Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.
Бұқара үні – билік назарында
342
оқылды

Біртұтас қоғамның  берік негізі

«Адал азамат» тұжырымдамасы – әді­летті мемлекет пен біртұтас қоғамның берік негізі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.

Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау. 

Іс-шараның ашылуында МҚІА төраға­сы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету – агенттіктің үнемі назарында.

Агенттік төрағасы форум аясында келесі мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығын айтты. Біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру. Бұл жай ғана ресми стандарттар емес – халыққа қызмет ету идеясына негізделген философия болуға тиіс. Оның мақсаты – қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру. Екіншіден, антқа адалдықтың маңыздылығын басты назарда ұстау. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді. Үшіншіден, халық сеніміне ие болу, заң үстемдігін орнықтыру. Әділдік, ашықтық және әдептілік қағидаттарына сай қызмет ету қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін орнықтырады. 

Мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, объективті шешімдер қабылдауға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын жетілдірудің жаңа тәсілдері мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып отыр. Оларды жүзеге асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтына маңызды міндет жүктеледі.

Қатысушылар әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларды бағалау мен бақылаудың неғұрлым тиімді тетіктерін енгізуге қатысты ойларын да ортаға салды. Дархан Жазықбайдың айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарының сақталуының кепілі болуға, өздері үлгі көрсетуге және мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуге тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форум жұмысына сәттілік тіледі. 

– Сіздерді тарихи Түркістанда қарсы алып, кездесіп тұрғаныма қуаныштымын! 25 қазан – Республика күні қарсаңында мемлекеттік қызметші мінез-құлқының жаңа моделі талқыланған форумның киелі Түркістанда өтіп жатқаны бізді қуантады. Екі миллионнан астам халқы бар өңірде 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Бүгінде Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 19 түлегі, «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі, шет елдерде білім алған 64 мемлекеттік қызметші өңіріміздің дамуына қызмет етуде. Түркістан облысы әкімдігі мемлекеттік қыз­мет саласын жетілдіру, жаңа өзгерістерді іске асыру бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуде. 4 ауданның әкімі сайланды. Облыста өңірлік кадрлық резерв іріктеліп, оған 32 мемлекеттік қызметші жасақталып, қазір 3 резерв өкілі жоғары лауазымға тағайындалды, – деді облыс әкімі. 

Агенттік мемлекеттік қызмет саласын­дағы анықталған заңбұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Былтырдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды.

Атап өту керек, бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.

Ізгі қасиетті бойына сіңірген

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», – деген еді. Президент тағы бірде: «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады», – деді.

Әрине, «Адал азамат» ұғымы қазақта бұрыннан бар, бірақ Президент оны қайта жаңғыртып, өлшемін дөп басып сипаттап, тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. 

Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды «Адал азамат» деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Олардың қатарында құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқарса, нанын адал еңбекпен жесе, соның өзі әділдік, адалдық. 

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезіккен шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, алдағы болашағында бағытынан таймасы анық. Саналы ғұмырының тұп-тура 30 жылын осы салаға арнап, балалардың сапалы білім алуына өлшеусіз үлес қосқан Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Зағипа Алдиярова – бүгінде аудандағы Ақайдар жалпы орта мектебінде әлеуметтік педагог және биология пәнінің мұғалімі. 

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Зағипа Кенжеғұлқызы ұстаздық жолын сонау өзі туып-өскен Қарақалпақстан елінде 30 жыл бұрын бастаған. Нүкіс мемлекеттік университетін 1994 жылы биология-экология мамандығы бойынша бітірген ол, Шоманай қаласында Гагарин атындағы мектепте биология пәнінің мұғалімі болады. Бір жылдан соң отбасын құрып, Нүкіс ауданындағы Ленин атындағы мектепке ауысады. 2000 жылы отбасымен бірге атажұрты Қазақстанға, оның ішінде Түркістан олысының Төлеби ауданына қоныс аударып, осындағы Ақайдар мектебіне жұмысқа тұрады. Міне, содан бергі уақытта өзінің ізденімпаздығы­мен білім саласында болып жатқан түрлі өзгерістерден қалыспай, заман талабына сай шәкірттерінің бойына сапалы білім беруінің нәтижесінде ұжымына сый­лы, аймақта абыройлы атқа ие болды. Әр кезде білімін жетілдіруден жалықпаған ұстаз шәкірттерінің сүйікті мұғаліміне айналды. 

