Бүлдіршінді көшедегі қаңғыбас ит талап кеткен.
БҚО: Итке таланған бес жасар қыздың жағдайы қалай?
747
оқылды

Бүлдіршіннің қазір жағдайы орташа ауыр, соған қарамастан бала өздігінен тамақ ішіп, қозғала алады,  деп хабарлайды Aikyn.kz БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 11 қазан күні Бөрлі ауданында 5 жасар қыз баланы ит талап кеткен болатын. Кішкентай қыз Бөрлі ауданының ауруханасына 11 қазан күні күндізгі сағат 11.40-та жеткізілген.

Қабылдау бөліміне түскен 5 жасар қыз баланың жағдайы ескеріліп, дереу жансақтау бөліміне жеткізілді.  Ол өте көптеген дене жарақатын алған. Дәрігерлер дереу  ауырсынуды басатын дәрі егіп, жарақатын тазалағаннан кейін ит немесе мысық тырнап немесе қапқан жағдайда салынатын шұғыл екпе салды. Баланың қазір жағдайы түзеліп келеді. Ол өздігінен тамақ ішіп, өзі қозғала алады. Бала қазір хирургия бөлімінде ем алып жатыр, деп мәлімдеді облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Бүлдіршінді көшедегі қаңғыбас ит талап кеткен. Бұл Бөрлі ауданы бойынша иттердің адамға шабуылдап отырған алғашқы оқиғасы емес. Бұған дейін адамдарға иттердің шабуылдап, тістеу дерегі бойынша 129 факті тіркелген. Кешегі 5 жасар бүлдіршінге ит шабуылдағаннан кейін бұралқы иттерді аулау жұмыстары қайтадан қолға алынған. Қазан айының 11-14 күндері 50 қаңғыбас ит ауланыпты. 

Бұл туралы БҚО Ветеринария басқармасының өкілі айтты. 

Осы күнге дейін  Бөрлі ауданы бойынша 496 бұралқы ит пен мысық ауланды. Көшедегі бұралқы иттердің адамдарға қауіп төндірмеуі үшін оларға арнайы екпе салынады. Ақсай қаласының өзінде 117 итке құтыруға қарсы екпе салынып, стерилизация жасалды. Тұрғындардан келіп түскен өтініштерге сәйкес, бұралқы иттердің көзін жойып отырамыз. Бүгінде Ақсай қаласында 179 бұралқы иттің көзі жойылды,  деп атап өтті БҚО Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Берік Иралиев.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, БҚО