Шер Талғатбекұлы, туристермен сөйлескенде ағылшын тілінде қандай сөздерді қолданатынын да айтып өтті.
Түркістанда туристермен ағылшынша сөйлесіп, көпшілікті тәнті еткен күзетші өзі жайлы айтып берді
Фото: stan.kz
1,839
оқылды

Желіде Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзетшісі гид қызметін атқарып, шетелдік туристермен ағылшын тілінде емін-еркін сөйлескені түсірілген видео тарады. Ол келушілерге киелі мекеннің тарихын шет тілде айтып берді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Желіде тараған видеодан шетелдік саяхатшылардың оның әңгімесін қызығушылықпен тыңдағанын байқауға болады. Күзетші тек туристерді ғана емес, желі қолданушыларын да тәнті етті. 

"Көптеген жоғары лауазымды адамдардан әлдеқайда білімді", "Керемет. Қатты акценті де білінбейді. Әр қазағым білімді болсын", "Ғажап. Білім бар, таныс жоқ деген осы", "Мұны біздің такси жүргізушілері де жасай алады! Күзетші мен такси жүргізушісі – экономиканың локомотиві", – деп жазды олар. 

Әп сәтте желі қолданушыларының ыстық ықыласына бөленген күзетшінің өзі туралы айтып берді.

Шер Талғатбекұлы кесенеде “Іскер” күзет агенттігінде қызмет істейді екен. Бұған дейін әртүрлі салада жұмыс істеген 55 жастағы Шер Ілияс “жоғары білімім жоқ, десе де ағылшын тілін өздігіммен үйреніп жүрмін” дейді. 

“Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне үш ай бұрын жұмысқа тұрдым. Бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істедім. Көлік жүргізушісі де болдым. Ағылшын тілін өзім үйреніп жүрмін. Оны ағылшын тілінде “self-education” деп айтады. Ағылшын тілінде кітап оқып, барлық ақпаратты ағылшын тілінде қабылдау және адамдармен тілдесу арқылы осы тілді меңгеріп жүрмін. Кесенеде ауысыммен жұмыс істеймін. Туристер әр кезде әрқалай келеді. Бір күні 10 турист келсе, екінші күні 20 шақты турист қабылдаймыз”, – дейді ол. 

Шер Талғатбекұлы келген туристер менің ұстазым дейді. Себебі солармен сөйлесу арқылы ағылшын тілін үйреніп жүр екен.

“Қазір кез келген ақпаратты ағылшын тілінде іздеп, оқи аламыз. Өзімнің бір ұл, бір қызым осындағы жоғары оқу орнында оқыған. Олар ағылшын тілінде сөйлеп қалады, сол кезде жауап бере алмай қаламын. Сондықтан оларға жауап беру үшін осы тілді меңгеріп жүрмін. Содан бері білімнің ішіне сүңгіп кеттім”, – дейді ол. 

Күзетші кесене басшылығы гид болуға ұсыныс жасаса қарсылығым жоқ дейді. 

“Туристер неге мұнда ағылшын тілінде керек ақпарат жоқ” дейді. Олар сонау құрлықтан, өзге елден келеді. Жолаушы мүсәпір дейді ғой қазақта. Сондықтан оларға көмек қолын созуға дайын тұрамын”, – дейді ол.

Шер Талғатбекұлы туристермен сөйлескенде ағылшын тілінде қандай сөздерді қолданатынын да айтып өтті. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.