Зағипа Алдиярованың ең үлкен қа­сиеті, ол – адалдығы. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргідей әркім өзінің бас пайдасы үшін кеткен қилы заманда ақкөңіл, періштедей пәк, кіршіксіз тап-таза пейілімен айналасын өзіне баурап алатын жан некен-саяқ. Соның бірі де бірегейі деп ұлағатты ұстаз Зағипа Алдиярованы ерекше атап өтуге болады. 

Оның ұстаздық жолынан бөлек, жеке өмірінде ерекше құрмет тұтатын асыл қасиеттері де бар. Қарт ата-енесімен бірге тұратын ол – келіндік міндетін де адал атқаратын, өзгелерге үлгі болатындай-ақ жан. Атажұртқа қоныс аударып келген соң, 2 қыздан кейін өмірге 1 ұл әкеліп, қуа­нышты күндерді өткізіп жүргенде қапияда жұбайынан айырылып қалды. Кенеттен келген науқас оны ойда-жоқта о дүниеге алып кетті. Бірнеше жылдан бері көрмеген сонау Қарақалпақстан еліндегі төркініне кете салысымен артынан суыт хабар жетіп, өмірлік жарының соңғы бейнесін көруге үлгере алмай қалғаны Зағипа ананың әлі күнге дейін жанына батады. Құрсағында қалған бөбегін жұбаныш етіп, өзін-өзі бекем ұстаған ол, содан бергі 20 жылда жұбайынан ерте айырылса да тағдырына мойымай, 2 қыз, 2 ұлды қанаттыға қақтыр­май тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнен кем қылмай өсірді. Оларға әкесінің орнын жоқтатпай аналық қамқорлыққа бөлеп жетілдірді. Бүгінде қыздарын құтты қияға қондырып, ұлда­рынан үміт күтіп отырған ана. Соның арқасында отбасы үлкен киелі шаңыраққа айналды. Текті әулетке келін болған Зағипа ана – жұбайынан жастай айырылса да, тағдырдың сынағына мо­йын бұрмай, қайсарлық таныта білген жан. Қосағынан ерте ажырап қалса да, тағдыр­дың талайына көніп, қалған ғұмырын бала-шағасына арнады. 

Одан бөлек, бүгінде жасы 100-ге тая­ған қарт қайынатасының бар жағдайын жасап, жылы-жұмсағын аузына тосып отырған ибалы келін. Жолдасының қалдырып кеткен аманатына қиянат жасамай, азаматын ардақтай білген, көркем мінезімен айналасына сүйкімі бөлек жанды қалайша Адал азаматқа теңемеске?! 

Мектепте 30 жылға жуық балаларға дәріс беріп, өзіндік қолтаңба қалдырып отырған ұстаздың жеткен жетістіктері, бірнеше марапаты да бар. Білім көкжиегін кеңейткен шәкірттері де талай шыңдарды бағындырып, жүлделі орындарды алып жүр. 

Өзі – «Үздік пән мұғалімі» байқауы­нан үздік тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі үшін 1 дәрежелі диплом, «Жаңартылған білімге жаңашыл ұстаз» форумы аясында авторлық кітап номинациясының иегері, сондай-ақ облыстық, аудандық деңгейдегі бірнеше мадақтаманың иесі. 

Ұжымында абырой-беделге ие, отбасына сыйлы осындай өнегелі жандарды неге өзгелерге өнеге етпеске?! Адал азамат дегеніміздің өзі де осы емес пе?!

