Кітап оқитын, руханиятқа біртабан жақын адамдар, қоғамдағы өзгеріс­терге бейжай қарамайтын, кеудесінде ыңылы бар азаматтар жексенбі күні түс ауа Астанадағы Жас көрермендер театрына жиналды, танымал кітапхана­шы, руханияттың жанашыры, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергеннің «Кітапханашы күнделігін» тыңдап қайтты.
Кітапханашы күнделігі
881
оқылды

Кітапсүйер қауым жүрегіндегі сезімдерді қозғап, терең ойларға ерік берді. Керемет кеш болды. Ғазизаның рөлін сомдаған Инабат Риза­бекова киім киісі, жүріс-тұрысы, мәтінді табиғи оқуымен тамсантса, театр актерлары кітаптағы мәтіндерден оқып, ән айтып, адамдарға парасат, білім сыйлаған кітапханашыға деген айрықша құрмет пен зор ықыласты көрсетті. Театр актерлерінің сахнада айтқан халық әндері, заманауи эстрадалық музыка кешіне ерекше көрік берді, зал лық толы жастар әдемі әуенге тербеліп тұрды.

«Жаның тазаланған сайын жалғыздық­ты аңсайсың», «Құлшылықты Құдайды таңғалдыру үшін жасамайық...», «Демалыс алдым, өзімді сақтау үшін, өзіңді сақтау­ың – өзгені сақтауың», «Кітапты алып оқы­ң­ыздар, сондай болып кетпесең де жақ­­сы қасиеттер жұғады», «Бақытты ұр­­ла­ма, бақытты жаса», «Адамды қуантып жүріңіз, өмір – қас-қағым», «Қазір маған оңашаланған ұнайды, кітап оқуға, ойлануға болады», «Өмір – күрес» дегенмен келіс­пеймін, өмір деген жүрегіңмен, жүрек қалауымен өмір сүру емес пе?», «Жамандық туралы тарататындар – өз жанын аямай­тындар...», «Музыкалық театрда жаңа қойылым – «Қоштасқым келмейдіні» көрдім. Көрдім де ішімнен тындым... Тал­антты режиссер Асхат Маемировтің режиссерлігімен қойылған спектакль, әйгілі орыс драматургі А.Володиннің те­рең психологизмге құрылған классикалық туындысы ерлі-зайыптылардың өмірін және олардың күрделі қарым-қатынасын баяндайды. Әлеуметтік мәртебесі, өмірге көзқарасы әртүрлі ажырасуға бел буған сегіз отбасы сотқа жүгінеді... Адасқан тағ­­­дыр­лар, тұңғиыққа тірелген өмірлер түрлі ойға жетелейді, қоғамдағы өзгер­істердің ұлттық менталитетімізге әсері, сеніңше, көп жағдайда адамдардың бір­ін-бірі түсінбеуінен, кітапты аз оқуынан, па­ра­сатқа, ақылға жүгінбеуінен дер едім...».

«Менің ең бірінші мүддем – кітапханаға адамның келуі. Бір келген адамның қай­тып келуі үшін мүдделімін. «Мына жерде әдемі кітапхана бар екен, жұмысты сол жер­дің кофесін ішіп отырып істеу керек» деп келсе қуанамыз» дейтін Ғазиза ханым кітап оқытудың, оқырман тартудың біраз әдісін біледі. Мысалы, өзі басқаратын ака­­демиялық кітапхананың кітапхана­шыларына: «Кітап оқы деп айтпаңыздар, оқытатын әдістеме ұсыныңыздар. Балаға таңертеңгі уақытта он бес минут кітап оқы­тып, статистикасын шығаруды, бала­ны тыңдаушы және пікірін айтатындай қылып үйретем десеңіз, ата-ана өзі-ақ сізге баласын жетектеп келеді. Сол кезде біз: «Оқырманымыз көбейді, кітапхана­шы­лардың біліктілігі бар, айлығын кө­бей­тіңіз, жағдайын жасаңыз» деп айқайлап айтамыз. Аренаға шығу деген осы», – деп айтады. 

