Көкше жерінің тумасы 26 жастағы Әлібек Қайырбектің есімі бір-ақ сәтте тұтас Қазнетке танымал болды. Әлемде тұңғыш рет қазақтың қара домбырасының күміс күмбірі мен үні қарт құрлықтың ең биік шыңының төбесінен әуелегені халықтың үлкен құрмет-қошеметіне бөленді. Қазақтың киелі домбырасын серік еткен жас талантты музыкант Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрустың төбесінде «Адай» күйін әуелетіп, қазақтың үнін тұтас әлемге паш етті...
«Адайды» әуелеткен Әлібек
481
оқылды

Қалам тартуға түрткі болған кезекті кейіпкеріміз жас та, та­лантты музыка шебері – Әлібек Қайырбек. Балалық шағынан ән мен жырға, домбыраға әуес болған жігіт алғашқы қадамын музыкалық үйірмелерде бастап, кейін білімін шыңдауды Шабыт өнер университетінде жалғас­тырады. Бүгінде Көкше жерінен түлеп ұшқан жас домбырашы жігіт Астана қаласының Қазақ ұлттық өнер университетінің кон­церт бөлімінің басшысы әрі Қалибек Қуанышбаев театры­ның домбырашысы болып қыз­мет атқарады. 

Кәрі құрлықта шыңдары көк тіреген Эльбрустың биік шыңына шы­ғып күй шерткен Әлібек бұл өзінің бала кезден бергі асқақ ар­маны болғанын айтады. 

– Мен Көкшетау өңірінде туып-өстім. Домбыраға деген қы­зығушылығым мені өнер жо­лына алып келді. Көкшетау қала­сын­дағы Біржан сал атындағы музыка мектебінде Сакен Бір­жановтың шәкірті болдым. Кейін Астана қаласындағы Қазақ ұлт­тық өнер университетінде Ме­руерт Юсбековадан тағылым­ды білім алдым. Қазірде қазақ өнері­нің қасиетті шаңырағы – Шабыт университетінде қызмет атқарып, өз өнерімді әрі қарай дамытып, ұлттық мәдениетімізді насихат­тауға үлес қосудамын. Тау шыңын­­да қазақтың қара дом­быра­сы­мен күй төгілту менің бала кездегі асқақ арманым еді. Домбыраның әуені табиғатпен астасып, таудың биіктігінде ерек­ше естілердей көрінетін. Туған жерім Көкшетаудың табиғаты маған шабыт беретін. Өзімнің бала арманым ақыры зор мақсат­қа айналып, іс жүзінде жүзеге асқаны мен үшін аса зор бақыт, – дейді Әлібек Қайырбек. 

«Тұтас әлем қазақтың қасиетті домбырасының үнін естуге тиіс» деген Әлібек Эльбрустың ең биік нүктесінде «Адай» күйін орында­ған. Теңіз деңгейінен 5 642 метрге дейін биіктікте альпинистермен бірге қиналмай шыққан қазақ баласы «Адай» күйін орындап, осылайша осыған дейін ешкімнің ойына да кірмеген іспен тарихқа енді. 

Қазнетте Эльбрус шыңында көк туды желбіретіп қойып, «Адай» күйін домбырада нақы­шына келтіре әуелеткен бейне­роликті желілерге салынған сәт­те-ақ сан мыңдаған адам көріп, лүпіл басқан. Жүздеген адам оның ішінде шетелдік көрермен­дер де Әлібектің өнеріне тәнті болып, жағымды пікірлер қал­дырған. 

Әлібек тау шыңында күй орын­­дау арқылы өз ұлты мен қазақ­тың қара домбырасын күллі әлемге таныту идеясынан туын­дағанын айтады. 

– Эльбрустың шыңында «Адай» күйін орындау идеясы – менің бала арманыма байланыс­ты. Мен әрдайым ұлттық құнды­лық­тарымызды дәріптеп, оны өзімнің қолымнан келгенше жаңа деңгейде көрсетуге тырыса­тын­мын. Таудың биігі мен күйдің рухы астасқанда, бұл ерекше символизмге ие болады деп ой­ла­дым. Осы қадамға түрткі бол­ған – домбыраның құдіретін әлемге паш етуге деген құштар­лығым еді, – дейді Әлібек Қа­йыр­­бек. 

