Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 17 қазанда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және палатаның іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы міндеттерді талқылады.
Тұрғын үй саясаты туралы заң қаралады
420
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен өткен аптада ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі хатшылығының XXII оты­рысы мен І Жас діни лидерлер форумын қоры­тындылады. Сенат Төрағасы аталған іс-шаралар барысында айтылған ұсы­ныстар мен идеялардың маңызына назар аударып, оның бәрі 2025 жылғы 17-18 қыр­күйекте Астанада өтетін «Діндер диа­логы: болашақ жолындағы синергия» та­қырыбына арналған Әлемдік және дәс­түрлі дін­дер көшбас­шыларының VIII съезінің панельдік сес­сияларында ес­ке­рілетінін тілге тиек етті.

Сонымен қатар сенаторлар палатаның іс-шаралар жоспарына сәйкес осы аптада өткізілетін көшпелі отырыстардың күн тәртібін талқылады. Нақты айтқанда, Мем­лекет басшысының «Әділетті Қазақ­стан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жол­дауын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметті жетілдіру, қыл­мыстық жолмен алын­ған кірістерді жылыстатуды заңдас­тыруға және терро­ризмді қаржыландыруға қарсы іс-қи­мылды күшейту, сондай-ақ шаруаларды жанар жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша депутаттардың алдағы жұмысы сөз болды.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес сена­торлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңды қа­рай­ды. Құжат тұрғын үй қатынастары сала­сындағы заңнаманы одан әрі жетіл­діруді көздейді.

Заң коммуналдық тұрғын үй қорынан мұқтаж адамдарға тұрғын үй беру немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқа­рушы орган жалдаған тұрғын үй беру, тұр­ғын үйге жалдау ақысының бір бөлігін субси­диялау және тұрғын үй жағдайларын жақ­сартуға арналған тағы басқа мемле­кеттік қолдау шар­аларын белгілейді.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжі­лістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.