Бауыржан Аленовтың айтуынша, үй өртенген Еңбекшіқазақ ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Шерзат Болаттың үйі өртенді: министрдің орынбасары мен прокурор мәлімдеме жасады
Фото: Polisia.kz
864
оқылды

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Еңбекшіқазақ ауданында болған оқиғаға, яғни марқұм болған Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуіне байланысты істің мән-жайы туралы баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Бауыржан Аленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап Еңбекшіқазақ ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

«Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізіліп, бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралып жатыр. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексеріліп жатыр. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеп жүр. Оқиға болған кезде өрт болған үйде ешкім болмаған. Отбасы басқа мекенжайда болған. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беретінін жеткізді.

«Бүгінде арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақ алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді», – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.