Бізде «Қазақ мұсылманшылығы» деген таусылмайтын тақырып бар. Қат­пар-қатпарына мың рет еніп, мың рет пұшпағын илесеңде айтар сөз бір түгесілмейді.
Мұсылманшылықтың номадтық үлгісі
478
оқылды

Тарихи аспектіден қарасаң жазба деректен гөрі ауызша мәліметі басым, заттай деректен гөрі әдеби қуаты салмақтырақ, бір сөзбен айтқанда, қазақ руханиятын, қазақ діндарлығын – жырынды да, жұмбақ әлем дерсің. Негізінде, Дешті-Қыпшақты әрлі-берлі өткен кезбелер мен саяхатшылардың жазбаларында боз даланың боз мұнары хақында азды-көпті айтылған деректер ұшырасатыны жасырын емес. Десе де, бір қарап өтіп, бере салған олардың бағалаулары ұлт хақында толымды пішін қалыптастыра алмайды. Есесіне қазақтың өз-өзіне айтқан өсиеттері, жыр-дастандары, нақыл сөздерінде ұлттың имани келбеті айқын аңғарылады. Демек, қазақ туралы сөйлерде, оның қуанышы мен қазабатын қатар жырлаған фольклорлық деректерсіз бірдеңе деу қиынның қиыны. Осы факторды мойындасақ ғана, «Қазақ мұсылманшылдығы» туралы толымды тұжырым жасай алмақпыз. 

Әсілі Ислам дінімен алғаш бет­пе-бет келетін ерте қазақ дәуі­рі – түркеш, қарлұқ, қарақан, оғ­ыз, қыпшақ, қимақ, хорезмшах мемлекеттері тұсындағы рухани­ят хақындағы тарихи мәлімет­тер­­дің әлі классификацияланған қорытындысы жоқ. Әр тарихшы оң жамбасына келген мәліметті өзінше жорытып, өзінше тұжы­рым­дайды. Мәселен, 751 жылы бол­ған «Атлах шайқасы» жөнінде Ибнул Әсир секілді сарай тарих­шы­лары Аббаси билігінің дәрпін асыру мақсатында оны «ғазауатқа балап» асыра бағаласа, Балазури секілді Аббаси дәуірін терең зерт­теген классикалық тарихшылар «Талас ғазауаты» жөнінде жақ ашпайды. Осыған байланысты, «Атлах шайқасын» тарихшылар­дың бірі «қасиетті соғысқа» бала­са, келесі бір тарихшылар оны түр­кештердің өз арасындағы аза­маттық соғыс деп ғана есеп­тейді. Біздің мұсылманшыл­ық­пен бетпе-бет келген ілкі кезең­дегі тарихи оқиғаларға қатысты осындай сыңаржақ пікір өте көп. Әлбетте, ол үшін деректану ғы­лым­ының критерийлерімен атал­ған мәліметтерді сыныптау ләзім. Сонда бұл мәселелер қайта-қайта дау тудырмайтын болады деп ой­лай­мыз. 

Шынтуайтында, ұлттық өзегі­міз­ді түркі атауы жүрген жердің бәріне апарып таңсақ та, бүгінгі қазақ ұлтын негізінен қыпшақ тайпалары құрағаны баршаға мәлім. Сол себепті қазақ халқы үшін отырықшы түркілердің ер­теректе ислам дінін қабылдауы, ұлт тарихына жанама қатысы бол­уы ықтимал. Бірақ тікелей қа­тысы болды деп айта алмаймыз. Ал көшпелі түркі жұртының ислам дінін жаппай қабылдауы Алтын Орда дәуірінен бастала­тыны айнымас тарихи шындық. Түркі жұртының діни сенімге бай­ланысты қазақ һәм қалмақ болып ірге ажыратқаны да осы кезеңге келіп тіреледі. Бұл жөнін­де Алтын Орда тарихшысы Дрем­ов өз зерттеулерінде жан-жақты зерт­теп, ғылыми тұжырым жаса­ған. Яғни, қазақ тайпаларының басым бөлігі Өзбек ханның (1312-­1342) діни реформасы кезінде Ислам дінін қабылдаған. Осы үдеріс барысында Ислам дінінен теріс айналғандар «қал­мақ» категориясына жатқызыл­ған. Діни реформадан мақұрым қалғандықтан, ескі сенімде қал­ған жұрағаттың өмір сүру үлгісі басқаша өріліп, бірте-бірте ірге ажыратып, бірнеше ғасырдан кейін мүлдем басқаша ұлтқа ай­налған. Исламды қабылдаған қыпшақ тайпалары болса, өзінің тұр­­мыс-тіршілігін Хақ діннің шарт­тарына бейімдеп, сөздік қорына араб-парсы сөздерін ен­ді­ріп, этнографиясын шариғат­қа икемдеп, дүниетанымын әһлі-сүннет ақидасына сәйкестендіре бастаған. Бір сөзбен айтқанда, біздің мұсылманшылдық негіз­деріміз осылай Алтын Орда дәуі­рін­де қалыптаса бастады деп кес­іп айта аламыз. 

Алтын Орда мемлекеті ыдыр­ап, көшпелі жұрттың өкілдері өз алдына бірнеше жеке отау тіге бастаған шақта, Дешті-Қыпшақта Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен Қазақ хандығының шаңырағы көтерілді. Шыңғыс хан ұрпақтары билік жүргізген Жетісудағы Моғолстан, теріскей­дегі Ібір-Сібір (Көшім хандығы) жұрты, батыстағы Ноғай ұлысы, Мәураннахрдағы Темуридтер мен Шайбанилерге қарағанда Қазақ хандығының мемлекеттік тұрпа­ты­ның өзіндік біршама ерекше­лігі болды. Ол ерекшелік негізі­нен ұлтымыздың номадизмге бейім өмір сүру үлгісі еді. Бұл қазақ хандығының ежелгі Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ бірлестіктері қалыптастырған көшпелі өркен­иет­тің жалғастырушы мирасқоры екенін білдіретін. Прототүріктер дәуірінде мемлекет істерінде «Төре», «Бітік», «Ясама», «Ұлы Яса», «Жасақ» секілді ата-баба­лары­мыздың өмір сүру заңнамасы басшылыққа алынды. Қазақ хан­дары осы үрдісті жалғастырып, көшпелі халықтың қоғамдық мүд­­­­­десін қанағаттандыратын XV ғасыр басында «Қасым ханның қасқа жолы», XVII ғасыр басында «Есім ханның ескі жолы», XVII ғасырдың аяғына қарай әз-Тәу­ке­нің «Жеті Жарғысы» секілді заңнамаларды қабылдап, көшпе­лі мемлекетті күшейтетін саяси-құқық­тық құжаттарды қолға ал­ды. Аталған құқықтық құжаттар Қазақ халқының басқа мұсылман халықтарға ұқсамайтын дара өмір сүру үлгісін қалыптастырды.

Қазақ халқы Ислам дінін Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның кезінде қабылдағанымен, мемлекетті басқару, қоғамдық қатынастарды реттеу, қылмыстық істерде жаза тағайындау, отбасы­лық және әлеуметтік мәселелерді шешудегі ұстанған жолы – шари­ғат заңдарынан мүлдем бөлек болатын. Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңының кейінгі сілемі саналатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» секілді заңнамалар рулық қаты­нас­ты реттейтін һәм көшпелі өмір сүру ерекшеліктеріне тән құқықтық құжаттар еді. Қазақ хал­қының мұсылманшылығы Құдайға деген сенімі (ақида ілімі) мен құлшылығында (ғибадат бабы) ғана көрініс тапты. Ал шари­­ғаттағы мемлекеттік басқару (ахқамус-султания), азаматтық іс­тер (муамалат), қылмыстық іс­тер (уқубат), отбасылық істерінде (ахуал-шахсия) жоғарыда көрсет­ілген дала заңдарын басшылыққа алды. Өйткені шариғи заңдардан қарағанда дала заңдары көшпелі ғұмырдың мәселелерін әділ әрі тура шешетін. Мысалы, қазақтар­дың билікті қасиетті санап, оны алтын ұрық өкілдеріне (төрелер) тапсыруы, құқықтық билікті бил­ер мен шешендерге беруі, әскери билікті батырлардың ен­шісіне қалдыруы, қылмыстық істерге қатаң жазалар тағайын­дауы, әлеу­меттік істерді рулық-туыс­шыл­дық қатынастар арқылы шешу­ді басшылыққа алуы тағы басқа құқықтық нормалар көш­пе­лі халықтың мүддесіне дәлме-дәл сай келетін. Осы себептен де, мұсылман қазақ халқы діннің аса қажетті нормасы саналатын ақи­да ілімі мен ғибадат ережелерінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстана отырып, өзге қоғамдық мәселе­лер­ді дала заңдарымен реттеуге басымдық берді. Қала берді Қа­зақ халқының өмірлік бұл ұста­ны­­мы Әбу Ханифа ережесін­дегі «урф» (әдет-ғұрып) қағида­сына теріс емес-тін. 

Қазақ халқының қоңсы мұ­сыл­ман елдеріне ұқсамайтын осындай дара ұстанымы кейде діни түсініспеушілікті де тудырып отырды. XVI ғасыр басында Шай­бани билеушісі Мұхаммед Шай­ба­ни қазақтардың мұсылманшы-

л­ығына күмән келтіріп, Сыр бо­йы қалаларын Бұрындық және Қасым хандардан қайтарып алу үшін қасиетті соғыс ұранын кө­тер­ген болатын. Осы жорыққа қатысқан тарихшы Рузбехан «Мехман-наме Бұқара» атты трак­татында Қазақ халқының өмір сүру үлгісіне сын көзбен қараған-ды. Алайда сол дәуірден хабар беретін өзге дереккөздерде Қазақтардың мұсылманшылық­қа берік екені айтылады. Мы­са­лы, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рәшиди» және Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Ба­бырнамасында» қазақтардың дініне күмән келтіретін мағлұмат көрсетілмейді. Сондай-ақ XVI ғасыр соңында батыс Қазақстан даласында болған А.Дженник­сонның жазбаларында «Қазақ­тар­дың Мұхаммедтің дінін ұста­на­тындығы» баяндалған. Демек, жоғарыдағы Рузбехан «Мехман-наме Бұқара» атты трактатында Қазақ халқының өмір сүру ерек­ше­лігіне дұрыс көз жеткізбеген­діктен, біржақты пікір білдірген деп ойлаймыз. 

Ал Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хандардың Ясауи және На­хыш­банди тариқатының мүрит­тері болғандығы белгілі. Олардың кезінде бола бастаған қазақ-қал­мақ соғыстарының астарында діни мүдде жатқандығы да тарих­шы қауымға аян. Қазақ хандығы­н­ың соңғы дәуіріне тән орыс дерек­терінде де көшпелі халық­тың Ислам дінін ұстанғандығы айтылады. Мәселен, Орта жүз жерінде хандық жүйені жойып, аға сұлтандық өкіметті орнатқан С.Броневский «О киргиз-кайса­ках Средней Орды» атты еңбегін­де қазақтардың мешіттері болма­ғаны­мен, Мұхаммедтің дінімен өмір сүретінін, олардың арасында дін насихатын жүргізетін ахун, мулла, қожалардың болатынын жеткізеді. М.Красовский «Обл­асть сибирских киргиз» деп ата­ла­тын үш томдық еңбегінде қа­зақ­­­­­­­­тардың Құрбан айт мерекесін ақсүйек саналатын сұлтан, қожа, молда және қаймана қазақтардың қалай тойлайтынын баяндайды. Ал атақты этнограф Г.Потанин: «Қырғыз даласында мұсылман­дық жылдан жылға күшейіп келе жатыр» деп, ал оның күшеюіне орыс үкіметі тағайындаған татар молдалары емес, Бұқарадан оқып келушілердің әсері бар екенін тілге тиек етеді.   

 

ТҮЙІН:

Алла Тағала Құран Кәрі­мде «Ғафу жолын ұста, ғұ­рыппен әмір ет және надан­дар­дан теріс айнал» («Ағраф сүресі», 199-аят) деп бұйырады. Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннетінің де бір бөлігі (тақрири) әдет-ғұрыпқа негізделген. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша әдет-ғұрып­тар мен салт-­дәстүрлер ша­ри­ғат не­гіз­­­деріне қайшы келмесе, оны құ­қықтық шара ретінде бас­шы­­лық­­қа алу әбес емес әрі әдет-ғұрыппен берілген үкімдер қо­ғам­да әділ­еттің орнығуына сеп­­­те­ссе, онда бұл шариғи үкім­нің орнын басқан болып санала­ды. Ал қазақ халқы­ның дүниета­ны­­мында да­ла­ның Жар­ғы заң­­дары ең әділетті заң саналған. Де­мек, қазақ хал­қы­ның нома­дизм парадигмасы көшпелі әлеуметтік өмірдің сұ­ранысын қа­на­ғаттан­дыратын бір­ден-бір озық үлгі болып есеп­тел­ген. Баба­лары­мыздың бұл дара ұстанымы – бү­гінгі қазақ қоғам­ының түйіні ағы­тылмаған діни аспектілеріне пре­цедент бола алады деп ойлай­мыз.

Ермек МҰҚАТАЙ,

Шығыс Қазақстан облысының Бас имамы