Сот айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ деген үкім шығарған.
Алматыда 6 жасар қызды өлтірді деп айыпталған үш күдікті ақталып шықты
621
оқылды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 6 жасар қыздың өліміне қатысты қылмыстық істі қарады. Нәтижесінде, баланы өлтірді деп айыпталған үш күдікті ақталып шықты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Үш күдіктінің біреуі – кішкентай қыздың туған нағашы әжесі, екіншісі – нағашы әпкесі, ал үшіншісі – солардың үйінде жұмыс істеген бағбан.

Нақты айтқанда, 2019 жылы 12 мамыр күні кішкентай қыз анасы мен нағашы әжесінің үйінде жүргенде көз жұмған. Үйдегілер бірауыздан қыздың үстіне аулада тұрған мүсін құлап, қайтыс болғанын айтқан. Алайда и оның әкесі, қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері баланы нағашы әпкесі көлікпен басып кетіп, оның ізін жасыру үшін үйдегілер көліктегі қанды сүртіп, қыздың киімін ауыстырып, денесіндегі жарақаттарды жуып-шайып, оқиға орнына жедел жәрдем шақырудың орнына, оны ауруханаға өздері апарған деп ойлаған. Ал нағашы әпкесінің бұл мұндай қадамға баруына қызғаныш себеп болды деген.

Тергеуде баланың әжесі мен отбасының бағбанына көрінеу жалған айғақтар (ҚК-нің 420-бабы 2-бөлігі) бойынша айып тағылған. Сондай-ақ бағбан Қылмыстық кодекстің «Қылмысты жасыру» бабы бойынша да айыпталған болатын.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ деген үкім шығарған.

Сот отырысында мына себептерге байланысты тағылған айып расталмады:

  1. Іс бойынша кісі өлтіру фактісін растайтын куәгерлер немесе басқа куәлар жоқ;
  2. Сотталушылар тергеуде де, сот талқылауында да өз кінәсін мойындамаған. Олар бірауыздан қыздың, ауланың артқы жағында, мүсіннің астынан ес-түссіз жатқан күйде табылғанын айтқан;
  3. Қызғаныштан кісі өлтіру себебі болжам болып саналады және тергеуде дәлелденбеген;
  4. 4 жыл бойы тергелген іс бойынша жасалған бес сараптама сда қызды көлік қақпаған деген қорытынды шығарған. Ал жеке сарапшы бала көліктің алдында отырса ғана осындай дене жарақатын алады деген қорытынды берген. Ал бұл айыптаушы айтқан нұсқаға қайшы;
  5. Көліктен жол апатының немесе қыз бала  денесінің іздері табылған жоқ;
  6. Қыздың денесін ит тістеген, бұл баланың денесі ұзақ уақыт бойы көрінбейтін жерде жатқанын көрсетеді. Айыптаушы болса оқиға болған соң күдіктілер оның денесін лезде жуып-шайып, ауруханаға апарды деген болатын. Бұл – бір-біріне қарама-қайшы нұсқа.
Осылайша, айыптаушы тарап жәбірленушінің өліміне көліктің соқтығысуы себеп болғанын және соқтығысты сотталушы жасағанын дәлелдейтін айғақтар келтірген жоқ. Айыптау болжамға негізделген, сондықтан айыптау үкімін шығаруға негіз жоқ. Соттың үкімімен Ш. қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны дәлелденбегендіктен, кінәсіз деп танылды. Сотталушылар Р. және М.-лар кінәсіз деп танылып, олардың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты ақталды,  делінген Алматы қалалық соты таратқан ресми ақпаратта.