Теріскейде ежелден бері қазақтың басты дауларының бірі – жер мәселесінің айналасында шу басылар емес. Ауылдағы ағайын алақандай ғана жайылым жердің жоқтығын айтып шырылдайды.
Саланың соры – солқылдақ заң
320
оқылды

Мал бағудың өзі сарыуайым болған ауылдардың ащы зарын осыған дейін де бірнеше мәрте жазғанбыз. Бұл жолы жермен тікелей айналысып, егін егіп, мал бағып, пайдасын сол маңдағы елі де, өздері де көріп келген шаруалардың шымбайына батқан жайды оқырман назарына ұсынбақпыз.

Кезінде жергілікті әкімдіктермен іс жүз­інде бөлініп берілген жер учаскелері арада бірнеше жыл өткенде «заңсыз» болып шыға келген. Бұл уақытта сол жерді әбден тыңайтып, шаруасын дөңгелетіп, малын көбейтіп, мидай жазық далаға жылыжайлар мен қоймаларға дейін салып алған шаруалар сотты болып, алған жерін мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болған. Содан іс жүзінде тек екі жыл ішінде ғана ақмолалық 180 аграрлық шаруашылық жер учаскелерінен айырылып, тақыр-таза қалып отыр... 

Жер үлестерінің мемлекетке сот шешім­дері арқылы кері қайтарылуына Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару жөнін­дегі департаменттің талап арыздары негіз болған. Тексеріс нәтижелері туралы өз нұсқауларына сәйкес, мемлекеттік орган осы­ған дейін аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдерінің жер учаскелерін уақытша тегін пайдалану және жер учас­келерін жалға алу келісімшарттарын жа­рам­сыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген. 

Мәселен, Ақмола облысының мамандан­дырылған ауданаралық экономикалық сотының өндірісінде Біржан сал ауданы жер қатынастары бөлімінің «Нұралин» шаруа қожалығының басшысы Асылбек Нұралинге жер учаскесін жалға алу келісім­шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз бар. Жерді 50 жылға жуық уақытқа сонау 2015 жылы шаруашылыққа мал шаруа­шылығын жүргізу үшін жалға берілген. Осы уақыт ішінде фермер ауданның бас сәулетшісімен бизнес-жобасын жасап үлкен жұмыс жүргізген. Үлкен мал қоралары баздарына арналған ғимараттар салып, қызметкерлер үшін үй тұрғызған. Барлық коммуникациялар өткізіліп, көліктер, арнайы ауылшаруашылық құралдары мен техникалар, 25 бас жылқы, 20 бас асыл­тұқымды қара мал және 65 бас қой-ешкі сатып алған. 

– Жайылым жерлердің деградациясын болдырмау үшін мен учаскенің аумағы бойынша қоршау жасадым. Соның арқасын­да осы уақытқа дейін карантиндік нормалар­ды сақтап, жылқы, қара мал мен қой-ешкінің сан­ын айтарлықтай ұлғайттым. Сонымен қатар жер учаскесінің шекарасында орна­ласқан су қоймасының дамбасын нығайттым. Экожүйені үнемі қадағалап отырамын. Кәсіп­тік балықты да өсіре бастадым, – дейді фермер. 

Шаруа қожалығында осы жылдар ішін­де жаңа жұмыс орындары құрылған. Тек өз міндеттемесін ғана емес шаруа қо­жа­лығы ауыл тұрғындарының өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасай бастаған. 

Дегенмен 2022 жылдың тамызында ауылдық округ әкімдігі қызметкерлерінің тұр­ғындармен кездесуі кезінде жерді ортақ пайдалануға қайтару туралы ұсыныс түскен. Шаруа қожалығы ерікті түрде мемлекет меншігіне жалға алынған жер учаскесінің бір бөлігі, яғни 180 гектарын қайтаруға келіскен. Қалған 120 гектарды өзі қолға ал­ған мал шаруашылығын жалғастыру үшін қалдырған. 

Бұл әрекет аудан әкімдігімен тиісті келісімдермен бекітіліп, жерге орналастыру жобалары әзірленіп, жер учаскесіне заңды актілер рәсімделген. Келісімшарт Еңбекшіл­дер ауданы әкімінің 2015 жылдың 1 шіл­де­сіндегі №А-7/138 қаулысымен және осы­ған дейінгі жалдау келісімшартының жалғасы ретінде жасалған. Жер учаскесінің тек сәйкестендіру сипаттамасы ғана өзгер­ген. Ал жалға алу мерзімі, жер учаскесінің ауданы, конфигурация, жерді пайдалану құқығының өзі қайта ұсынылмаған. Яғни, бұл алғашқы құқық ұсыну болмағандықтан кон­курс бойынша шара өткізудің қажеттілігі болмаған. 

Біржан сал ауданы әкімдігінің 2023 жылдың 17 сәуіріндегі №а-4/86 қаулысымен жер учаскесін жалға алу келісімшартын бұзу туралы келісім негізінде жер қорға, яғни мемлекет меншігіне кері қайтарылған. Бұл орайда іс жүзінде мемлекет меншігіне кері қайтарылған жер учаскесінің көлемі осыған дейін айтылғаннан едәуір көбірек болғанын атап өткен жөн. Яғни, шаруа 180 гектардың орнына 199 гектар қайтарған. Алайда биыл аудандық жер қатынастары бөлімі фермерде қалған 101 гектар жер учас­кесін жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сүйеніп даулауға шешім қа­былдаған. Шаруаның басы шым-шытырық шырмауға ілініп, даудың арты тым шиелен­ісіп кеткенін Ақмола облысының кәсіпкер­лер палатасы да жеткізді. 

– Бір атап өтерлігі, мемлекеттік орган тарапынан шаруаның атына ешқандай алдын ала нұсқау немесе хабарлама түспеген. Біржан сал ауданы жер қатынастары бөлі­мі­нің позициясы біз түсіне алмадық. Өй­ткені ол өзінің осыған дейін қабылдаған шешімдерінің күшін жойып, жерді пайда­ланушыны сотқа беріп отыр. Бұл жағдай мемлекеттік органның бөлімнің жұмысын реттемелейтін ережені бұзып, жоғары тұр­ған құрылымдардың алдында есептің тәртібі мен талап қою мерзімінен тыс өз білгенін жасағанын көрсетеді, – дейді Ақмола облысының кәсіпкерлердің құқық­тарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Валентина Геращенко. 

Жер қатынастары бөлімі мұнымен қоса шаруа қожалығының құрылуы кезінде қомақты қаражаттың, уақыттың, басқа да шығындардың жұмсалғанын да назарға алмаған. Барлық құрылыс материалдары, техникалар мен жабдықтар, сонымен қатар құрылысшылардың жалақысы мен құқық беруші құжаттарды бірнеше мәрте қайта рәсімдеу де шаруа қожалығының есебінен алынған. Кәсіпкерлік палатасындағылар бұл орайда Президент Жолдауында айтқан мәселелердің де назардан тыс қалды деп есептейді. 

– Соңғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егер жерді заңды бұза отырып алып әрі пайдаланбаса, онда ол жер мем­лекетке жеңілдетілген рәсіммен кері қай­тар­ылуға тиіс. Бірақ егер жерді пайдаланушы адал жұмыс істеп, инвестиция салса онда қолданыстағы өндірісті бұзуға болмайды. Мұнда ауыл адамдарының тұрақты жұмыспен қамтылуын ауылдың абаттандырылуы бойынша жұмыстың қолға алынғаны ескерілгені жөн» деп атап өткен еді. Мемле­кеттік органның әрекеті кәсіпкерлікті дамытудың негіз болатын принциптеріне және Мемлекет басшысының қойған ауылды жерлерді дамыту жөніндегі міндеттеріне қарама-қайшы келеді деп санаймын. Мұндағы жағдай Президенттің Жолдауындағы тағы бір маңызды цитатаға сай келеді: «Олардың заңды қызметіне кедергі келтір осыдан шығатын барлық салдармен өте үлкен құқықбұзушылық деп қарастырылуға тиіс», – деп атап өтті Валентина Геращенко. 

Түйткілді мәселе Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасындағы бірыңғай есеп күнінде талқыға түсті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен өткен шара барысында бақылау және қадағалау органдары дәстүрлі түрде бизнес алдында жүргізілген жұмыстары туралы есеп берді. Тексерістер барысында анықтал­ған заңбұзушылықтар туралы айтып, сонымен қатар заңнамадағы міндетті талап­тар, жаңадан енгізілген өзгерістер жайлы ақпараттандырды. 

Жиын барысында облыстық мемлекеттік Сәулет және құрылысты бақылау бас­қармасының басшысы Бахидбек Оспан­бековтің, Жер ресурстарын басқару де­пар­таментінің басшысы Ерғали Шоринның баяндамалары тыңдалды. Көтерілген мәсе­лелердің ішіндегі ең өзектісі де сол жер мәселесі жайлы болды. Әсіресе, мем­лекеттік қажеттіліктер үшін жерді мемлекет­ке қайтарып алудың айналасында көтерілген даудың түйіні тым шиеленісіп кеткен. Мәселен, жиын барысында тағы бір мәрте көтерілген «АСКОП» ЖШС жиырма жылға жуық уақыт астық өсірумен және тұқым шар­уашылығымен айналысып келеді. Компания тұрақты негізде барлық аграрлық шараларды жүргізіп, өз міндеттемелерінің бәрін адал орындап, жалақының жоғары, яғни республика бойынша орташа жала­қыдан 30,6 пайызға көп деңгейін сақтаған. Мұнымен қоса, шаруашылық соңғы жыл­дары ғана 16 миллиард теңгеден астам ин­вес­тиция құйып, бюджетке аударымдары өткен жылы 1 миллиард теңгеден асып жы­ғыл­ған. 

Алайда соңғы екі жылда «АСКОП» ЖШС да Қорғалжын ауданы жер қаты­настары бөлімінің тарапынан қысымға ұшырап, 2 700 гектардан астам жер учас­кесіне заңды құқыққа қол жеткізе алмай келеді. 

– Өкінішке қарай, Жер кодексінің 43-бабын мемлекеттік органдардың жөнсіз түсіндіруінен біз жер учаскелерінен айырылу мәселесіне тап болдық. Бұл өңірде болып жатқан жүйелі мәселеге айналды. Бүгінде облыстың екі жүзге тарта агробизнес субъ­ек­тілері осындай қиындықтарға тап болып отыр. Осыған дейін кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдармен сотқа дейінгі реттеуге келдік. Бірақ тексерістер қорытындысы бойынша, жер конкурстан тыс берілген болып шықты. Біздің тарапта ешқандай қозғалысты көрмейміз. Өкініштісі, сол жылдар бойы жұмыс істеген адал су­бъек­тілердің жер учаскелері тартып алынып жатқанда, пайдаланылмай қурай басып жатқан жерлерге ешкім де тиіспейді, – дейді «АСКОП» ЖШС басшысы Николай Степаненко. 

Жиын барысында сөз сөйлеген Ерғали Шориннің айтуынша, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша жерлерді тәркілеу бойынша бұрынғы комиссияның жұмыс форматы мен атауы ауыл шаруашы­лығы қажеттіліктеріне арналған жерлерді қайта бөлу, сонымен қатар жер ресурстары­ның тиімді пайдалануды бақылау жөніндегі республикалық комиссия болып өзгертілген. Барлық мүдделі органдар кіретін комиссия агробизнестің адал және жосықсыз субъек­тілерінің тізімін жүргізетін болады. Салық төлемін, өңірде тиісті ауылшаруашылық жерлерін дамыту және инвестиция тартуды қамтамасыз еткен ауыл шаруашылығы өндірушісінің жағымды портретін ескере отырып, арнайы комиссия жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы өндіруші­лерінің құқықтарын жалғастыру мәселелерін реттеу мәселесімен айналысатын болады.

«Жер қатынастары – өте нәзік сала. Бұл даулы мәселелер құқықтық алаң шең­берінде болмаса, басқаша шешілмейді. Қазір арнайы комиссияның жұмыс алгоритмі жетілдіріліп жатыр. Расында да, адал бизнес зардап шегіп жатыр. Сіздер меншік иелері ретінде заңды бұза отырып, кезінде жерді берген лауазымды тұлғалардың әрекетіне жауапкершілік артпайсыздар. Біз жақын арада комиссия құрып, мәселені заңмен бекітілген тәртіпте шешімін табуға тыры­самыз», – деп атап өтті облыс әкімінің орын­басары Мұрат Балпан. 

Бұл орайда адал кәсіпкерлерді баса-көктеп тұншықтыру әрекетінің соңғы кезде көбейіп жатқанын облыстық Кәсіп­керлер палатасының директоры да атап өтіп, түйткілді мәселені шешу қажеттігін айтты. 

– Адал кәсіпкерлерді негізсіз тексерістер мен қудалаудан қорғау Мемлекет басшы­сының экономиканы либералдау, эко­номикалық құқықбұзушылықтарды қылмыс деп танымау және оған мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу – соңғы Жарлығына сәйкес келетін біздің ортақ міндетіміз, – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палата­сының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

 

P.S. 

Қалай дегенмен де, жер дауының айна­ласында шешімін таппаған, бір-біріне қай­шы келетін жайттар әлі де болса жетіп ар­тылады. Бұл орайда заңның солқылдақ­тығы мен шикілігінің де тигізіп жатқан кері ықпалы аса зор. Сондықтан даулы мәселе­лердің алдын алу және жер берумен байла­нысты заңсыздықтарды реттеу үшін бір­інші кезекте заңды тағы бір мәрте қарастырып, одан кейін өгіз де өлмейтін, арба да сынбай­тын жолды тез арада анықтау қажет деген ой­да­мыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы