ШҚО Полиция департаменті азаматтарды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
ШҚО-да жол ортасында билеп, видеоға түскен тұрғын жауапқа тартылды
418
оқылды

Өскеменде жол ережесін бұзған тұрғын анықталды. Тәртіп бұзушы жол ортасында билеп, видеоны өзінің Instagram парақшасында жариялаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Заңбұзушылықты байқаған қала тұрғындары бұл әрекетке бей-жай қарамады. Оның жарияланымын бірнеше желі қолданушылары ШҚО Полиция департаментінің Instagram парақшасына жолдаған.

Кадрларда іс-әрекетімен өзінің де, өзгенің де өмірін қауіп-қатерге тігетінін түсінбей, ережені өрескел бұзған әйел адамның жол ортасында қос сызықты жолақ бойымен жүріп бара жатқаны көрінген. Полицейлер жол жүрісі қағидасын бұзған Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны мен оның операторын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізді. ШҚО Полиция департаменті азаматтарды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады және бір қарағанда қатты маңызы жоқ болып көрінген заңбұзушылықтардың өзі ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.