Жас ұрпақтың амандығы, қауіп­сіздігі және ұлттық құндылыққа сай тәрбиеленуі – ұлттың тұғырына, мемлекеттің ғұмырына тікелей ықпалы бар ел үшін өмірлік ма­ңызды мәселе.
Мәнсіз TikTok контенті аздырар қазақ баласын...
502
оқылды

Сондықтан әлем­де түрлі ел әсіребелсенді вир­туалды әлемнің сұм­дық те­геу­рініне төтеп берудің сан алуан жолын қарастырып жатыр. АҚШ, Үндіс­тан сияқты алпауыт ел­дер өз аумағында TikTok-қа ты­й­ым салды. Қазақстандық де­путаттар да осы үлгіні таңдауды табанды талап етті. Бұған Үкімет пен бірқатар сарап­шы қарсы, неге?

Бұғаттауға бес себеп

Жуырда Геннадий Шиповских бастаған бір топ Сенат депутаты Премьер-Министр Олжас Бектеновке елімізде  TikTok платформасын бұғаттауды сұрап, жүгінді. 

– TikTok әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Біздің елде де бұл желінің қолданушылар саны артпаса, кемі­ген жоқ. Көрші елге тиесілі платформа­ны кей креативті жан жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөл­ге тамған тамшыдай! TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін байқап жүрміз. Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себеппен осы платформаға ішінара тыйым салды, – деді Г.Шиповских.

Сенаторлар дүниежүзінің біраз мем­лекетінде TikTok-қа тыйым салынуы­ның негізгі себептерін атады. 

Біріншіден, негізінен жас ұрпаққа бағ­дарланғандықтан оның балалардың психикалық денсаулығына кері әсері алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына залал келтіріп, оларды жал­ған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкеледі.

Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәсе­лесінің бірі. АҚШ, Франция мен өзге елдер TikTok-тың өз пайдаланушыларының деректерін құпия жинау әдістеріне күмән­данып, желіге шектеу енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені дербес және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіз­дікпен тікелей, тығыз байланысты.

Үшіншіден, мәліметтердің дұрыс сақ­талуы, хакерлерге қолды болмауы кепіл­дендірілмеген. Канада TikTok-тағы деректердің қауіпсіздігіне шүбәланып, шектеу шараларын енгізді. Бұл плат­форманың пайдаланушылар туралы мәлі­меттерді жинау және оларды сақтау тәсіл­дері күмәнді, бұл – Қазақстан үшін де өзекті проблема.

Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет. Сенаторлардың пайымдауынша, TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндар­дың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылық­қа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақ­пар­ат­тың, жат насихаттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікір­ді бұрмалайды.

Бесінші мәселе – адам денсаулығына физикалық, моральдық қауіп төндіру. TikTok-та стрим форматында өткізілетін жарыстар кең таралды. Онда жеңілген адамға жеңімпаз әртүрлі тапсырма береді. Онысы бір қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталғандай. Шынында, мысалы, «Зеленка іш!», «Аузыңа шам-лам­па сал!», «Іш киіміңді көрсет!» секілді бұй­рықтар адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондай-ақ қоғам алдында адамның, баланың абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда еңсесін жан­шып, зорлық көрсетіп, заңнаманы бұза­ды, – деді Сенат депутаты. 

Осыны ескеріп, сенаторлар TikTok-ты Қазақстанда бұғаттауды ұсынды.

Өзге елдер неге тыйым салды?

Төрткүл дүниенің әр түкпірінде қытай­лық бұл платформаға түрлі себеппен тый­ым салынды. Мысалы, 2024 жылғы наурызда АҚШ Конгресі TikTok-қа жал­пымемлекеттік тыйым енгізуді жақтап дауыс берді. Негізгі дәйектеме – бұл қос­ым­шаны Қытай америкалық пайда­ланушыларына ықпал ету және олардың құрылғыларын бақылау үшін пайдалануы мүмкін, тиісінше, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

2023 жылғы ақпанда Еурокомиссия өз қызметкерлерінің TikTok-ты қолдануына тыйым салды. Еуроодақ АҚШ сияқты толық тыйым салу мәселесін пысықтап жатыр. 