Әрбір өтініш бақылауға алынуға тиіс

Мемлекет басшысының пәрмені­мен елімізде азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріліп отыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында «Қоғамдық бақылау», «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» секілді бірқатар маңызды заң қабылданды. Мемлекеттік органдарға «бір терезе» қағидасы бойынша өтініш немесе талап жолдауға арналған «Е-өтініш» сандық платформасы енгізілді. Елімізде соңғы жылдары жіберілген арыз-шағымдар саны 2 еседен артқан.

Түркістан облысы бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан бері 100 837 өтініш, ұсыныс келіп түскен. Орталыққа өті­німдердің 97%-ы қоңырау шалу ар­қылы және 3%-ы әлеуметтік желілер (Whatsaap, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы жоданған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен тал­қыланды. Өңір басшысы халықпен байланысты нығайту, өтініштерге дер кезінде жауап беруді тапсырды. 

– Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш мұқият қадағаланып, бақылау­ға алынуға тиіс. Бұл істі сапалы атқара алмай отырған аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатсын. Өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Бай­ланыс орталығының жұмысын жетілдіріп, жүйелей түскен жөн, – деді Дархан Сатыбалды. 

Жиын барысында облыстық Цифр­ландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір тұрғындары күнделікті коммуналдық-тұрмыстық, білім, әкімдік қызметтер бойынша өтініш түсіреді. Басқарма басшысы шағымдарға тиісті мекемелермен берілген жауапты sms-хабарлама ретінде тұрғындарға жолдауды ұйымдастыру, аудан, қала әкімдіктерімен түскен өтінімдердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында 109 бірыңғай байланыс желісін кеңінен насихаттау шараларын жүргізу сияқты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Талдау нәтижесінде, 9 айдың қорытындысы бойынша өтініштер 13 пайызға төмендеп отыр. Негізінен, Түркістан және Кентау қалалары мен Төлеби ауданынан қоңыраулар көп түседі. Ал өтінімдердің ең азы Сарыағаш, Созақ, Отырар, Мақтаарал ауданына тиесілі. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойын­ша да 20 маусымнан бері 500-ге жуық өтінім келіп түскен.

Айта кетейік, 109 бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жауапты басқармаларға немесе аудан, қала әкімдіктеріне, сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігерлерге жолдап, өтініштердің толық, сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді.

Тұрғындардың мәселеcін тыңдады

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

Билік өкілдерінің халықпен тығыз қарым-қатынасын жиі орнықтыру мақсатындағы осынау тұжырымдамасы бүгінде елімізде кеңінен жолға қойылған. 

Түркістан қаласының жаңа әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Яссы» және «Шау­ғар» секторы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын сала басшыларымен бірге талқылады.

Кездесуге қалалық мәслихат төраға­сы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты қала әкімінің орынбасарлары және дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары қатысты.

«Яссы» және «Шауғар» тұрғын алабының халқы инфрақұрылым, жолдарды асфальттау, көшелерге видеокамералар орнату, көгалдандыру және қоғамдық көліктердің жүру уақытын реттеу, сонымен қатар білім саласына қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Шауғар секторының тұрғындары жақын маңайға «банк автоматтарын» орнатып беруін, орталыққа барып келудің қиын екендігін айтып, шаһар басшысына өтініш білдірді. Тұрғындар мәселесін тыңдаған қала әкімі банк жүйесіне ұсыныс білдіріп, тез арада тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруді тапсырды.

Тазалық мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға шаһар басшысы жұмыс­тың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын, қазір қалада 300-ден аса тазалық қызметкері бар екенін, келесі жылы тазалық қызметкерлері санын арттыру жоспарланғанын айтты. Ал көгалдандыру жұмыстары қала бойынша 25 қазаннан басталатынын жеткізді.

Бетті дайындаған Назгүл НАЗАРБЕК