Мамандықтың асылы – Ұстаздар күнінде Ұлытау облысы­ның бірқатар мұғалімі марапатталып, үздік ұжымдар қар­жы­лай сертификаттарға ие болды.
Ұлытаулық ұстаздар ұлықталды
342
оқылды

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс  әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов мектептің жаны – мұғалімдерді  мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. 

– Облысымызда балаларға тең қол­жетімділікті қамтамасыз ету, білім беру нысандарын модернизациялау, материал­дық-техникалық базаны жетілдіру, қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттар бойынша жұмыстар жүріп жатыр.  

Биыл 300 млн теңгеге 25 білім беру нысан­ында (2 балабақша, 22 мектеп, 1 кол­ледж) жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Екі жылда балаларды тасымалдауға 20 автобус сатып алынды. Интернет желісіне жоғары жылдамдықпен қолжетім­ділікті қамтамасыз ету үшін облысымыздың 43 мектебіне Starlink ғаламдық спутниктік жүйесі қосылды. Мұғалімдер күні – жылу­лықтың, мейірімнің, ұлағат пен өнегенің мерекесі. Бұл күнді барлық адам ерекше қуанышпен, ерекше құрметпен атап өтеді. Себебі барлық адамның ұстазы бар.

 Қадірлі педагогтер, еліміздің өсіп-өр­кендеуіне қосып жүрген өлшеусіз үлес­теріңіз үшін алғыс білдіремін. Арда­герлер ұстаздардың мемлекет игілігі үшін, келешек ұрпақ үшін жасаған ауқымды істеріне бүгінгі ұрпақ өкілі ретінде риза­шылығым шексіз.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін бі­лім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекше­ле­неді. Білім көшін жылжытып келе жат­қан ұс­таздар қауымына құрмет арта бер­мек, –  деді облыс әкімі Берік Әбді­ғалиұлы. 

Салтанатты кеште облыстың бірқатар ұстазы «Ыбырай Алтынсарин» төсбел­гі­сімен, «Білім беру ісінің құрметті қызмет­кері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет гра­мо­тасымен», Ұлытау облысының «Құрмет грамотасымен» марапатты болды. 

Одан бөлек, білім беру ісінде үздік көрін­ген сала мамандары, облыстық бай­қау жеңімпаздары ақшалай сыйақыларға ие болды. Атап айтар болсақ, «Үздік дир­ектор», «Үздік директор орынбасары», «Үз­дік әдіскер», «Қосымша білім беру ұйымының үздік педагогі», «Үздік әлеуметтік педагог», «Үздік арнайы білім беру педагогі», «Үздік кітапханашы», «Үз­дік психолог», «Үздік әдістемелік ка­би­нет», «Үздік қосымша білім беру ұйымы», «Үздік музей», «Үздік мектепке дейінгі білім беру ұйымы», «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы» аталымдары бойынша 150 000 теңге мен 1 000 000 теңге аралығын­да ақша­лай сыйлықтар табыс етілді. 

Іс-шара ұстаздар құрметіне алғыс концертімен жалғасын тапты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Ұлытау облысы