Ғазиза ханым кітапханаға адам кел­меуінен, жаңа кітаптар шықпауынан қор­­қады. Егер кітапханаға оқырман аз келсе, оның несі қызық (кітапханаға осы­н­­ша адам келді деп өтірік статистика беріп отыруға да құлықсыз), қалай болғанда да жаңа мүмкіндік, жаңа әдістің бәрін пайда­ланып, кітапхана жұмысын ілгерілету керек дегенді қолдайды.

Бұл – Ғазизаның күнделігінен үзінділер. Оның айналасы туралы, ақын-жазушылар­дың шығармалары туралы, классикалық дүние­лердің дүниетанымды қалай өзгер­те­тіні жайлы айтқан, ойлағандары мар­­жандай тізіліп, ақ қағазға осылайша өрі­ліп жазылған, енді ол кітап болып тара­­лып, адамдарға кітаппен дос болуды, қа­лай оқуды, кімдерді оқуды білуге жете­лейді.

Ғазизаның, әсіресе, өмірден жарқылдап өткен журналист Бейсен Құранбек туралы жазған естеліктері, оның айтқан сөздері оқыл­ғанда көзімізге еріксіз жас келді...

«Ұлттық құрылтай барысында ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көк­ейімде жүр­ген бір арман бар, бұл – тәу­лік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу», – деген болатын. Мемлекет басшысы тіл­ге тиек еткен кітап ордасы Анкара ша­һар­ында орналасқан. Астанада шетелдегідей, мысалы, Париж­дегідей тәулігіне 24/7 режиммен жұмыс істейтін кітапхананың ашы­луын арман­даймын», – дейді Ғазиза Құдайберген. 

Шынында да, Франция Ұлттық кітап­ханасы Парижде орналасқан. Ол әлем­дегі ең бай француз тіліндегі әде­биеттер жина­­ғы­мен танымал. Еуропаның ең көне, ал Фран­ция мен әлемнің ең ірі кітапха­на­лары­ның бірі. Ұзақ жылдар бойы фран­цуз пат­ша­ларының жеке кітап­ханасы болды. Кітап­ханада 2 700 қыз­меткер жұмыс істейді. Сақтау қорында 31 миллион кітабы бар кітапхана жылына 1,3 млн адамға қызмет етеді екен. 

– Кітапханашы кімдермен кездеспейді, алдына кімдер келмейді... Кітапханашы  – жұмыс емес, мамандық. Францияда «Американская библиотека в Париже» деп аталатын 1920 жылы ашылған кітапхана бар, сол секілді «Ғазиза Құдайберген» атты мөрі бар үйімде тамаша кітапхана бол­са деймін. Жалпы елімізде жоғарыда айтқандай, 24/7 режиммен жұмыс істейтін ғажайып сәулетті кітапхана жұмыс істесе деймін, –  деген идеяға толы, жаңашыл кі­тап­ханашы­ның асыл армандары орын­далса, мақсатына жетсе дейміз.

Кітапхана – кітап сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар мәдени-ағарту­шылық мекеме. «Кітапхана тірі болса –  халық та тірі, ол өлсе – біздің өткеніміз бен бола­шағымыз да өледі» дейді Лихачев. Ен­де­ше руханияттың ордасы – театрда жастар кітапты, кітапханашыны құрметтеп, абыройын аспандатып жатқаны, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқу­ға ден қойғаны тек қана қуанарлық  оқи­ға, сондықтан болса керек, адамдарға рухани азық сыйлаған кітапханашылардың еңбегін бағалаған, насихаттаған еліміздегі тұңғыш моноспектакль аншлагпен өтті, біз де бір сәт күйбең тіршіліктен алыстап, рух­ани байып, жанымыз тазарып шық­ты.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