Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Арал теңізі табанында қара алтынның мол қоры бар деген қауесет желдей есіп кетті.
Арал мұнайы: аңыз бен ақиқат
коллаж: Елдар ҚАБА
410
оқылды

Елімізде игеріліп жатқан мұнай қорының таусылуға жақын қалғаны мамандарды алаңдатып, жаңа кен орнын іздеуге бет бұрды. Теңіз ұлтанын зерттеген арнайы мамандар мұнайдың мол қорын іздеп жатқанын жалпақ жұртқа жария етті. Бірақ нәтижесі қалай болды?

Бейресми мәліметке сәйкес, Арал маңында көмірсутекті жал­пы қорын құрайтын 2 млрд тон­на мұнай және 2 трлн текше метр газ бар екен. Сол кездері гео­лог ма­ман­дар Арал акватор­иясында 12,5 мың шаршы ша­қырымды құрайтын 30-ға жуық мұнай-газ кен орны болуы мүмкін екенін айтып қалды. Егер бұл көрсеткіш шындыққа жанасса, Аралдағы қара алтын­ның қоры Орталық Азиядағы мұнайдың 31 пайызын құрап, газдың мөлшері 40 пайыз­ға тең болады деген сөз. 

Бір жылдары тартылған теңіз ұлтанынан ұшы-қиыры жоқ қара алтын көмбесін іздеуге өзбек ағайындар да білек сыбана кіріс­кені мәлім болды. Бұл тұр­ғыда өзбек мамандары Аралдың табан­ында 470 текше метр газ бар екен­ін алға тартты. Мұны сол уақытта жергілікті басылым­дар жарыса жазып жатты.

Негізінен, Арал өңірінде мұн­ай мен газдың мол қоры бар екені көптен бері айтылып кел­еді. Нақ­ты айтқанда, 2000 жыл­дар­дың басында Үкіметтің ар­найы қау­лысымен теңіз та­ба­н­ын­да гео­ло­гиялық-сейсмикалық бар­лау жұмыстары бастау алды. Мәлі­метке сәйкес, алғаш бұл жұмысты «Құланды­энер­го­инже­неринг» серіктестігі жүр­гізі­пті. Серіктестік ол кезде Арал аума­ғын­дағы Құланды түбегіне зерт­теу жұмыс­тарын жүргізіп, алғаш­қы бол­жамдарын жасаған. Осы­дан бас­тап жергілікті ком­пания­лардың ықпалымен теңіз ұлтан­ындағы Кәукей аймағынан бірнеше ұңғымалар қазылыпты. 

Бертін келе өңірдегі «Арал­мұнайгаз» кәсіпорны Арал қала­сының оңтүстік-шығыс бөлігіне, Мергенсай мен Аманөткен ауыл­­дық округтерінің аумағына бар­лау жұмыстарын жүргізген. Осы арқылы бұрғылаушылар қара алтынның тереңдігін бағам­дап, мүнай-газ шикізатының болжам­дық қорын анықтауға тырысқан.

Негізінен, Арал өңірінен шикізат қорын іздеу міндетін алған бұл мекеме сол уақытта «Қазмұнайгаз-бұрғылау» сер­вистік бұрғылау кәсіпорнымен келісімшартқа отырғаны да айтылып жүрді. Сол кезде бұл жобаның құны 1,13 млрд теңгеге бағаланды. Бірақ барлау жұмыс­тары оң нәтиже көрсетпеген сың­айлы.

Арал аумағында зерттеу-бар­лау жұмыстары жүргізілгенін жергілікті жұртшылық та жоққа шығармайды. Сол барлау жұ­мыс­тарына дәйек боларлық ұңғыма­лардың орны әлі де сақ­талып тұр­ғанын айтады. 

«Бұған дейін Арал өңірінде мұнайдың мол қоры бар екені жиі айтылып жүрді. Тіпті, көр­шілес Өзбекстан мемлекеті де Арал теңізі­нің бір бөлігінен қара алтын іздеп, қарбаласқаны мә­лім. Арал аумағынан еліміздің ма­мандары бір емес, бірнеше мәрте шикізат қор­ына барлау жүр­гізгенін есті­дік. Арал теңізі аумағынан қазыл­ған екі ұңғы­маны көзіміз көрді. Ол ұңғыма­лар әлі күнге дейін тұр. Бірақ ат­қарылған жұмыстар оң нәтиже бермеген болуы керек. Нақты себебін білмейміз. Қазіргі уақыт­та аталмыш ұңғымалар игеру­сіз. Жалпы, Арал аумағына қара ал­тын қорын іздеу жұмыс­тары си­рек те болса бой көрсетіп қал­­ып жатады», – дейді Арал өңір­і­­нің тумасы, қоғам белсендісі Айжарық Ералиев. 

Жалпы, соңғы жылдары елі­мізде мұнай қоры түгесілуге жа­қын екені жиі айтылып жүр. Сон­ың ішінде Сыр өңірінде қара алтын қорының азайып бара жат­қан­ын мамандар да тілге тиек етіп келеді. Мәліметке сәйкес, 2020 жылы өңірде мұнай өндіру мөлшері 4,6 млн тоннаны құра­ған. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,3 млн тоннаға, яғни 16 пайызға төмендепті. Шикізатты өндіру көлемі бойынша соңғы екі жылғы көрсеткіш те мәз емес. Осыған орай, өңірде жаңа перс­пектива­лық учаскелерді барлау мәселесі өзектілігін жойған тұр. 

Соңғы мәліметке сәйкес, Арал шөгінді бассейнінің «Шы­ғыс» және «Батыс» учаскелерінде геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 6 млрд 300 млн теңге қаралыпты. Сондай-ақ биыл «Қазмұнайгаз» Ұлттық компа­ниясының бастамасымен «Тор­ғай­-палеозой» кен орнында тер­ең­­дігі 5 500 метр болатын ұң­ғы­ма­ны бұрғылау көзделген. Алайда бұл жұмыстар қандай нәтиже беретіні әзірге беймәлім.

Осы орайда, Арал ауданы әкімдігінен шикізат қорын іздеу нәтижесін білу мақсатында ха­бар­ласып көрдік. Бірақ аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар жайында нақты мәліметпен бөлісе алма­ды.

Бір белгілі болғаны, Сыр өңірінде, оның ішінде Арал теңізі аумағында жер қойнауынан қара алтын қорын іздеу жұмыс­тары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Барлау жұмыстарына кез­ең-кезеңімен бөлінген қыру­ар қар­жыда есеп жоқ. Бірақ әзір­ге көңіл қуантарлық нәтиже көрінбейді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы