Елдегі оң өзгерістер халықтың қолдауымен басталды – Бауыржан Серікбаев

Қазақстандықтардың жаппай референдумға қатысып, үн қосып, өз таңдауын жасауы жайында саясатшы Бауыржан Серікбаев пікір білдірді.

– 2022 жылы елімізде Конституциялық өзгерістер, саяси реформалар тақырыбында референдум өтсе. Биылғы референдумның ерекшелігі – мемлекетіміздің экономикалық, энергетикалық дамуына қатысты халықтың пікірі алынды. Бұл елімізде аталған тақырыпта өтіп отырған алғашқы референдум десек болады.
Осы орайда ТМД аумағында, айналамыздағы көрші елдердің ішінде аталған бағытта референдум өткізген бірден бір ел Қазақстан. Бұл еліміздің демократиялық бағытта дамуына, азаматтардың белсенділігінің артуына ықпал етер оң үрдістің көрінісі.
Жалпы, мемлекетіміздің дамуына қатысты өзекті тақырыптарда референдум өткізу, азаматтардың пікірін ескеру Қазақстанда демократиялық құндылықтардың, жаңа саяси мәдениеттің, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының нәтижелі жұмыс істеп келе жатқандығының дәлелі. Бүгінгі таңда ауыл, аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау, референдум өткізу сынды реформалар пакеті еліміздің дамуында жаңа саяси дәстүрді қалыптастырып келеді. Бұл мемлекетімізде іске асып отырған оң өзгерістер деп есептеймін, – дейді ол.