Президент тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған.
Президент Ауыл шаруашылығы министріне агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді
340
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Айдарбек Сапаров Президентке аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысын баяндады:

  • бүгінде егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған;
  • орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды;
  • диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар жемшөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінген. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Ал былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Оған қоса, төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілген.

Биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Осы ретте министр ведомствоның келесі жылға арналған жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.