейге көтерілгенін айғақтайтынын айт­ты. 

«Жаңа саяси жағдайда Тәуелсіз­дігіміздің 33 жылдық тарихындағы үш референдумның екеуі Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен өтті. Сөз жоқ, жаңа саяси мәде­ниет дәл осылай қалыптасады. Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағ­дырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократия­ның іс жүзіндегі көрінісі. Референдумның қорытындысы қоғамдағы жалпы көңіл күйдің шынайы бейнесін көрсетеді», – деді Ерлан Жақанұлы.

Сонымен қатар «AMANAT» партия­сының Төрағасы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың барлық мүшелеріне – саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтар мен қауымдастықтардың өкілдеріне игі іске ат салысқандары үшін алғысын білдірді. Түйіндей кетер болсақ, бейбіт атом – сенімді, қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Бұл шешім Қазақстан­ның ғылым, техника, өндіріс және ауыл шаруа­шылығы сияқты салаларында дам­у­дың жаңа кезеңіне өтуіне мүмкіндік береді. Еліміз қадам басқан ендігі тарихи кезең – АЭС дәуірі болмақ.

Нұрлан ҚОСАЙ