Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінің баспасөз орталығында күрес түрлері бойынша алдағы маңызды жарыстарға қатысу мен «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметіне қатысты өзекті мәселелерге арналған брифинг өтті.
Ұлттық күрестің жетістіктері талқыланды
511
оқылды

Брифингте грек-рим, еркін және әйелдер күресінің бүгінгі жағдайы, даму бағыттары және жетістіктері кеңінен талқыланды. Брифингке федерацияның жетекшілері мен спорт сарап­шылары қатысты, олар ұлттық күрестің маңыз­дылығы мен перспективасымен бөлісті.

Федерация өкілдері Қазақстанның ха­лықаралық ареналарда, атап айтқанда Олимпиада ойындары мен әлем чемпио­наттарында пал­уандардың көрсеткен жоғары нәтижелерін мақ­тан тұтатынын жеткізді. Әйелдер күресі өзіне ерекше назар аударатын спорт түрі болып табылатыны айтылды, себебі еліміздің әйелдер күресі соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Спортшыларымыздың жетістіктері жөнінде Күрес федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов:

«2022 жылғы Қазақстан чемпионатына 3 200 адам қатысты. Бұған барлық жастағы барлық стиль кірді. 2023 жылы біз аздаған өсімге қол жеткіздік. Ресми стартқа 3 500 адам қатысты. Егер халықаралық деңгейдегі спорттық нәти­желеріміз туралы айтатын болсақ, 2022 жылғы Қазақстан төрінде үш күнге созылған барлық жастағылар арасындағы турнирде жеңіске жеткенімізді атап өткім келеді. Әртүрлі салмақ категориясы бойынша 114 медаль болса, 2023 жы­лы көрсеткішіміз 116 медальға дейін өсті. Бұл медаль барлық жастағы құрлықтық және әлем чемпионаттарындағы ресми жарыстарда ғана алынғанын атап өткім келеді» – деді.

Брифинг барысында жастарды күреске тарту және оларға арналған секцияларды ашу туралы идеялар ұсынылды. Күрес федерациясы жастар арасында спортқа қызығушылықты арттыру мақсатында мектептер мен колледждерде жаңа бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ кадр даярлау, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық деңгейде ынты­мақтастықты дамыту мәселелері де басты на­зарда болды. Федерация халықаралық ұйым­дармен бірлесіп жұмыс істеп, шетелдік маман­дармен тәжірибе алмасу арқылы күрес спор­тының деңгейін көтеруді көздейді.

Келешекте федерация әйелдер күресінің дамуына арналған стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға ниетті, оның ішінде үміткерлердің санын көбейту, жарыстар өткізу және күрес спортын насихаттау бағытындағы жобалар бар.

«Еліміздегі күрес федерациясы –  үздік федерациялардың бірі. Әлемдегі, Азиядағы феде­рация мүшелерімен тығыз байланыста болып, дұрыс жолда келе жатыр. Тек бір қалада емес, әр облысқа жауапты федерация өкілдері бар. Олар­дың түгелге дерлік мүшелері жұмысқа үлкен жауап­кершілікпен қарап, түрлі жарыс ұйымдас­тыруда. Сондай-ақ спортты кеңінен насихаттау және дамыту бағытында жұмыстар атқарудамыз. Бұған дейін мен жүйелі түрде айналысатын спортшылар туралы статистикалық деректерді қабылдадым. Айтайын дегенім, проблемалы аймақтарда әйелдер күресімен айналысатындар саны аз, бірақ федерацияның күш-жігерінің арқасында әйелдер күресінен мемлекеттік жат­тық­тырушымен бірлесе отырып, Жамбыл ауданында филиал ашуға қол жеткіз­дік», – деді Қазақстан күрес федерация­сының президенті Дәулет Тұрлыханов.

Әсет ҚАЛИ