Технологиялық көшбасшы колледждерді дамытуға екпін қойылып отыр.
2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы: тиісті Жол картасы әзірленіп жатыр
фото: pixabay.com
1,504
оқылды

Технологиялық көшбасшы колледждерді дамытуға екпін қойылып отыр. Бұл туралы Мәжілісте кадрлық әлеуетті нығайту тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында кәсіптік білімді реформалаудың маңыздылығына айрықша тоқталып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы ретте министрлік Жұмысшы мамандықтар жылына арналған жоспарды және кәсіптік білімді трансформациялауға бағытталған Жол картасын әзірлеп жатыр»,  деді Ғ.Бейсембаев.

Кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауды бірқатар бағытта жүргізу жоспарланған.

Біріншіден, өңірлер экономикасының құрылымына талдау жүргізілді. 4 макроөңір анықталып, олардың даму бағыттары белгіленді. Осыған сәйкес, 195 колледж бейінделді (профилизация). Бұл ретте, колледждердің мемлекеттік білім беру тапсырысын аймақ экономикасына бағыттау қажет. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Екіншіден, технологиялық көшбасшы колледждерді дамыту ескерілген. Бұл мақсатта министрлік бағалау жүйесінің жобасын әзірледі. Бұл жүйе бойынша халықаралық тәжірибе зерделеніп, рейтингтік бағалауға негізделген. Оның бір көрсеткіші  колледждердің халықаралық салалық талаптарға сай бағалаудан өтуі.

«Үшінші бағытымыз  білім мазмұнын қайта қарап, халықаралық талаптарды енгізу. Бүгінде еліміздегі колледждер осындай стандарттар енгізіп, түлектер тиісті мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтіп жатыр. Сонымен қатар педагогтердің әлеуетін көтеру жұмыстары жүзеге асырылады, мұнда педагогтердің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуі және өнеркәсіптен мамандарды тарту көзделген. Төртіншіден, тиімді басқару жүйесін қалыптастыру қарастырылған. Яғни, басқарушы корпусты даярлау жалғасады. Бесіншіден, бұл  техникалық және кәсіптік білім берудің қаржылық моделінің жаңаруы. Осы тұрғыда жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру базалық бөлімнен және жаңа ынталандырушы төлемнен тұрады. Қазіргі кезде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың жаңа әдістемесінің жобасы Қаржы министрлігімен бірлесіп пысықталып отыр. Оның қорытындысы бойынша, республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі»,  деді министр.

Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.