Қытаймен бақталас Үндістан 2020 жылғы маусымда TikTok сервисіне жаппай тыйым енгізді. Үнді Үкіметінің тұжырым­дау­ынша, осы және өзге 58 қытайлық қосымша «елдің территориялық тұтастығын бұзады».

Индонезия TikTok-ты 2018 жылғы 3 шілдеде алғашқылар қатарында бұғаттады. Бұған онда «балалар порнографиясының, заңсыз контенттің таралуы, дін ұстын­дарына қарсы қылықтарды насихаттау» негіз болған. Бұл елдің Байланыс және ақ­­парат министрі Рудиантра «тек таза кон­­тентті қолдау жөнінде кепілдік берсе, оны қайта ашуға болатынын» хабарлады. TikTok тез үн қатып, Индонезияда контентті цен­зуралау үшін 20 қызметкер алды. Осы­дан кейін Индонезия бұғатты алып тастады. 

Бангладеш тосқауылдау шарасын 2018 жылғы қарашада қабылдады. Сол кезде осы мемлекетте қауіпсіз һәм сенімді ин­тер­нет құру үшін «порнографиясы және құмар ойындары бар сайттарды жаппай жою» науқаны жүрді. TikTok бұл елдің де талаптарына жедел ден қойды. Соның нәтижесінде, Бангладеш TikTok-ты бұғаттаудан шығарды. 

Бір қызығы, Пәкістан ТикТок-қа дүркін-дүркін тыйым салып, ізінше оны алып тастап отырады. Осы елдің Электр байланыс басқармасы 2020 жылғы шілдеде, қазанда, 2021 жылғы наурыз, маусым, шілдеде, сондай-ақ 2022 жылы қытайлық қосымшаға бұғат салып, бірнеше күннен соң жойды. Бұл ретте алып тастауға – ByteDance компаниясының заңсыз кон­тент­тен арылуы, ал қайтара енгізуге – модерациядағы кінәраттар мен заңсыз контенттің қайта пайда болуы себеп болған. 

Өзбекстанда «Өзкомназорат» (ақ­параттандыру және телекоммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі мем­лекеттік инспекция) 2021 жылғы 2 шілдеде TikTok-ты дербес деректер заңын бұзу­шылар реестріне енгізді. Осыдан кейін өзбек IP-адрестерінен оған кіру мүмкін болмай қалды.

Қазақстандық сенаторлар, қоғам бел­сенділері: «Көрші Қырғызстан да TikTok-ты бұғаттап тастады ғой?!» – деген дәйектеме келтірді. Қырғыз әріптесіміз, журналист Екатерина Хванның айтуынша, 2024 жылғы 18 сәуірден бері Ұлттық қау­іп­сіздік мемлекеттік комитетінің сұрауымен интернет-провайдерлер оған қолжетімді­лікті шектеді. Ресми себеп – балалардың денсаулығына зиян келтіруінің алдын алу. Комитеттің түсіндіруінше, «TikTok-тың қырғызстан­дық сегментінде контентке цензура жүргізудің жүйелі және қағидаты жоқ». Содан кейін пайдалану­шылардың көбінде қосымша ашылуды қойды. Алайда елде TikTok желісі толық жойылған жоқ, оны айналма жолдармен, VPN арқылы пайдалануға болады, ол үшін ешкім қудаланбайды. 

Тыйым ба әлде теңгерім бе?

Wunder Digital компаниясының сарапшылары отандық digital-нарыққа талдау жүргізіп, нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, енді Қазақстандағы ең таны­мал әлеуметтік желі мәртебесіне TikTok ие болды. Бұрынғы көшбасшы, америкалық Instagram-ға енді ысырылып, қытайлық қосымшаға төрден орын беруге тура келді. 2023 жыл қорытындысында TikTok-тың қазақстандық сегментінің аудиториясы бірден 35,4%-ға өсіп, пайда­ланушыларының саны 14,1 миллионға жеткен. 

Екінші орындағы Instagram қазақстан­дық пайдаланушыларының санын бір жыл­да 15,8%-ға арттырып, 12,50 миллионға жеткізді. TikTok сияқты Instagram-ның да аудиториясы – негізінен 18-34 жас аралығындағылар. 

Facebook пайдаланушылар саны 18,2%-ға ұлғайып, 2,80 миллионға жетті. Бірақ оның аудиториясы негізінен ересек: 35-44 жастағылар. 

Brand Analytics стратегиялық коммуни­ка­циялар жөніндегі директоры Василий Чёрный ТикТок Қазақстандағы қоғамдық пікірге жаппай әсер ете алатын дәрежеге жеткенін айтты. 

– Біз өз сараптамамызда «Қазақстан» географиясы бар хабарламаларды талдай­мыз. Қазақстандық сегментті, география­сын анықтау үшін авторлардың профиль­деріндегі деректер, хабарламалар­дың гео­меткалары және басқа да мәліметтер пайдаланылады. Алайда TikTok пен Tele­gram-да хабарламалардың географиясын анықтау күрделі, айқын ақпарат жоқ. Сондықтан олардағы қазақстандық сегмент­ті анықтау үшін хабарламалардың мазмұн-контенті зерделенеді, сондай-ақ қазақ тілінде жазылуы ескеріледі, – деді В.Черный.

Соған қарамастан, сарапшы Қазақстан­ның TikTok-қа түбегейлі тыйым салуға бармайтынына сенімді. Тыйым орнына теңгерімді қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы мүмкін.

«Біріншіден, тыйым Қытаймен арадағы қарым-қатынасқа селкеу түсірер еді. Қыр­ғызстанмен салыстырғанда, Қазақстан мен ҚХР-дің ел басшылары деңгейінде тығыз, достық пейілдегі қатынас орнаған. Екіншіден, өзге әлеуметтік желілермен салыстырғанда TikTok Қазақстанның билігімен, құзырлы органдарымен ынты­мақ­тасып отыр. Ендеше TikTok модерация­лауды күшейтсе, заңсыз контентті белсенді жойса, бұғаттау мәселесі күн тәртібіне қойылмайды. Үшіншіден, ТикТоктың Қазақ­станда өкілдігі бар. Meta (Instagram, Facebook), Google (Youtube) Қазақстанның құзырлы органдарының талаптарын көп орындай бермейді, мұнда өкілдіктері де жоқ», – деді сарапшы. 

Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: әлеу­меттік желілер Қазақстанда орыстілді болып келеді, сол басымдыққа ие. Бұдан тек екеуі ерекшеленеді: Facebook-та және TikTok-та қазақтілді авторлар мен қазақша контент мол, орысшадан көп. Фейсбукте қазақтілді 134 мың автор тұрақты контент түзсе, TikTok-та олардың саны 753 мыңнан асты.

Модерация жақсарса деген тілек 

Заңсыз контентке пәрменді тосқауыл қойылса, сондай-ақ TikTok-тағы қатары қалың жасқа жаппай ұнайтын, ұлттық құн­дылықтарға құрылған заманауи форматтағы, бүгінгі күннің стиліндегі кон­тенттер түзілсе, Отанын шексіз сүйетін патриот ұрпақ тәрбиелеу үшін бұл плат­форманың зор әлеуетін кеңінен пайда­лануға болады. Бұған сенаторлар қарсы емес. Геннадий Шиповскихтің айтуынша, егер Үкімет TikTok-ты бұғаттауға бармаса, ең құрығанда бұл платформада экстре­мизмнің, радикализмнің, сепаратизмнің насихатталмауына қол жеткізуі тиіс. 

«TikTok. Біріншіден, шектен тыс қау­іп­ті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау мен шектеудің нақты алгоритмін ұсынуы керек. Екін­шіден, ол жас балаларға қауіп төндіретін кон­тенттен қорғау үшін YouTube Kids секіл­ді балаларға арналған арнайы желі ен­гізуі қажет. Үшіншіден, егер 13 жасқа толмаған балалар TikTok-қа ата-анасының телефонынан ересек ретінде кірсе, онда Face ID технологиясы арқылы оны бұғаттау механизмін қарастыруы тиіс», – деді Сенат депутаты. 

TikTok-та былапыт сөз, анайы көрінісі бар видео, музыкалық тректер еркін таралады. Қазақстандық сегментінде сервистің контентті модерациялауы тым нашар. Мұны жезөкшелік қызметін ұсынатындар, есірткі сататындар, балалар порнографиясын таратушылар, экстре­мизмді, сепаратизмді ілгерілетушілер пай­да­ланады. Камера алдында шешіну, дене мүшелеріне зақым келтіру, онлайн суицид, буллинг, тағы басқа заңға қайшы масқара тірліктерге тыйым салынбаған. 

