Түркістан музыкалық драма театрының ұжымы IV маусымның ашылуына қызу дайындықпен кірісіпті. Жаңа маусым шымылдығы Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен ашылды.
«Вальс королі» театр шымылдығын түрді
452
оқылды

Демалыс күндері жұртшылыққа ұсынылған спек­такльге түркістандықтардан бөлек, еліміздің бірқатар өңірлерінен театрсүйер қауым жиналды. Қойылымның шымылдығы түрілгеннен көрерменді өзіне баурап алған спектакль көрерменді соңына дейін бір деммен, барша ықыласпен көруге жетеледі. Алдымен сахнаның декорациясы, безендірілуі, актерлердің дәуірге сай жинақы киім үлгісі көрерменді еліктірсе, одан соң оқиға желісі баурап алды. Қазақтың маңдайына біткен Ән падишасының өмірінің соңына дейінгі көрген қиындықтары, тірісінде өнерінің рахатын да сезіне алмағаны жүрек қылын тербетпей қоймайды. Театр актерларының кейіпкерлерді тамаша сомдауы, режиссердің Шәмшінің жан тебіренісін әдемі көрсете білуі көрерменнің көзіне жас алдырмай қоймады. 

Айта кетейік, аталған театр биыл сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған еді. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі болды. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарованың айтуынша, халық қойған мәртебесін ұлықтау мақсатында автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілген. Басты мақсаты да қазақтың ән падишасын әлемге таныту екенін атап өтті.

Спектакльді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс королі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау, қазақтың ән өнерімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын атап өткен еді жаңа маусымның ашылуына орай өткен баспасөз жиынында. 

Театр басшысы Әлімхан Мырзахан еліміздің театрларында Шәмші туралы спектакльдер бірнеше рет қойылғанын, бұл жолғысы өзгеше екенін жеткізген болатын. Айтса, айтқандай-ақ екен. Тағы бір ерекшелігі, театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі мен хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады. Одан бөлек, премьераға келген көрермендер Шәмші Қалдаяқов мұражайынан арнайы алып келген композитор тұтынған экспонаттар мен ойнаған музыкалық аспаптарын тамашалап, ескерткішке суретке түсіп жатты. 

Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының төл актерлері ойнап шықты. Баспасөз жиынында театр әртістері өз рөлдерінің жауапкершілігі мен осынау жолдағы ізденістерін, біртуар тұлға жайлы ойларын ортаға салған болатын.

Басты рөлдерді Данияс Нұрқабден, Қадыржан Төреханов, Али Марат, Сұлтан Мейірбек, Айя Дәрібаева, Аида Серікова, Темірлан Еркінғалиев, Сембай Нұрла, Мұзафар Ғалымжанұлы, Дінмұхаммед Алпысбек, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Мерей Құдайберген, Шерхан Саматұлы, Ұлан Әділбек, Шұғыла Жәнібекова, Болатбек Оспан, Ақбөпе Сабет, Инабат Абытхан, Айдана Аққали, Досымжан Арқабеков, Мейіржан Тұрсынов сомдады. 

Қойылымның сценографиясын Италияның Architizer Prize and A.I.A Middle East марапаттарының жеңімпазы Gio Forma студиясы дайындады. Жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореографы – театрдың талантты бас балетмейстері Мадина Муратпекова. Музыканы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Мұхамедиев өңдепті. Костюм жөніндегі суретші Алма Сырбаева – еліміздің белді театрларында қызмет атқарған тәжірибелі маман. Хормейстер – Ұлжан Болатханқызы. Музыкалық редакторы – Ақбала Ыбрайқызы. 

Сонымен бірге «Вальс королі» музыкалық драмалық спектаклін қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқанын атап өткен жөн. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы