Есімін алты Алаш жатқа білетін, әлемдік деңгейде мойындалған дара тұлға, дарынды суретші Әбілхан Қастеевтің есімі ұлықталды. Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Көркемөнер галереясының алдына Қазақстанның Халық суретшісінің ескерткіші орнатылды.
Ұлы суретші ұлықталды
фото: Zhenis Iskabay
1,006
оқылды

Қоладан құйылған көз­тартар­лық мүсін Көркемөнер галереясының ауласын ажар­лан­дыра түсті. Осылайша, ұлы тұлғаның 120 жылдығына ар­налған мерейтойлық шаралар легі суретшіні сомдаған ескерт­кіштің шымылдығын түсіріп, алдына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Айтулы күнге алыс-жақыннан ат терлетіп келгендер арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жол­дасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның Халық жазу­шысы Бексұлтан Нұржекеев, көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева, Қазақ­стан Суретшілер одағы­ның басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, зиялы қауым өкіл­дері, жалпы облыс жұртшылығы болды. Көпшілік алдына шығып алғашқы құттықтау сөзді алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мерейтойлық шаралар­дың мән-маңызына тоқталды:

– Жетісу – қашанда қасиетті өнердің киелі бесігі болған өркенді де өнегелі өлке. Осы өңірдің төл перзенттерінің бірі де бірегейі Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көр­кемсурет өнерінің бастау бұлағында дара тұрған, тұңғыш суретшісі. Ол сурет өнерінде қара­пайым өмір философия­сына, ұлттық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнеледі. Өмір қысқа болғанмен, өнер мәңгілік. Қанша ғасыр өтсе де, Әбілхан Қастеевтің есімі тарихта алтын әріптермен жазылып, суретші­нің бай мұрасы елдің асыл қазы­насы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жете беретіні сөзсіз, – деген өңір басшысы ескерткіштегі суретші бейнесін жеткізу идея­сының авторы көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековке, мү­сін­ші­лер Ринат Абенов пен Ербол Зиябековке жетісу­лық­тардың ризашылығын білдірді.

Мұнан соң сөз алған көрнек­ті мемлекет және қоғам қайрат­кері, Ұлттық ғылым академия­сының академигі Мырзатай Жолдасбеков:

– Әбілхан Қастеевпен етене араласпасам да тірісінде көзін көрдім. Қой аузынан шөп ал­май­тын момын кісінің тұла бо­йында саф таланттың тұнып жатқаны таңқаларлық еді. Ол қазақтың рухын көтерген, ұлтын әлемге танытқан тұлға. Біз мұндай ұлы өнер иелерін қастерлеуіміз керек. Сонда ғана берекелі ел боламыз. Әбілхан аға ешқашан өлмейді, халықтың көкейінде жарқырап қала бере­ді, – деді. 

Сол сияқты мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұл­танов, Қазақстан Суретші­лер одағының басқарма төраға­сы Өмірбек Жұбаниязов, көр­некті суретшінің қызы Гүлдария Қас­теева да көпшілікке арнап лебіз­дерін білдірді. Бұл ретте Әбілхан Қастеевтің немересі Сау­ран Қастеев атасының жолын қуып, көркемсурет өне­рін таңдағанын айта кеткен жөн. 

– Біз кішкентайымыздан атамыздың барлық туындысын көріп-біліп өстік. Соның ішінде маған акварельмен салған тау­лар­дың суреті керемет ұнайтын. Өсе келе суретшілік өнерге бет бұрдым. Қазір кескіндеме, графика, иллюстрация бағыт­тарында жұмыс істеймін. Әбіл­хан атамыздың еңбегі баға­ланып, халықтың құрметіне бө­ле­ніп жатқаны біз үшін мақ­таныш, – дейді Сауран Қастеев. 

Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Көркемөнер галереясының ішінде Ә.Қас­теев­тің 120 жылдығына арнал­ған экспозициялық көрмені тамашалап, суретшінің 9 кар­тинасының тұпнұсқасын көрді. Сонан кейін мерейтойлық жиын Ілияс Жансүгіров атын­дағы Мәдениет сарайында «Тұ­ғы­ры биік тау тұлға» атты рес­публикалық конференциямен жалғасты. Конференцияға жиналған қауымды облыс әкімі құттықтады. Басқосуда Қазақ­станның Халық жазушысы Бек­сұлтан Нұржекеұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Махам­бет Сейсенхан, Жанұзақ Мүсә­пір, өнертанушы Әйгерім Еспе­нова, Ә.Қастеев музей-үйінің жетекшісі, қастеевтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан, Ә.Қастеев атындағы мемле­кеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова баяндама жасап, Халық суретшісінің еңбектеріндегі этнографиялық бағыттарға тоқталды, оның бүгінгі сурет өнерінің дамуына тигізген ықпалы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ сахна төрінде мерейтойға арнап шы­ғарылған қылқалам шеберінің өмірі мен өнер жолына қатысты «Әбілхан Қастеев», «Өмір мек­тебі» кітаптарының тұсауы ке­сілді. 

Мерейтойлық шаралар Ә.Қас­теевтің туған жері Панфилов ауданы Шежін ауылында суретшілердің республикалық пленэрімен жалғасады. Оған еліміздің 20-ға жуық кәсіби суретшісі қатысып, шара Жар­кент қаласындағы Көркемөнер галереясында қатысушылардың еңбектерінің көрмесімен қоры­тындыланады. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы