Арнайы операция барысында Алматы және Астана қаласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қаржы министрлігі басқармаларының басшылары ұсталды.
Алматы мен Астанада Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталды
Фото: istockphoto.com
377
оқылды

Арнайы операция барысында Алматы және Астана қаласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қаржы министрлігі басқармаларының басшылары ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді,  – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бизнесті мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласуынан қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті салық тексерулеріне оң рұқсат бергені үшін Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары кәсіпкерлік субъектілерінен ақша қаражатын заңсыз алу жөніндегі қылмыстық іс қозғалды», – деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің айтуынша, арнайы операция барысында Алматы және Астана қаласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қаржы министрлігі басқармаларының басшылары әшкереленді.

«Олар кәсіпорынға 570 миллион теңге көлемінде салықты толық сомаға азайтуға жататын негізсіз қосымша есептеу туралы ақпаратқа қол жеткізе отырып, делдал арқылы осы фирманың өкіліне жүгініп, одан ақшалай сыйақы талап етті деген күдікке ілінді. Лауазымды тұлғалар мәселені шешу сылтауымен оның 68 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденді. Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары мен делдал қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соттың санкциясынан күдіктілер электронды білезік салынып, үй қамаққа алынды», – дейді ол.

Сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылыққа басқа да тұлғалардың қатысының бар-жоғы анықталатынын айтты. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.