Құзар шыңдары мен биік жар­тастары аса қауіпті шыңға қаймықпай шыққан жас жігіттің тауға шығып, экстремалды іске әзірленуіне де бала арманы мен сенімі, шыдамдылығы тәуекел етуге ықпал еткен.

– Әрине, альпинизмге арна­йы дайындық қажет болды. Фи­зи­калық дайындықтан өтіп, шы­дамдылық пен күшімді сына­дым. Эльбрусқа көтерілер алдын жар­ты жыл дайындалдым. Қан­дай істі қолға алсам да ең алдымен барлығын жоспарлап жүретін адам болған соң, тауды толық зерттедім. Барлық мүмкіндіктер мен тәуекел-қатерлерді алдын ала біліп отырдым. Бірақ тауға шығу­ға деген ынтам және се­німім әлем­нің ең биік нүктелері­нің бірі – Эльбрусты бағындыруға деген қорқыныштан басымырақ болды, – дейді Әлібек. 

Әлібек барлық қиындықтар артта қалып, шыңның ең төбе­сіне аман-есен шыққанда өзінің бойын айтып жеткізе алмайтын сезім билеп, әсіресе қазақтың қара домбырасымен күй орында­ған кезінде арманының жүзеге асқан сәтін ерекше күйге бөле­генін айтады. 

– Эльбрустың төбесіне көте­ріл­ген сәт бұл ерекше сезім бол­ды. Домбыраның үні сол сәтте айналамен үндесіп, бір сиқырлы гармония орнағандай сезілді. «Адай» күйін орындау арқылы өзім­нің түпкі мақсатымды орын­дап, рухани биікке көтерілгендей болдым. Әрі сол шыңның басын­да өз-өзіме уәде бердім. «Бұл тек қана бастамасы, әлі талай шың­дарда қазақтың ұлттық күйлері шырқалуы тиіс» деген қорытын­дыға келдім. Алла жазса, алдағы уақытта осы мақсат жолында жұмыс істейтін боламын, – дейді Әлібек Қайырбек. 

Әлібек алдағы уақытта қазақ­тың қара домбырасын арқасына байлап, жеті бірдей тау шыңын бағындыруды өзінің мақсатына айналдырғанын жеткізді. 

– Экстремалды әрі аса қауіпті болғанымен, мұндай сапарды одан әрі де жалғастыру ойымда бар. Қазір тағы бірін қолға алдым десем болады. Бірақ «Қандай тау, қашан шығасың?» деген сұрақ­тарыңызға қазір жауап бере ал­май­мын. Бір істі бітірмей жатып, жар салғым келмейді. Сондықтан бұйырса, тауда тағы да күй орын­далғаны туралы ақпарат естісеңіз, мені есіңізге алсаңыз болады, – дейді күлімсіреп. – Мұны өте жақын арада іске асыратын бола­мын. Сұрағаныңыздай, қазақтың күйін әлемнің ең биік нүкте­лерін­де орындау – менің басты мис­сиям деп білемін. Алда жеті шың­ды бағындырып, әр шыңда қазақ күйлерін орындау жоспары тұр. Менің ойымша, ұлттық мә­де­ниетімізді жаңа биіктерде таны-ту – біздің басты мақсаты­мыз болуы керек. Домбыра – қазақ­тың жаны, ал оның үні әлемге таралуға тиіс. Осындай жобалар арқылы өз мәдениеті­мізді наси-хаттап, жаңа белестерді бағын-дыра ала­мыз деп сенемін. Жас-тарға рух сый­лап, оларды шыңға жетелеу мен үшін үлкен қуаныш, – деп түйіндеді Әлібек Қайырбек.

Жас талантты музыканттың әлем елдерінде қазақтың атын шығаруға барынша күш салып, қазақтың қара домбырасын на­сихаттау миссиясын өзіне мақсат етуі – үлкен іс. Сондықтан талап­ты жастың болашағына сәттілік пен алға қойған мақсат­тарының орындалуын біз де тіледік... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы