Жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру талабы күшейтіледі
Фото: Egov.kz
1,940
оқылды

Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізуде. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Екі факторлы аутентификация – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растау керек. Біріншісі – СМС хабарламаның көмегімен, екіншісі – биометриялық сәйкестендіру арқылы.

Қызмет алушыға тесттен өтпес бұрын 1414 нөмірінен жеке деректерге қатысты сұрау салу туралы хабарлама келеді. Айта кету керек, SMS қолданушының Электронды үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.

Сәтті авторизациядан кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

«Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі кезекте, екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады», – деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі. Ал еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.