Дербес деректерді қорғаумен айналы­сатын германиялық зерттеушілер TikTok қосымшасы өзін жүктеген жанның см­арт­фонына, планшетіне браузерлік тре­кер орнататынын анықтады. Сол ар­қы­лы өз пайдаланушыларының интер­неттегі барлық іс-әрекетін қадағалайды, көз торы, бет-жүзі, саусақ таңбасы сияқты бірегей деректерін жинайды. Бұл деректер Қытайдың құзырлы органдарына беріледі. ByteDance бұл ақпаратты жоққа шығар­мады, тек ол трекерлер «браузердің қас­күнемдік мінез-құлықтарды танып, соның алдын алу үшін қажеттігін» сылтау етті. 

Үкімет басшысының бірінші орынба­сары Роман Скляр сенаторларға жауабында Қазақстанда онлайн-платформалар емес, ондағы заңсыз контенттер ғана нысаналы түрде бұғатталатынын айтты. 

«Бұзушылықтар анықталғанда оларды жою туралы ескертулер жіберіледі. Ондай материалдар мен интернет-ресурстарға қолжетімділік Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының ұсынысымен, сондай-ақ уәкілетті органның нұсқамасы бойынша сот тәртібімен не «соттан тыс бұғаттау» тәртібімен тоқтатылады. Шектеу бойынша техникалық шараларды байланыс операторлары мен «Мемлекеттік техника­лық қызмет» АҚ-ы қабылдайды», – деді Р.Скляр.

2023 жылы 526, биыл 99 бұзушылық анықталыпты. Олар бойынша 59 хабарлама хаты жіберілді. Жалпы алғанда, ұлтаралық алауыздықты қоздырудың – 45, жалған ақпарат таратудың – 34, митинг-шеру өткізуге шақырудың – 16, сонымен қатар сепаратистік қызметтің, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттаудың деректері әшкереленді.

Бірінші вице-премьер құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша тұрақты негізде мониторинг жүргізілетінін алға тартты. Мысалы, 2023 жыл қорытынды­сында 44 630 заңсыз материал жойылды. Соның ішінде 10 142 заңсыз контент балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпарат болған. 2024 жылы онлайн платформалар өзіндегі 3 432 материалды жойды, оның 2 137 бұзушылығы балаларға қатысты.

Үкімет TikTok-ты бұғаттауға қарсы. Негізгі дәйектеме – қытайлық тұғырнама Қазақстан билігімен ынтымақтасады.

– Заң бойынша біздің еліміздің аумағында қызметті жүзеге асыру үшін онлайн-платформалардың иелері өзінің Қазақстандағы заңды өкілдерін тағайын­дауы тиіс. Заңды өкілдердің тізілімі жүр­гіз­іледі. 2023 жылы Қазақстанда Byte-Dance компаниясына тиесілі TikTok-тың ресми өкілдігі ашылды. Өз кезегінде Tik­Tok платформасы барлық пайдалану­шысы үшін халықаралық құқықтық нормаларға негізделген бірыңғай ережесі мен стандарттарын қолданады, – деді Р.Скляр. 

Депутаттар мұнымен келіспейді. Сенатор Әлішер Сатвалиевтің айтуынша, TikTok-тың қазақстандық сегментіндегі функциялары мен алгоритмдері қазіргі кезде Батыс елдерінде қолданатын қатаң нұсқасымен бірдей болуын талап ету қажет. Роман Скляр онлайн-платфор­малардың өкілдерімен бірлесіп, әрі Қазақ­станның ұлттық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеріп, тұғырнамаларды бейімдеу үшін жұмыс кеңестері өткізіле­тінін жеткізді. 

Қалай болғанда да, бала атаулының бар ықыласы мен ынта-жігері смартфонға ауған заманда әлеуметтік желілерді ұлттық, мәдени, ақпараттық өнімдерді жаһанға тарату, оларды тәрбие құралы ретінде пай­далану маңызды. Ол үшін қазіргі за­ман бәсекесіне сай, талабына лайық, сапасымен сүйсіндіретін қазақтілді кон­тенттің үлесін күрт арттырған абзал. 

Айхан ШӘРІП