Абай облысында ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған балаларға білім беру жүйесінде үш қолдау орталығы жұмыс істейді.
Аймақта балаларға қамқорлық артып келеді
287
оқылды

Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарындағы тәрбиеленушілер саны – 175, оның ішін­де: жетімдер – 46 (26%), ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалғандар – 129 (74%). Ата-ана құқығынан айырылған – 118 (91%), ата-ана құқықтары шектеулі – 8 (6%), сот әрекетке қабілетсіз деп танығандар – 3 (3%).

Орталықтардан жыл сайын 35-тен аса тәрбиеленуші бітіреді. Ол­ар­ды дербес өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу үшін балалар­ды қолдау орталықтарында 9-11 сы­нып түлектері арасында кәсіп­тік-бағдарлау жұмысы және олар­дың жұмысқа орналасуын қамта­ма­сыз ету жүргізіледі. Түлектер тегін техникалық және жоғары білім алады. Сондай-ақ жатақхана­мен, тамақпен, киім-кешекпен, оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Көктемгі және жазғы каникул кезеңінде 2 АЕК мөлшерінде жол жүргені үшін медициналық көмек, стипендия және өтемақы беріледі.

Жетім балалар мен ата-ана­сын­ың қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған мекемелердің тәр­бие­ленушілерінің дербес өмір­ге бейі­мделуін жақсарту үшін об­лыста «Өмір мен мансапты жос­пар­лау» жобасы жұмыс істейді. 2024 жылы осы бағдарлама бо­йынша 17 кол­ледж түлегі жұмысқа орналастырыл­ды. Аймақ басшысы кеңейтілген аппар­ат­тық кеңесте қаралған бұл сұрақ бойынша өз ойын ортаға салды.

«Елімізде ата-ана қамқорлы­ғынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соған қарамастан, бұл сауапты істен қоғам да шет қалмауы керек. Біз­дің облысымызда түрлі өнеркәсіп орындары, зауыттар, бизнес сала­сында еңбек етіп жүргендер жетер­лік. Соларда осы шараға атсалы­сып, көмектерін беруге себепші болуы­мыз керек. Тіптен өз қалауы бойын­ша әр қарапайым жерлесіміз үлес қоса алады», – деді облыс әкімі.

Тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы жыл­дың 9 айында 59 жетім бала пәтер­ге ие болса, жыл соңына дейін тағы 26 балаға баспана беру жос­парлануда. Балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің баламалы шешімдерінің бірі «Отбасы банк» АҚ жинақтаушы шоттар ашу болып табылады.

Абай облысында 2024 жылдың ақпан айынан бастап жетім бала­лар мен ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балаларды қолдау үшін «Мейірім» акциясы іске асырылуда. Бүгінде 222 бала об­лыстық басқармалардың, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің бөлім­дерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің, мектептердің, кол­ледждердің және ЖОО ұжымдары­на бекітілді. Сегіз ай ішінде 87 бала­ның шотына 28 млн теңгеден астам қаражат түсті.

Ә.МҰХАНБЕТ